Іс-шаралар жоспарына бағдарламаның және қоғамдық сананы жаңғыртудың басым бағыттарын қамтыған түрлі форматтағы 204 шара енгізілді. Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 2020 жылға арналған жоспарына талдау жүргізгенде сапалы жұмыс жүргізген 6 аймақтың қатарында Қызылорда облысы енгізілген болатын. 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында қалалық, аудандық әкімдіктер мен облыстық басқармалардың ұйымдастыруымен 963 шара өткізілді. Демеушілер мен меценаттар есебінен 119,5 млн теңге қаржы тартылған. Масс-медиада 1978 мақала мен сюжет, репортаж жарық көріпті. Сөйтіп, бағдарламаның орындалу барысын көпшілікке жеткізу бағытында әжептәуір іс тындырылса керек. Әрине, коронавирус пандемиясының көңілдегі біраз ойды өзгерткені анық, дегенмен әлеуметтік желілердің қуатын пайдалану тұрғысынан заманның осынау сын-қатері баршамызды шыңдады. Оны «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға жауапты құрылымдардың басшылары да біліп отыр. Айталық, «Рухани жаңғыру» орталығының ресми сайты (syr-eli.kz) іске қосылып, Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінде парақшалары жұмыс істеуде. Мәселен, Facebook, Instagram-дағы ресми парақшаларда ұмыт болған салт-дәстүрлер, ұлттық тағамдар мен ұлттық киімдердің тарихы туралы постерлер жарияланып келеді. Интернет-ресурстарда өз саласы бойынша жетістікке жеткен, жастарға үлгі боларлық азаматтарды танымал ету, қызметін, еңбек жолын жастар арасында насихаттау мақсатында YouTube-те «Тұлға» айдарымен 20 бейнеролик түсірілді. Кейіпкерлеріміз Facebook парақшамызда және аудандар, ауылдық елді мекендерден сауалнама жүргізіп таңдалды. Олардың ішінде білім, полиция саласының ардагерлері, кәсіпкерлер, еңбек династиялары, медбике, қолөнершілер мен қарапайым жұмысшы механизатор да қамтылды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанынан құрылған «Рухани жаңғыру» институты 2019 жылы іске асырылған «Сәтті жобалар» жинағын шығарған болатын. Аталмыш жинаққа біздің облыстан Қорқыт ата мұрасын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында 3 тілде шығарылған «Қорқыт атаның даналық сөздері» кітабы мен «Ізденіс» жасыл академиясының жастарды бау-бақша өнімдерін өсіру арқылы еңбекке баулу жобалары енгізілді. Қазір балалардың дене еңбегімен аз шұғылданатыны жасырын емес, осы олқылықтың орнын толтыру үшін алдағы уақытта аталмыш академияның тәжірибесі облыстағы барлық мектепке таратылды. Осы ретте бұған дейін орталықтың ресми парақшаларында «Ең үздік пост» байқауы жарияланып, жеңімпаз анықталды. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін «Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге» және «Туған өлкем – байлығым!» атты байқаулар өткізілді. Қазіргі таңда орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау, кәсібилікті арттыру мақсатында «Сыр өнімі» атты байқауы және ұлттық бірегейлікті айқындайтын тәрбиенің оң ықпалын насихаттап, ұлттық байлығымыз саналатын домбыра аспабын ел арасында насихаттау мақсатында «Қазағымның жанысың сен, домбыра» челленджі өткізіліп жатыр. Бұған қоса, 31 мамыр – қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Қазақ зиялылары және зұлмат жылдар» атты зиялы қауым өкілдерімен, тарихшылармен онлайн форматтағы кездесу және «Абай шығармалары – ғасырлар биігінде» республикалық онлайн семинары өткізілді. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Атамның аманаты» атты бейнероликтер топтамасы дайындалып, көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ тәрбие берудің сапасын арттыру арқылы адами капиталды күшейту мақсатында «Тәрбие академиясын» құру арқылы жүзеге асыру көзделген «Дәстүрлі прогрессивті отбасы институтын жаңғырту» тақырыбындағы Жол картасы облыс әкімдігіне қарауға ұсынылды. Қызылорда облысында бағдарламаны іске асыру жөніндегі 2020 жылға арналған кешенді іс-шаралар жоспарына сәйкес алда біраз жоба жүзеге асырылуы керек. Атап айтқанда, «Экология және жастар» тақырыбында шетелдік әріптес жоғары оқу орындарының жастарымен телекөпір, NEET жастар арасында «Өмірлік дағдыларды қалыптастыру» тақырыбында барлық ауданда ерікті психологтар тобының курсын өткізу,еріктілер қозғалысын дамыта отырып, «Туған жер» арнайы жобасы аясындағы шараларға халықтың өзге де әлеуметтік топтарын қамту, облыс бойынша демалыс орындарында «Көне аспаптар сыр шертеді» жобасын іске асыру, «Ертегі – тәрбие берудегі ізгіліктің бастауы» атты ертегі айтушы әжелердің байқауы тәрізді жобалар жүзеге асырылады. Бір сөзбен айтқанда, Сыр өңірі іс жүзінде рухани тұрғыда жаңғырып келеді. Әрі жоспарланған іс-шаралар тек облыс көлемімен шектелмейді. «Отандастар» қорымен бірлесе отырып, шетелдердегі (Швеция, Норвегия, Финляндия) қазақ диаспорасы өкілдерімен мәдени байланыс орнату жоспарланған. Сәтін салса, бұл жоба да сәтті жүзеге асырылар деген үміт бар. Бұл өз кезегінде рухани тұрғыда жаңғырып, сілкіну жаһандағы бар қазақты сергітер бастама екенін көрсетіп отыр.
Миуа БАЙНАЗАР