Көктемде төтенше жағдай енгізілгенде таныстары Бақытбекті әкімдік жанындағы еріктілер штабында бірге жұмыс істеуге шақырады. «Осындай қиын кезде елге көмегім тисін» деп ойлаған ол ұсынысты қабылдайды. Сол кезде олардың айналысқан жұмысы мұқтаж жандарға азық-түлік жеткізу болды. Арнайы қорғаныш киімдерін киіп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарға азық-түлік жеткізетін еріктілердің жұмысы қауырт. Берілуге тиіс азық-түліктерді реттеп, бөліп, тиісті мекенжайларға жеткізу үшін таңертеңнен кешке дейін, кейде тіпті түнімен еңбектенуге тура келеді. Осындай қарбаластың бел ортасында Бақытбек те жүрді. Мыңдаған еріктімен бірге екі айға жуық жұмыс істеді. Сосын Модульді жұқпалы аурулар ауруханасы ашылған кезде ол да сол жерге шақырылғандардың қатарында болды. Жұқпалы аурулар ауруханасында жұмыс істеу үшін олар екі аптадай арнайы тағылымдамадан өтті. Құжаттар жинады. Коронавирустың бар-жоғын анықтауға тест тапсырды. Сосын әрі қарбалас, әрі жауапты іске кірісіп кетті.
«Мен үшін бұл өмір мектебі сияқты, себебі әскери борышымды өтеген жоқпын, еден жумадым. Осыған дейін шығармашылықпен айналысып, тойда ән айттым. Ал карантин кезінде жұмыс тоқтады, сондықтан уақытша санитар боламын деп шештім. Мұның өте қауіпті екенін білемін. Көптеген досым ауырып қалды, мен де ауруханада жүріп коронавируспен ауырып шықтым», – дейді ол.Індетке қарсы қорғаныш киіммен жұмыс істеу оңай емес. Барлық жері барынша қымталған арнайы киімімен 4-6 сағат, кейде әріптестерінің мазасы болмай қалғанда солардың орнына да жұмыс істеп 8-9 сағат бойы жүруге тура келеді. Бақытбектің санитар ретіндегі міндеті – «лас аймаққа» тамақ апару, палаталарды таза ұстау, пациенттердің төсек-орнын реттеу, көрпе-жастығының тысын ауыстыру, тоңазытқыштарды сүрту, кварцты жарты сағаттан күніне төрт рет, науқастардың өтінішіне қарай желдеткішті қосу. Ауруханада жұмыс істеу оған қандағы қантты, оттегіні тексеріп қана қоймай, дәрі тамызғышты ауыстырып, еден жууды, сонымен қатар уақыт пен туыстарын да бағалауды үйретті. Бақытбек ауруханаға санитар болып жұмысқа орналасқанын алғашында туған-туыстарына айтпаған. Оларды уайымға салғысы келген жоқ. Арада шамамен бір ай өткенде үй-ішіне өзінің не істеп жүргенін айтқанда әкесі біраз реніш білдірді. Дегенмен ол енді кері қайтпайтынын, бұл өз таңдауы екенін түсіндіруге тырысты. Әрине, ата-ана үшін баласының денсаулығынан, оның аман-сау болғанынан артық ештеңе жоқ. Бақытбек жақындарының ештеңеге мұқтаж болмай, өзін мақтан тұтуын қалайтынын айтады. Ол қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі КамАЗ көлігінің жүргізушісі болса, анасы тәрбиеші-күтуші болып еңбек етеді. Олар – бес ағайынды. Үш айдан бері үйге бармаған ол қазір қонақүйде тұрып жатыр. Бір жақсысы, қазір техниканың дамуына байланысты олармен бейнебайланыс арқылы тілдесіп отыруға мүмкіндік бар. Шығармашылық адамы болған соң, ән айтудан қол үзіп қалған жоқ. Емделіп жатқан науқастардың өзі Бақытбектің әнші екенін жақсы біліп алған. Өйткені науқастардың көңілін көтеру үшін арасында оларға ән салып, кейде Абай мен Пушкиннің өлеңдерін оқып береді. Науқастармен барынша ашық болуға, оларға жылы сөйлеп, дем беруге тырысады. Оның айтуынша, бұл жұмысты істеп жүргендегі ең қиыны – дәрігерлер барын салып емдегенмен, кейбір науқастар өмірден өтіп жатқанын көзбен көру. Сахналық киімді қорғаныш киіміне алмастырған жігіттің қазіргі жұмысы оңай емес. Дегенмен қаншама адамның алғысын алып жатқаны оның көңіліне демеу болады. Бақытбек Бәкір Тәжібаевтің сөзіне жазылған Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әнін нақышына келтіре орындайды. Әлеуметтік желідегі парақшасына кіріп көргенімізде оған өзіміз де куә болдық. Көп жиын-тойларды осы әнді орындауын сұрайды. Ол карантин аяқталған соң шығармашылық жолын әрі қарай жалғастырғысы келеді. Бұл жолда өз арман-мақсаттары бар.