Жануарларға жанашырлық танытпай жүрміз

Жануарларға жанашырлық танытпай жүрміз

«Обал» сөзінің қадірі қалмаған ба?

Жануарларға жасалатын қатыгездік тым жиілеп кетті. Осыдан 2 ай бұрын атыраулық азамат иттің басын асқан жауыз­дықпен тоназытқыштың есігіне қысып, қорлық көрсеткен ви­деосы тарап, жұрттың жағасын ұстатқан еді. Осыған ұқсас жағдай  Алматы облысында тіркеліп, екі жасөспірім күшіктерді қап­қа салып, үстіне бензин құйып, өртегені жұрттың есінде. Кү­шіктерді тірдей өртегендердің жасы небәрі он бес-он алтылар шамасында ғана. Маусым айында СҚО Бескөл ауылының 2 тұрғыны туберкулезден қорғану үшін итті сойып, еті мен майын алмақшы болған. Алайда олар­дың әрекетін көршілері байқап, тоқтатқан екен. Қос азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылғанымен, бұл оларға сабақ болмаған сыңайлы. Итті бауыздауға талпынған әлгі адамдардың үйіне барғанда қан мен сою құралдарын көрген. Тәртіп сақшыларына хабар берілгенімен, жаза тек ескертумен ғана шектелді. Мәселен, кеше ғана елордалық жасөспірімнің жоғары қабаттан мысықты лақтырып жіберген бейнежазбасы желіде тарады. Бірер күн бұрын шымкенттік тұрғын елдің көзінше мысықты атып өлтіріп, оны көшеде ұзақ уақыт ұстап бара жатқанын көрдік. Ал Қостанай қаласында мысықты қабырғаға, кейін жерге ұрған 55 жастағы ер адамның әрекеті тағы да жұрттың ашуын туғызды. Бұлар тек соңғы кезде видеоға түсіп қалғандары  ғана. Көз көріп, құлақ естімеген жайттар қаншама? Қоғамда жан-жануарларды атып, асып тастау, жанын қинап азаптау неге жиілеп кетті? Жауап беру қиын. Жануарлардың обалы болатынын, адамзат ежелден бері оларды азаптамайтынын ұмытқан тәріздіміз. Жануарларды қинайтындардың арасында  жасы да, жасамысы да бар. Бесіктен белі шықпай жатып тіршілік иесі азаптаушылардың қылығын балалық деудің өзі қиын. Ал үлкендердің іс-әрекеті мүлде ақтауға келмейді.  Бәрі де кәдімгі қатыгездік.  

Қорлық көргенге қорған бола ала ма?

Десе де, жақын арада жағдай өзгереді деген сенім бар. Олай дейтініміз – қазір Қазақстанда жануарларды қорғау үшін «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп, талқылауға шығарыл­ды.  Жаңа заң бойынша бірінші кезекте жан-жануарларды қор­лаған адамдарға тиісті жаза қатаң­датылып, қатыгездер бас бостандығынан айырылуы да мүмкін. «Жануарларға қатыгездік көрсеткен адамдар туралы хабарлар әлеуметтік желіде жиі жарияланып жүр. Алайда бұл жандарға та­ғайындалатын жаза тым жеңіл. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бойынша бірінші кезекте хайуанаттар бағына қойы­латын талаптарды күшейтуді алға қойып отырмыз» деген еді Экология  министрі Мағзұм Мырзағалиев. Одан бөлек, заң жобасында хайуанаттар бағына қойылатын талаптарды, әр жерде өтіп жататын иттердің төбелесін этикалық тұрғыда жетілдіру, қаңғыбас ит-мысықтарды ату процесін өзгертіп, оларды дезинфекциялау жұмыстары, сонымен қатар жануарларды қорғаудағы азаматтық бастамалар мен зоологиялық волонтерлікті қаржыландыру жүйеленбек. Бұлар жобаға енгізілгенімен, толық пісіп-жетілді деуге келмей­ді. Сөз басында жануарларды қорлаған адамның іс-әрекетіне орай қылмыстық іс қозғалу мүмкін екенін айттық. Бұл өз кезегінде Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізуді қажет етеді. Экология министрлігінің есебі бойынша, ілеспе заңдарға 300-ге жуық жаңа өзгеріс енгізілетін болады.  Бұл – өте күрделі іс. Сондықтан заңның жан-жақты зерделене отырып қабылданғаны жөн болар. Осы уақытқа дейін бізде жан-жануарларды қорғайтын бірде-бір заң болған жоқ.  

Жоба жетілдірілуі керек

Ал қазіргі қолданыстағы заңның әлсіздігін бүгінгі жағдайлар анық көрсетіп отыр. Қазақстанда жануарларды бағып-қағу, қорғау стандарттары жоқ.  Ал көше кезіп қаңғыған ит-мысықтарды жоюдағы ереженің өзі  әр қалада әртүрлі. Бір сөзбен айтқанда, бірізділік жоқ. Жаңа заң жобасы аталған кемшіліктерді түзейді деп айту қиын. Қазірдің өзінде сыни қөзқарастар айтылып жатыр. Жаңа заң жобасы бойынша бұдан былай қанғыбас, ауру иттер бірден атылмайды. Оларды мамандар кем дегенде екі ай емдеп,  нәтиже болмаған жағдайда ғана ешкім жоқ жерде атады. Ал егер осы ереже сақталмай, өзге де қорлық фактілері тіркелген жағдайда жазасын қатаңдату керегі жөнін­де ұсыныс айтылған. Қоғам белсендісі Қайрат Ер­болсынның сөзінше, ол үшін  Қылмыстық кодекстің 316-бабына толық­тырулар енгізу қажет. «Егер адам жануарға қорлық көрсетсе, әкімшілік хаттама толтырылып, оған 200 АЕК көлемінде айып­пұл салынып, не болса 60 тәулік­ке дейін қамауға алынса деген ұсынысымыз бар», – деді Қайрат Ерболсын. Осы бағытта назардан тыс қалған мәселелер де жетерлік. Inucobo жануарларды қорғау жөніндегі республикалық қауымдастық басшысы Лилия Сәрсенова өңірлерде қаңғыбас жануарлардың саны артқанына алаңдаулы. Оның сөзінше, соңғы бес жылда  ішінде қаңғыбас жануарлар саны 21 пайызға өскен. Ал сол хайуандарды аулау мен жоюға бөлінетін бюджет қаражаты екі есе өскен. Бұл нені білдіреді? Әкімдіктер жануарларды аулау мен жоюға бюджеттен алатын қаражатты жыл сайын өсіріп келеді. Ал жұ­мыс нәтижесі көрінбейді. Оның үстіне, тиісті қаржының орынды жұмсалуына байланысты күмән арта түседі. Жалпы, жануарларға қатыгездікпен қарау мәселесі күрделі. Ол балалар тәрбиесімен, педагогика, этика, ақпараттық, қоршаған ортаны қорғау және қылмыстық-атқару саясатымен тығыз байланысты. Сондықтан жануарларды қорғауды мектеп бағдарламасына енгізу қажет деген ұсыныс айтушылар да аз емес. Өкінішке орай, жануарларға жасалатын қиянат азаяр емес.   Түйін:

Түркияға сапарлап барғаны­мызда аялдамадағы бір хабар­ландыруға көзіміз түсті. Онда мысықтың суретімен бірге былай деп жазылған еді: мысық­тың өкпесі ауырған. Көп антибиотик қолданды. Қазір жағдайы жақсы. Басқа қалаға көшуімізге байланысты бұл мысыққа қарай алмаймыз. Сол үшін оны қамқорлықтарыңызға алуларыңызды сұраймын.

Бұдан үй жануарына деген үлкен қамқорлық пен оларға деген жауапкершілікті аңғаруға болады. Ал жоғарыда тізбелеп өткен оқи­ғалардан кейін бізде мұндай көз­қарастың қалыптасуына көп уақыт қажет екенін түйсінгендей болдық. Үй жануарларын мәпелеп отыруға біздің менталитет келе қоймас. Алайда қамқорлық та­нытпасақ та, қатыгездіктен тыйы­латын кез келген секілді. 

 

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ