Сәтбаевтықтар педофилдің пәтерін жөндеуден бас тартты
Сәтбаевтықтар педофилдің пәтерін жөндеуден бас тартты
177
оқылды
Сәтбаев қаласында педофилді жазалау кезінде бұзақылық жасады деп ұсталған азаматтардың саны 19-ға жетті. Алдын ала болжам бойынша келтірілген шығын 59 миллионды құрайды. Соққыға жығылған Жезқазған қаласы ІІБ басшысы Құрманов та зардап шегуші болып танылды. Бала омбудсмені Аружан Саин бұл жолы соттың әділ өтетіндігіне сенімді. Ол қыз баланың ата-анасымен үнемі байланыста. Баламен психологтар жұмыс жасауда, медицина қызметкерлерінің бақылауында. Қарағанды облысы  ІІД  тергеу амалдарын жүргізуде. Бала омбудсмені инстаграмм парақшасында отбасыға Сәтбаев қаласының адвокаты Гаухар Айтжанова мен алматылық Эльвира Боханова тегін құқықтық көмек көрсетіп жатқанын жазды. «Гаухар Айтжанова балаларды қорғау бойынша тәжірибелі маман. Ол өз көмегін ұсынғанда баланың ата-анасы қуанып қалды. Ол атышулы Абай кентінде зорланған балаға қатысты істе қорғаушы болды. Ұл балаға қатысты зорлықтың орын алғанын дәлелдеу үшін ұзақ уақыт қажет болды, дегенмен зорлықшыға жазалау үкімі шықты», – дейд Аружан Саин. Сәтпаевтағы оқиға да үлкен шу туғызды. Дегенмен Абай кентіндегі оқиғаға қарағанда Қарағанды облысының құқық қорғау органдары кәсіби әрекет етуде деді Аружан Саин.  «Облыстық әкімдік пен баланың ата-анасы жұмыс жасайтын «Қазақмыс» компаниясы тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде», – деп жазды ол. «Тергеу амалдарының заңды өтетіндігі, сыртқы қысым мен араласу болмайтындығы байқалуда. Іс заңмен белгіленген уақытта сотқа беріледі», – деп атап өтті омбудсмен. Балаға зорлық жасауға қатысы бар барлық сот процесстері жабық режимде өтеді. Бұл келешекте баланың қылмыс құрбаны екендігін ұмыттырып, қалыпты өмірге оралуын қамтамасыз ету  үшін жасалған. Алайда осындай, елді дүрліктірген оқиғаларда баланың аты-жөндері белгілі болып қалып жатыр. Сол себепті омбудсмен Қазақстанда зорлық құрбаны болған балаларды қорғайтын арнайы бағдарлама қажет деп есептейді. Құрбан болған балалардың тұрғылықты елдімекендерін ауыстырып, аты-жөндерін өзгертуіне мүмкіндік жасау керек дейді балалар қорғаушысы. Сәтбаев қаласы қалыпты режимге көшті. Көршілердің айтуынша педофил тұрған пәтердің терезелері сынған. «Артындағы екі терезесі сынды. Бірақ олар сол күйі тұр. Басқа пәтерлердің ештеңесі қираған жоқ. Өткенде пластик терезе салатын компанияның қызметкері келді. Мына үй кімдікі деп сұрады. Біз педофилдің үйі дегенбіз. Ол терезе салудан бас тартты. Ол мұндай зорлық жасаған адамды айыптап, үйін жөндеуден бас тартып кетіп қалды. Пәтер сол күйі бос тұр, әлі қожайындары келген жоқ. Бос. Біреу есік салып қойыпты. Кім орнатып кеткенін білмейміз. Үйдің іші сол қираған қалпы», – дейді көршісі Алмагүл Бесенбай. Педофил үйі терезе Полиция қызметкерлері бейнебақылау камералары жазбаларын зерделеу нәтижесінде бүгінгі күні 18 азаматты бұзақылық жасады деген айыппен қамады. Енді біреуі әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР ҚК 274 бабы бойынша жауапқа тартылмақ. Дүрлігу кезінде бірнеше полиция қызметкері жарақат алды. Оның бірі Жезқазған қаласы ІІБ басшысы Амангелд Құрманов. Оның бас миы шайқалып, денесі бірнеше жарақат алған. Ол да зардап шеккендер қатарында. Сәтбаев қаласы ішкі саясат бөлімі басшысы Бота Әбілқасымқызы келтірілген шығын 59 миллион деген ақпараттың әлі нақты еместігін хабарлады. «24 күні таңға жақын болған оқиғада қаладағы бірнеше нысандар мен көліктер қирады. Дегенмен оның нақты қанша зардап әкелгенін сараптама анықтайды. Сот процессі кезінде белгілі болады. Оны дәл қазір нақты 59 миллион теңге деп айта алмаймыз», – деді Бота Әбілқасымқызы.

Ләззат Қожахметова, Қарағанды облысы