Бес жылға жоспарланған бағдарламаның алғашқы кезеңі аяқталды. Екіншісі былтырдан бастап 2022 жылға дейін жалғасады деген жоспар бар. Бүгінде «Киберқалқан» шеңберінде Ұлттық координациялық орталық құрылып, киберқауіпсіздік мәселелері бойынша талқы жасайтын арнайы кеңес бар. 2019 жылы Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздікті бұзуға қатысты 21 мың жағдай тіркелген. Оның 17,7 мыңы ботнетке байланысты. Яғни, зиянды бағдарлама жұқтырған компьютерлер желісі. Осы арқылы басқалардың рұқсатынсыз компьютеріне «қонаққа» барып, аралай алады. Ақпараттық қауіпсіздікке қол сұғудың келесі бір түрі – фишинг. Бұл – өзіне керек ақпаратты алу үшін жасалатын шабуыл. Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде фишинг кең таралған. Әсіресе, аккаунттарды тартып алып, банктегі ақпараттарды ұрлау фактілері жиі кездеседі.
Грант саны 11 есе көбейді
Cybersecurity Ventures деректеріне сәйкес, 2019 жылы дүниежүзінде хакерлер шабуылы әр 14 секунд сайын жасалып отырған екен. Келесі жылы бұл жиілік, тіпті 11 секундқа өсуі мүмкін деседі. Сонымен қатар 2021 жылға қарай киберқылмыстардан келетін зардап мөлшері 6 трлн доллар болады екен. Бұл – мамандар жасаған болжам. Әлемге қатер төнгенде біздің елдің де тысқары қалғаны жарамайды. «Қазақстанның киберқалқаны» осы үшін қолға алынды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Ақпаратты қорғау құралдарын енгізу басқармасының басшысы Әсем Мәденова бағдарламаның алғашқы кезеңінің нәтижесі ойдағыдай дейді. «Бағдарламаның орындалуына баға беретін алты көрсеткіштің бәрі толықтай жүзеге асты. Ең басты нәтиже – интернетке шығатын байланыс және телекоммуникациялық желілерінің арнайы ақпараттық бағдарламалық кешендер арқылы қорғалуы. Оны Ұлттық қауіпсіздік комитеті қарамағындағы мемлекеттік техникалық қызмет қадағалайды. Осы алаңда ақпараттық қауіпсіздікті үйлестіретін ұлттық орталық құрылды. Сонымен қатар бүгінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін тоғыз коммерциялық жедел орталық, 2 оқыс оқиғаларға ден қою қызметі ашылды. Бұл шаралар ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуға септігін тигізуі тиіс», – дейді Әсем Мәденова. Бағдарлама аясында кадр тапшылығын шешу де көзделген. Әсіресе, соңғы жылдары сұранысы артқан «Ақпараттық қауіпсіздік» мамандығына түскісі келетін жастарға жол ашық. 2017 жылға дейін, яғни тұжырымдама қолға алынбай тұрып бұл мамандыққа бөлінетін грант пен қазіргіні салыстырар болсақ, 11 есе көбейген. Сала министрлігі өкілінің айтуынша, алдағы жылдары мемлекеттік грант санын 600-ден 2 000-ға дейін өсіру туралы жоспар бар. Ақпараттық қауіпсіздік саласы мамандарының тапшылығы Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде бар.Ел дамыған сайын кибершабуыл да күшейеді
Әсем Мәденованың айтуынша, елдің әлеуеті артқан сайын кибершабуыл арта түсіп, алаяқтардың қызығушылығы көбейеді екен. «Көпшілігі ақпараттық қауіпсіздікке жақсылап ден қойылса, шабуыл азаяды деп ойлайды. Бұл – қате тұжырым. Керісінше, экономикасы, ақпараттық деңгейі неғұрлым жоғары болса, кибершабуыл соғұрлым көбейеді. Бірақ бір айта кететін жайт, есесіне соларға қарсы тұруға қабілетіміз де артып келе жатыр. Оның бір дәлелі – Қазақстан жаһандық киберқауіпсіздік индексінде 82-орыннан 40-орынға көтерілгені. Бұл индекс 93 мемлекет ішінде жүргізіледі. ТМД елдері ішінен тек Ресей мен Қазақстан ғана бар. Тұжырымдаманың екінші кезеңі нәтижесінде бұл индекстен 30-орынға шығуды жоспарлап отырмыз», – дейді басқарма басшысы. Кибершабуылдарды зерттеу және талдау орталығының директоры Арман Әбдірасылов тұжырымдамаға көңілі толатынын, мәселенің қаражатқа ғана тіреліп тұрғанын айтып отыр. «Бүгінде Қазақстанда 350-ден астам инфрақұрылымдық аса маңызды объект бар. Бірақ «Киберқалқан» мониторингіне бірлі-екілі нысан ғана қосылған. Өйткені келісімге келу, бюджет жоспарлау сынды мәселелер бар. Әрі пандемиямен күреске көбірек күш салуы мүмкін. Мінеки, аса маңызды нысан иесінің заңды орындамауына нақты осындай себептер бар. Әлбетте, заңды орындауы тиіс. Бірақ солай екен деп өз қалтасынан қаражат шығармасы анық. Ал мемлекеттік аппарат үш жылдық бюджетпен өмір сүреді. Ол үшін бюджетті қайта бөлу керек. Ал жалпы алғанда, тұжырымдама өте жақсы жасалған», – дейді орталық директоры. Мониторингке қосылуға міндетті аса маңызды объектілерден бөлек, жекелеген компаниялар мен ұйымдар қалауына қарай бірлесіп жұмыс істей алады. Әсем Мәденованың айтуынша, мемлекет бүгінде оларды да ынталандырумен айналысып жатыр. Әйтсе де, тізімге енбеген мекемелердің еркі өзінде. Яғни, клиенттерінің деректеріне қауіп төнбегенін қаласа, жауапкершілік алып, ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуіне болады.Дәмеміз зор, тек мақсат орындалса жақсы
2022 жылға қарай «Қазақстанның киберқалқанын» іске асырудан күтілетін оң нәтижелерге келсек, ақпараттық қауіпсіздік қатері туралы сауат 2018 жылмен салыстырғанда 20 пайызға өсуі тиіс. Сонымен бірге осы салада қайта даярланған мамандар саны 800-ге жетіп, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардағы ақпараттандыру мен байланыс саласындағы бағдарламалық өнімдер үлесі артып, 2017 жылға қарағанда 50 пайызға көбейеді деп күтіліп отыр. Аса маңызды объектілер 2022 жылға қарай толықтай ақпараттық қауіпсіздік мониторингі орталығына қосылуы керек. Киберқалқанның қандай пайдасы бар? Мұндағы мақсат – электронды ақпараттың қай түрін болсын, қорғау. Яғни, интернетте қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп, алаяқтар мен кибершабуылдардан жеке мәліметтерді сақтайды. Бұдан бөлек, халықтың ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мәселесіне қатысты сауаты да артуы керек. Өйткені білместікпен түрлі зиянды бағдарламалар мен күмәнді порталдарға жеке мәліметтерді беретін жағдайлар аз емес. Жоғарыда атап айтқан, фишинг тәсілінде көп мәселе азаматтардың сауатты болуына тікелей байланысты. Жаһандық киберқауіпсіздік индексінде Қазақстанның 40-орын алатынын айттық. Ал халықтың киберқауіпсіздік қатерлері туралы ақпаратты білу көрсеткіші – 63 пайыз, ақпараттық қауіпсіздік саласы қызметкерлерінің қамтамасыз етілуі – 46 пайыз. Биыл бұл көрсеткіш 60 пайызға, 2021 жылы 80 пайыз болып, 2022 жылы 100 пайызға жетеді деп жоспарланып отыр. Демек, киберқалқанды «оқ» өткізбейтіндей ету мақсаты сатылап орындалады.Жадыра АҚҚАЙЫР