Вакцинасыз ем қайда?
Вакцинасыз ем қайда?
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
177
оқылды
 

Қайсар салдырған вакцина не болмақ?

Вирусолог-вакцинолог, про­фессор ғалым Қайсар Табынов өзіне вакцина салдырды. Ол Аустралияда жасалған коронавирус инфекциясына қарсы COVAX-19 вакцинасын біздің елде бірінші болып қабылдаған адам. Ол: «Мен вакцина қабылдағаннан кейін әлеуметтік желілерде әртүрлі пікірді оқыдым. Кейбіреулер «бұл – хайп, өзіне жарнама жасап жатыр» деген де пікір айтты. Вакцина өз қолымда, оны салып алып, тып-тыныш әрі қарай зерттеу жасай беруіме болар еді. Вакцина салғызғанымды әлеуметтік желіде неге жарияладым? Өйткені ең алдымен осы мәселеге Үкіметтің назарын аударғым келді. Егер осындай қадам жасамасақ, оған ешкімнің назар аударатын түрі жоқ. Екіншіден, жалпы жақын арада Қазақстан халқы үшін әртүрлі вакцина қолжетімді болады деп сенемін. Вакциналар көп болсын деген үмітім және халқымыздың қай вакцинаны салғызатынына таңдау жасайтындай мүмкіндігі болуы керек деген ойым бар. Ертең Үкімет бір ғана вакцинаны ұсынып, осыны жаппай салғыз­уымыз керек демеуі тиіс. Үкі­мет тарапынан түсіндіру жұ­мыстары жүргізіліп, сауалнама жасалуы керек. Халыққа «Міне, вакцинаның мынадай түрлері бар. Зерттеу нәтижесі бойынша, оның осындай жағымды және жағымсыз әсерлері болады. Сіз осы вакцинаның қайсысын таң­дайсыз?» деп түсіндірген дұрыс. Егер халықтың бір бөлігі өзіміздің, енді бір бөлігі Ресей, Қытай неме­се Аустралияның вакцинасын таң­даса, сол төрт вакцинаны елі­мізге әкелуіміз керек» деген еді. Әрине, кез келген вакцинаның қандай әсері болатынын білу үшін жарты жыл уақыт керек. Онсыз оның организмге қалай ықпал ете­­тінін тап басып, ешкім айта ал­­­майды. Сондықтан Қайсар Табы­­нов салдырған аустралиялық вакцинаның да күші қандай екені әзірге белгісіз.  

Ресейлік вакцина тиімді ме?

Коронавирусқа қарсы вак­цина дайындап, сынақтан өт­кен елдердің бірі – Ресей. Олар 17 маусымнан бастап, инфек­цияға қарсы вакцинаның екі фор­масын сынақтан өткізе бас­­­тады. Вакцинаны Гамалея атындағы эпидемиология және микробиологияны зерттеуге ар­налған ұлттық орталық жасап шығарған. Ресей денсаулық сақтау вице-министрі  Олег Гридневтің айтуынша, бұл препарат ең әуелі дәрігерлер мен қарт адамдарға салынады. Гамалея орталығының директоры Александр Гинцбург бұл вакцинаны қабылдағанда COVID-19  ауруы пайда бол­майды деп айтып отыр. Әзір­ге коронавирусқа қарсы вак­цинаны тестілеуден өткізуге 18 адам қатысқан екен. Олар екі топқа бөлініп, тәжірибеге қатысушыларға екі түрлі ком­поненттегі вакцина салынған. Әзірге еріктілердің жағдайы жаман емес. Олар Бурденко атындағы госпиталь мамандарының бақылауында. Ресейлік вирусолог маман Виктор Зуевтің айтуынша, бұл вакцинаны күтіп отырған елдер көп. «Мұны талқылаудың өзі артық. 60 жыл бойы осы орталықта үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан маман ретінде бұл вакцинаның бірінші болып ресейліктер жаса­ғанын айтуымыз керек», – дейді ви­русолог. Ресейліктер қазаннан бастап коронавирусқа қарсы жап­­­пай вак­цина салуға дайын отыр.  

Қазақстан қай елдің вакцинасын алуға дайын?

Қытайлықтар вакцинаны жыл соңына дейін дайындамақ. Ал АҚШ-та вирусқа қарсы вак­цинаны әзірлеумен Массачусетс штатындағы Moderna био­тех­никалық компаниясы белсенді түрде айналысып жатыр. мРНК-1273 атаулы вакцина мРНК гене­­тикалық платформасын қол­­­­дану арқылы жасалған. Мамандар мұ­ның иммундық жүйені қалып­тас­тыратын ақуыз екенін айтады. Бұл вакцина да өзге пре­параттар секілді алдымен жануарлардан сынақтан өткен. Кейін клин­икалық сынақтан өткізуге ерік­ті түрде 44 адам қатыс­қан. Кли­никалық сынақ сәтті өткен күннің өзінде вакцина нарыққа 18 айсыз шықпайтыны белгілі болды. Бұл елде де  вакцина жыл соңына дейін дайын болады деген үміт бар. vaccine Қазақстанда вакцина дайын­дау үшін Жамбыл облысы Отар ауылында орналасқан Био­­­логиялық қауіпсіздік проблема­ларының ғылыми-зерттеу инсти­туты айналысып жатқаны белгілі. 9 мамырда жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижесінде инсти­тут ғалымдары алғашқы вак­цинаны әзірледі. 15 мамырда Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны өз сайтында клиникаға дейінгі сынақтарға арналған вакцина ретінде тіркеген еді. Одан кейін оны жануарларға клиникаға дейінгі сынақтар жүргізуді бас­тады. Әзірге нақты нәтижесі бел­гілі болған жоқ. «Өзге елдерден дайын вак­цина­ны сатып алудың өзі тез ара­­да жүзеге асатын шаруа емес. Дамыған мемлекеттер миллиардқа жуық вакцинаға қазірдің өзінде тапсырыс беріп қойды. Егер кезекке тұрып күтетін болсақ, вак­цинаға Ауғанстан сияқты мем­ле­кеттермен қатар қол жеткі­земіз деп ойлаймын. Онда оны ұзақ уақыт күтуге тура келеді» де­ген еді Қайсар Табынов. Қазір «вакцинаны Ресейден сатып алады» деген де пікір­лер айтылып жүр.  Біз бұл сауа­лымызды Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат  Қожахметовке қойған едік. Ол: «Елімізде тараған індетке қарсы екпе жасау үшін әлемдегі барлық тәжірибе зерттелуде. Халықтың қауіпсіздігі үшін аяқасты шешім қабылданбайды. Осы мақсатта коронавирус инфекциясына қарсы екпе әзірлеп жатқан мемле­кеттердің озық тәжірибесі сара­ланып жатыр», – дейді. Оның айтуынша,  біздің еліміз жаһандық екпе жасау альянсы әзірлеген (GAVI) вакциналар кешеніне қол жеткізуге мүмкіндік беретін COVAX Facility бағдарламасына қатысып жатыр. «Аталған бағдар­ламаға қатысушы елдің барлығына індетке қарсы екпе жеткізіліп беріледі. Яғни, белсенді иммундау үдерісі халықтың 20 пайызын қамтиды.  Қазақстанда екпе алуға енетін халықтың саны 2 182 000 адамды құрайды немесе жалпы халықтың 11 пайызын қамтиды. (Жасы 65-тен асқан ұзақ уақыттан бері ауыратын аза­маттарды және медицина қыз­меткерлерін де қамтиды) Екпе тегін жасалады. GAVI ұйымының хабарлауынша, коронавирусқа қарсы екпенің мөлшері (дозасы) 10-20 АҚШ доллары аралығында болады (Бұған жеткізіп беру құны қосылмайды). Ұлттық валюта бағамымен алғанда екпеге қарсы дәрінің бірреттік мөлшері 4 142 теңгеден басталып, 8 284 теңгеге дейін жетеді.  GAVI ұйымы арқылы екпені сатып алудың алдын ала құны  9 037,8 миллионнан 18 075, 7 млн теңге аралығында деп жоспарланған  (Жеткізу құнын есеп­темегенде)», – дейді Бағдат Қожах­метов. Денсаулық сақтау министрлігі жоғарыда аталған ұйымның ұс­таным­дарын ескере отырып, елі­мізде екпе алатын азаматтардың санын арттыруды да көздеп отыр. Олардың қатарында ұзақ уақыттан бері ауыратын, тіркеуде тұрған үлкен адамдармен бірге балаларды, жабық мекемеде жұмыс істейтін қызметкерлерді де қамту жоспарда бар екен. «Егер вакциналар кешеніне қол жеткізуге мүмкіндік бере­тін GAVI ұйымымен заң жүзін­де міндеттемелер жасалса, онда ал­ғашқы (15%) жарна төле­неді. Екпе қажетті көлемде жет­кізілгеннен кейін толық төлем­ақы жасалады», – дейді ресми өкіл. Әзірге аталмыш министрлік аяқасты шешім қабылдан­байтынын, екпе әзірленіп жат­­қан мемлекеттердің озық тә­жірибесі сараланып жатқанын айтады. АҚШ,  Қытай, Ресей, Еуропа елдері, барлығы да коронавирусқа қарсы вакцинаны шұғыл әзірлеп, дайындауға кірісіп кеткені белгілі. Қазақстан да өз вакцинасын жа­сап шығарды. Жалпы, корона­вирустың шыққан ошағы – Қытай. Олар вакцинаның жыл соңына дейін дайын болатынын айтып отыр. Негізі, кез келген аурудың ошағы шыққан жерден емі де табылғаны дұрыс секілді. Одан бөлек, отандық ғалымдардың да еңбегін ескерейік.  Қалай десек те, елдегі ғалымдардың ғылыми әлеуетін пайдаланған жөн шығар.  

ГулзиГүлзина БЕКТАС