«Нұрлы жермен» шұрық-тесік көгерген үй алған тұрғындар ипотека төлеуден бас тартпақ
«Нұрлы жермен» шұрық-тесік көгерген үй алған тұрғындар ипотека төлеуден бас тартпақ
Фото: Интернеттен алынды
405
оқылды
Пайдалануға берілгеніне бір жыл болмаған үйлердің тоз-тозы шығып, тұруға жарамсыз болып қалған. Жаңа аудандағы 27 және 31-үй тұрғындары бас көтерді. Олар баспаналардың сапасыз құрылысына наразы.
Тараз қаласының тұрғыны Айымбүбі Қалтайқызы: «Сапасы нашар. Тиіп кетсең, плиталардың бәрі түсіп қалды. Ас бөлмедегі плита ұстасаң, аяғына қирап түсіп жатыр», – дейді.
Пәтерлер ипотекамен үлестірілген. Елдің алды мұнда жеті ай бұрын қоныстанса, соңғылары үш күн бұрын келген. Бірақ жұрт енді бұл үйден баспана алғанына өкініп отыр.
Тараз қаласының тұрғыны Айымбүбі Қалтайқызы: «Ваннада крандардың бәрі істемейді. Залда жарық жоқ. Электрик шақырып оны істеттік. Бәріне мамандарды шақырып істетіп жатырмыз», – дейді.
Тұрғындардың айтуынша, үйдің бәрі шұрық-тесік. Тіпті жауынды күні балконға аққан су бөлмелерге кіреді екен. Қабырғасы жаппай көгерген. Зең сасыған иістен тыныс алу мүмкін емес. Шенеуніктердің пәтерлерді дәл осы күйде пайдалануға неліктен бергені түсініксіз.
Тараз қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Шыңғыс Әлиасқар: «Кепілдік аясында мердігер мекеме тұрғындарға барынша жөндеу жұмыстарын істеп береді. Ешқандай мәселе жоқ. Келіп бізге арыз қалдырса, бір аптаның ішінде кемшіліктер жойылады», – деп отыр. 
Шулаған жұрт жағдайды реттеуге билік өкілдеріне бес күн уақыт берді. Талабы орындалмаса, ипоттеканы төлеуден бас тартып, әкімдік пен мердігерді сотқа береміз дейді.