Саяси дода ашық және әділ өтуі тиіс
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбеков алдағы партияішілік іріктеу додасының ашық, әділ әрі жоғары бәсекелестік жағдайында өтетініне сенім білдірді. Өз кезегінде мәслихат депутаты: – Праймериз «Nur Otan» партиясының халықтық партия екенін көрсететін шара деп білеміз. Жергілікті жерлерде оны насихаттау мақсатында біз праймериздің қағидат-ережелерімен, мақсат-бағыттарымен толық таныстық. Құдай қаласа, партияішілік іріктеу жұмыстары арқылы Парламент Мәжілісіне, облыстық, жергілікті мәслихаттарға елдің сөзін айта алатын, халықтың ойынан шығатын мықты азаматтар барады деп кәміл сенеміз. Праймеризге қатысу арқылы әр азамат өзінің ұстанымын жеткізе алады. Депутат ретінде айтсам, өкінішке қарай арамызда проблемасыз ауылда өмір сүріп жатқандай үні естілмейтін әріптестеріміз де бар. Солардың орнын ел мүддесін ойлайтын азаматтар басуы тиіс, – дейді. Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі таңда әлем елдерінде праймериздің бірнеше түрі қалыптасқан. Атап айтсақ, ашық, жабық, аралас және байқау форматында. Осыған дейін «Nur Otan» партиясы саяси додаларда байқау нұсқасын қолданып келген. Мысалы, ашық праймеризді Ресей, Аргентина, Франция, Италия сияқты елдерде қолданады. Жабық праймериз Канада, Германия, Түркияда дамыған. Қазақстанда қолданылғалы жатқан праймеризді классикалық сипаттағы жабық түрі деуге тағы болмас. Себебі ашық праймериздің кейбір элементтері отандық форматқа енгізіліп, бұл өз кезегінде елдегі жағдайға икемделген әрі либералды-демократиялық сипатқа ие формаға айналған. Партияға кіру жолы жеңілдетілген. Әрине, адам өзін бұл додаға еркін ұсына алады. Бірақ кейін партияға кіруі тиіс. Азамат өз кандидатурасын ұсынған күннен кейін небәрі 3 күнде партияға қабылдана алады. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Журналистика және саясаттану факультеті саясаттану кафедрасының профессоры Наталья Калашникова қоғамды «жабық праймериз» деген термин алаңдатып отырған соң бұл сөзді қолданудың қажет емесін айтады. Себебі еліміздегі саяси дода үлкен жаңашылдық боп тұр. Профессор Наталья Калашникова былай дейді: – Ресейдің праймеризді ашық өткізу тәжірибесі бар. Әрине, онда техникалық ақаулар мен ақпараттық шабуылдар да болды. Сол себепті «Nur Otan» партиясының праймеризді жабық түрде өткізетіні дұрыс деп білемін. Бірақ қоғамды дәл осы «жабық» сөзі алаңдатып отыр. Осыдан кейін «бәрі алдын ала шешілген» дегендей қаңқу әңгіме тарады. Сондықтан «жабық» сөзін алып тастауымыз керек. Өйткені бұл «Nur Otan» партиясы енгізген жаңа тренд, мүлдем жаңа форма! Мұны көптеген саяси партиялар зерттеп жатыр. Маған бұл ұстаным жақын. Ең алдымен біз докторантура, магистратурада нәтижелер негізінде арнайы курс енгіземіз. Бұл – өте маңызды, себебі саяси мәдениет болашақ саясаттанушыларымыз үшін аса қажет. Ендігі кезекте магистрлік, докторлық диссертациялық жұмыстардың жаңа саяси сайлау технологиясына бағыт алары сөзсіз, – дейді. Маманның айтуынша, 17 тамызда саяси дода қызу басталғанға дейін праймеризді демократиялық сайлау технологиясы ретінде алға жетелеп жатқан азаматтар халықты көбірек ақпараттандыру ісіне жұмылуы керек.Квота: әйелдер құқын шектеу ме, әлде мүмкіндік беру ме?
Статистикаға сенсек, бүгінде сайлауда квота бөлу бастамасы көп елдерде кездеседі. Мәселен, Қазақстанда сайлаушылардың 46 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар, бірақ олардың жергілікті билікке тартылу деңгейі 2 пайыздан аспайды. Сайлаушылардың 63 пайызы әйелдер, бірақ үкіметтік өкілдік органдарында олардың үлес салмағы 12 пайыздан аспай тұр. Сондықтан сарапшылар квота бөлуді – халықтың белгілі бір өкілдерінің саясатқа келуін ынталандыру деп санайды. Соның ішінде көпбалалы аналарға билік органдарына неге тартылмасқа? Бірақ квота бөлу ісін кейбір сарапшылар қолдамайды екен. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Белла Газдиева: – Кезінде біз Шотландияның тәжірибесін зерттеген едік. Бұл елде де әйелдерге квота бөлінеді. Бірақ меніңше, жынысына қарап квота бөлуге болмайды. Маған басшым «Сіз әйел емессіз, сіз әкімсіз» дейтін. Әйел болғаным үшін қандай да бір жеңілдіктердің қарастырылуы дұрыс емес. Соған қарамастан бұл әлемдік тренд. Бұл тұрғыдан біздің дамыған елдермен бір қатарда келе жатқанымыз мақтанарлық. Десе де, біздің елімізде әйелдер Парламентте көп орын алған. Сондықтан квота мәселесі керісінше әйел құқын шектеу емес пе? Неге ерлерге квота бөлмеске? – деп жиналғандарды бір күлдірді. Сонымен қатар Белла Газдиева алдағы праймеризге қатысатынын жеткізді. Профессор Наталья Калашникова да бұл мәселеге үн қосты. Оның айтуынша, Қазақстанда әйелдер қауымы Парламенттегі Мәжіліс пен Сенатта, атқарушы органдарда баршылық, яғни әлемдік шекті стандартты сақтап отырмыз. Мәселен, Кореяда қандай да бір партия не ұйымда бірде-бір әйел болмаса, онда оларды сайлау шарасына тіркемейді екен. «Ауыл – мемлекет тірегі» жобасының негізін қалаушы Дмитрий Корепанов: – Праймериз – Қазақстан саяси жүйесінің дамуындағы жаңа кезеңі. Қазір саясат аренасы мен азаматтық қоғамға жаңа тұлғалар мен жаңа формациялар қажет. Өкінішке қарай, пандемия ел өміріне кері әсер етті, бизнесті шайқалтты. Сондықтан әлемде болған жағдайдан елді қиындықсыз шығаратын саяси тұлғалар қажет-ақ, – дейді. Сондай-ақ сарапшы алдағы праймеризге қатысып, ауыл халқына көмектесу бағдарламасын ұсынғалы жатыр екен. Ол ешқашан да ауылды тастап кетпейтінін жеткізді. Ал «Nur Otan» партиясының хатшысы Әлібек Әлденей: – Саяси доданың ашық және бәсекелестік жағдайында өтуі – партиямыздың басты мақсаты. Сондықтан праймериз ашық әрі әділ өтуі керек. Ол үшін біз арнайы тетіктерді қарастырдық. Ол – партиялық бақылау комитеттері. Бұл комитеттер әр өңірде, орталығымызда, республикалық деңгейде еліміздің беделді азматтарынан құралған. Олар ішкі саяси доданың таза және әділ өтуін қадағалайды. Егер кез келген кандидат немесе дауыс беруші тарапынан арыз түссе, ол қабылданып, тиісті шаралар қабылданады. Сонымен қатар «Nur Otan» партиясының жақтастары лигасы да құрылған. Оған да еліміздің белсенді азаматтары кіреді, – дейді. ҚХА төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов праймериз арқылы депутаттыққа «мүмкіндігі мен билікте аға-көкесі бар адамдар»емес, нағыз адал, елге жақын азаматтар келеріне кәміл сенеді. Заң шығарушы органдарға кәсіби білікті азаматтар көбірек тартылса, қоғамда наразылық та азаюы тиіс. Ассамблея өкілі Дилярам Абдимитова да алдағы праймеризге қатысып, жастарға арналған квотаны пайдаланғысы келетінін жеткізді. Оның айтуынша, бұл – жастарға беріліп отырған үлкен мүмкіндік.К.ӘЛІМ