Әңгіменің әлқиссасын арыдан бастасақ, өткен жылы Жамбыл облысы әкімдігі көпбалалы аналарға көп көңіл бөліп, оларды баспанамен қамту мәселесіне баса назар аударған-ды. Содан дүниеге жаңа жоба келіп, көпбалалы аналарды уақытша жатақханамен қамту бастамасына жан біткен. Осылайша, өткен жылдың аяғында әкімдік алдын жағалаған аналар баспанаға қарық болып, жаңадан соғылған көпқабатты үйден бір-бір пәтер иемденіп қалған еді. Сол тұста жергілікті билікке айтылған алғыс та, аналардың жүрекжарды лебізі де лек-легімен төгілген. Әрине, мұндай қуанышты көріп, билік те бұқара алдында басын бір көтеріп қалған еді. Алайда араға жыл салмай аталған үйлер заңсыз берілгенін құзырлы мекеме анықтап отыр. Мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті мен «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі әшкере қылды.
Қаулы төңірегіндегі түйткіл
Негізі, бұл мәселе әуелі «Адал көмек» акциясы аясында «Аntikor орталығында» елімізге танымал адам құқықтары жөніндегі қорғаушы А.Умарованың қоғамдық қабылдауында айтылған. Сол кезде тұрғындар тарапынан тұрғын үй мен жатақхананың кезексіз берілуі туралы шағымдар қарша бораған болатын. Осыған орай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесіп Тараз қаласында тұрғын үй беру қызметіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізген. – Біз ең әуелі Тараз қаласында коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайларды алуға мұқтаждар кезегінде тұрған азаматтардың тізімін анықтадық. 2005 жылдан бері санаттар бойынша тұрғынжай алуға кезекте тұрған азаматтардың саны 13 138 адамды құрады. Өз кезегінде тұрғынжай алуға есепке тұрғандардың динамикасына қарайтын болсақ, 2016-2018 жылдар аралығында әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға жататын орта есеппен 870 азамат тіркелген. 2019 жылы өтініш берген азаматтардың саны 1 239-ға жетіп, 42 пайызға өскен. Сол сияқты көпбалалы отбасылар санатына 2016-2018 жылдар аралығында орта есеппен 152 азамат тіркелсе, 2019 жылы 837 азамат өтініш берген. Яғни, көпбалалы отбасылар санатына тіркелгендердің саны 4,5 есеге өсіп кеткен. Алайда нақты заңмен белгіленген тәртіпке қарамастан, Тараз қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 29 қарашадағы №4 194 қаулысымен «Мемлекеттік қордан пәтер алу кезек тізімінде тіркелген азаматтарға уақытша тұру мақсатында жатақханадан бөлме берудің ішкі тәртіп ережесін» бекіткен. Аталған ережеге сәйкес, мұқтаждар тізімінде тіркелген азаматтардың ішінен қосымша өтініш қабылдау арқылы 2019 жылы 180 азаматқа уақытша тұруға тұрғынжай (54-57 шаршы метр бөлмелер «Қарасу» шағынауданы, №20 үй (1,2,3 және 4 корпус)) берілген, – дейді «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Назима Дәрменқызы. Бұдан бөлек, зерделеу Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің 2020 жылғы 22 мамырдағы №498 хатымен ұсынылған ақпаратқа сәйкес ереже көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтардың наразылықтарын сейілту мақсатында жатақханадан 180 отбасыға демеушілік жасау негізінде туындағанын және жатақханадан бөлме беру тәртібі заңның 67, 68, 74, 75 және 76-баптарына сүйене отырып жүргізілгенін анықтап отыр. Алайда ереже негізінде берілген тұрғынжай (жатақханадан берілген бөлме) заңмен белгіленген кезектілікті мүлде сақтамаған. – Атап айтсақ, 2005-2018 жылдар аралығында көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтар санаты бойынша 8 099 азамат кезекте тұрғанымен, жатақханадан бөлме берілген 180 отбасының 57-сі коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжай кезегіне тек 2019, яғни жатақханалық үйлер жаңадан салынып жатқан жылы тұрған. Сол сияқты 2020 жылы «Арай» массивінен пайдалануға жоспарланған тұрғынжай (жатақханадан берілген бөлме) алуға мұқтаждар тізімінде тіркелген азаматтардың ішінен өтінішті 717 азамат білдірсе, соның 197-сі тізімге 2019 жылы тіркелген. Сонымен қатар облыстық Әділет департаментінің ұсынған ақпаратына сәйкес Тараз қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 29 қарашадағы №4194 қаулысымен бекітілген «Мемлекеттік қордан пәтер алу кезек тізімінде тіркелген азаматтарға уақытша тұру мақсатында жатақханадан бөлме берудің ішкі тәртіп ережесінің» мемлекеттік тіркеуге ұсынылмағаны және құқықтық сараптамадан өтпегені белгілі болып отыр. Ал ең сорақысы – жатақханалық үйлер салынып жатқан жылы ғана үй кезегіне тұрғандар баспанамен қамтылып, 2005 жылдан бері кезекте тұрғандар мүлде ұмыт қалып кеткен. Мәселен, 2010 жылдан бергі тоғыз жылдың ішінде тек бір ғана жетім бала үйін заңды кезекпен ала алған. Осындай өрескел заңбұзушылықтарды көріп, біз Тараз қаласы әкімдігіне тұрғын үйді заң талабымен бекітілген кезекпен беру туралы ұсынымызды жолдадық. Әкімдік келтірілген дәлеліміздің бірқатарымен келісіп, биыл «Арай-2» алқабынан берілген үйлерді тек заңды кезекпен берді. Сондай-ақ алдағы уақытта заң талаптарын қатаң ұстануға ант су ішіп отыр, – дейді «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Назима Дәрменқызы. Негізінде, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңда ел азаматтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайды немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғынжайды тiзiмдерде белгiленген кезек тәртібімен беру ғана көзделген. Сонымен қатар тұрғынжайды мұқтаж азаматтарға уақытша беру нормалары аталған заңда қарастырылмаған. Алайда облыс әкімінің шығарған қаулысына байланысты қала әкімдігі жаңадан салынған үйлердегі пәтерлерді кезекке қарамай, шүленше үлестіріп тастаған сыңайлы. Ал ең қызығы, 2019 жылғы 29 қарашадағы №4194 қаулыны қала басшылығы Әділет органына тіркеуді мүлде ұмыт қалдырған. Сол себепті былтырғы үйлер заңсыз берілгенін тексеріс тобы айтып отыр.Қала әкімдігі не дейді?
Бұл мәселеге қатысты Тараз қаласы әкімдігінің айтар өз уәжі бар. Олардың сөзіне сүйенсек, бәрі заң шеңберінде жасалған көрінеді. – Облыс әкімінің тапсырмасымен былтырғы жылы баспанаға мұқтаж азаматтарға 8 жатақханалық үлгідегі үй тұрғызу көзделген болатын. Соның біз төртеуін салдық. Аталған үйлерге мұқтаж жандарды орналастыру үшін ереже бекітіліп, сол бойынша келіп түскен 401 өтінішті толықтай зерделеп шықтық. Нәтижесінде 180 адам баспаналы болды. Оның ішінде көпбалалы аналарға басымдық бергеніміз рас. Себебі сол тұста көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамту бірінші кезекте тұрған болатын. Былтыр пәтерлі болған 57 көпбалалы ана 2019 жылы кезекке тұрды дегенмен келіспеймін. Себебі олар оған дейін толық емес отбасы сынды кезекте болған. Алайда жаңа ережеге байланысты санаттарын ауыстырды. Бірақ арасында қалалық тіркеуге жаңадан тұрған аналар да кезікті. Қаулы мәселесіне келер болсақ, оны біз әділет органына тіркеуге міндетті емеспіз. Себебі ол қалалық комиссияның отырысында мақұлданған. Десе де, биыл прокуратура мен агенттіктің тексерісінен кейін ереже күшін жойып, жаңадан салынған үйлердегі пәтерлерді тек кезекпен бердік. Яғни, биылға өтінім берген 197 азаматтың өтінімі қанағаттандырылған жоқ. 2010 жылдан бері бір ғана жетім бала өз кезегімен үй алды деген ақпарды да жоққа шығарғым келеді. Қаңтар-ақпан айының өзінде біз төрт үйді пайдалануға берсек, заң бойынша соның 20 пайызы жетім балаларға үйлестірілді. Бір сөзбен айтқанда, қала әкімдігі тарапынан үй беру кезінде ешқандай заңбұзушылыққа жол берілген жоқ, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев. Тұрғын үй саласына жауапты маманнан осындай жауап естідік. Ғазиз Нұрланұлы ереже күшін жойса да, былтыр баспаналы болған 180 азаматты тұрғын үйден шығарып тастай алмайтынын ашып айтуда. Алайда биылға өтінім берген 197 азамат кезектен тыс үй алмайтыны анық болып тұр.Қызметтік пәтердің қызығын кім көріп жүр?
Негізі, мұндай мәселе жуырда қызметтік үйлерге қатысты да туындаған. «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің зерделеуі небір сұмдық пен қулықтың беті ашқан-ды. Атап айтсақ, қызметтік үйді алып алып, өздері тұрмағаны былай тұрсын, жалға беріп қойған жайттар да тіркелді. Мәселен, №13 ықшамаудандағы Ш. және Г. есімді азаматтарға берілген пәтерлер қаңырап бос тұр. Ал «Арай-2» алқабындағы қызметтік пәтерді басқа біреудің жалға алып тұрып жатқаны анықталған. «Астана» ықшамауданындағы қызметтік пәтерді келісімшарты жоқ «ҚазАвтоЖол» мекемесінің директоры иемденіп алған. Бұл аз десеңіз, №13 ықшамауданындағы қызметтік пәтер 2009 жылы жекеменшікке аударылып кеткен. Тексеріс нәтижесі анықтағандай, 2016 жылы пәтер уақыты аяқталғанымен, әлі күнге «Тұрғын үй коммуналдық» мекемесінен тіркеуден алынбаған. Және коммуналдық төлем уақыты өтіп кетіп, пәтер есігіне ескерту қағаздары мен төлем чектері жиналып қалған. «Бәйтерек» ықшамауданындағы тағы бір қызметтік пәтер де жалға беріліп кеткен. «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық офисінің жетекшісі Назима Дәрменқызының айтуынша, аталған фактілер бойынша жауапты азаматтарға ескерту жасалған. – Біз тек зерделеу жұмыстарын жүргізуге құқылымыз. Ал аталған фактілер бойынша жауаптыларды жазалау басқа мекеменің құзыретінде. Десе де, зерделеу қорытындысы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа жолданатын болады, – дейді офис жетекшісі. Әрине, «жұмыртқадан жүн қырқып», бас пайдасын ойлаған мұндай мамандарды қатаң жазалау керек. Өзі тұрмағаны былай тұрсын, жалға беріп қойғанына не дейсің? Үйсіз-күйсіз қанша мұқтаж жан жетім бұрышты жағалап жүргенде, бұлардікі енді барып тұрған басынушылық. Жобалық офис мамандарының айтуынша, қызметтік пәтерлердің дені лауазымды тұлғаларға берілгендіктен, олар көп нәрсені ашып айта алмай отыр екен. Бірақ Тараз қаласы әкімдігі қазір облыс орталығындағы 108 қызметтік үйге тексеріс жүргізіп жатқандарын айтады. – Қызметтік пәтерді қызметкерге емес, мекемеге береміз. Одан кейінгі мәселеге мекеме басшысы жауапты. Бір басшы ауысып, оның орнына басқасы келетіндіктен, қызметтік үйді рәсімдеу жағынан кемшіліктер орын алып жататыны рас. Сол себепті қазір біз жіті тексеру жұмыстарын жүргізудеміз, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев. P.S. Байыбына бармай байбалам салудан аулақпыз. Алайда тұрғын үй саласында осындай олқылықтар мен кикілжіңдердің туындауы жақсылық емес. Әсіресе, көпбалалы аналар мен мұқтаж жандарды баспанамен қамтуда сауысқандай сақтық пен қырандай қырағылық қажет. Әйтпесе, тұрғын үй тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетуі бек мүмкін. Бұл тұста біз біреудікі дұрыс, әлде бұрыс дей алмаймыз. Алайда «жел тұрмай шөптің басы қимылдамайтыны» белгілі. Сондықтан бұл мәселеге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жіті көңіл бөліп, «жүгенсіз» кеткендерді жөнге салады деп сенеміз.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы