Қайсар салдырған вакцина не болмақ?
Вирусолог-вакцинолог, профессор ғалым Қайсар Табынов өзіне вакцина салдырды. Ол Аустралияда жасалған коронавирус инфекциясына қарсы COVAX-19 вакцинасын біздің елде бірінші болып қабылдаған адам. Ол: «Мен вакцина қабылдағаннан кейін әлеуметтік желілерде әртүрлі пікірді оқыдым. Кейбіреулер «бұл – хайп, өзіне жарнама жасап жатыр» деген де пікір айтты. Вакцина өз қолымда, оны салып алып, тып-тыныш әрі қарай зерттеу жасай беруіме болар еді. Вакцина салғызғанымды әлеуметтік желіде неге жарияладым? Өйткені ең алдымен осы мәселеге Үкіметтің назарын аударғым келді. Егер осындай қадам жасамасақ, оған ешкімнің назар аударатын түрі жоқ. Екіншіден, жалпы жақын арада Қазақстан халқы үшін әртүрлі вакцина қолжетімді болады деп сенемін. Вакциналар көп болсын деген үмітім және халқымыздың қай вакцинаны салғызатынына таңдау жасайтындай мүмкіндігі болуы керек деген ойым бар. Ертең Үкімет бір ғана вакцинаны ұсынып, осыны жаппай салғызуымыз керек демеуі тиіс. Үкімет тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сауалнама жасалуы керек. Халыққа «Міне, вакцинаның мынадай түрлері бар. Зерттеу нәтижесі бойынша, оның осындай жағымды және жағымсыз әсерлері болады. Сіз осы вакцинаның қайсысын таңдайсыз?» деп түсіндірген дұрыс. Егер халықтың бір бөлігі өзіміздің, енді бір бөлігі Ресей, Қытай немесе Аустралияның вакцинасын таңдаса, сол төрт вакцинаны елімізге әкелуіміз керек» деген еді. Әрине, кез келген вакцинаның қандай әсері болатынын білу үшін жарты жыл уақыт керек. Онсыз оның организмге қалай ықпал ететінін тап басып, ешкім айта алмайды. Сондықтан Қайсар Табынов салдырған аустралиялық вакцинаның да күші қандай екені әзірге белгісіз.Ресейлік вакцина тиімді ме?
Коронавирусқа қарсы вакцина дайындап, сынақтан өткен елдердің бірі – Ресей. Олар 17 маусымнан бастап, инфекцияға қарсы вакцинаның екі формасын сынақтан өткізе бастады. Вакцинаны Гамалея атындағы эпидемиология және микробиологияны зерттеуге арналған ұлттық орталық жасап шығарған. Ресей денсаулық сақтау вице-министрі Олег Гридневтің айтуынша, бұл препарат ең әуелі дәрігерлер мен қарт адамдарға салынады. Гамалея орталығының директоры Александр Гинцбург бұл вакцинаны қабылдағанда COVID-19 ауруы пайда болмайды деп айтып отыр. Әзірге коронавирусқа қарсы вакцинаны тестілеуден өткізуге 18 адам қатысқан екен. Олар екі топқа бөлініп, тәжірибеге қатысушыларға екі түрлі компоненттегі вакцина салынған. Әзірге еріктілердің жағдайы жаман емес. Олар Бурденко атындағы госпиталь мамандарының бақылауында. Ресейлік вирусолог маман Виктор Зуевтің айтуынша, бұл вакцинаны күтіп отырған елдер көп. «Мұны талқылаудың өзі артық. 60 жыл бойы осы орталықта үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан маман ретінде бұл вакцинаның бірінші болып ресейліктер жасағанын айтуымыз керек», – дейді вирусолог. Ресейліктер қазаннан бастап коронавирусқа қарсы жаппай вакцина салуға дайын отыр.Қазақстан қай елдің вакцинасын алуға дайын?
Қытайлықтар вакцинаны жыл соңына дейін дайындамақ. Ал АҚШ-та вирусқа қарсы вакцинаны әзірлеумен Массачусетс штатындағы Moderna биотехникалық компаниясы белсенді түрде айналысып жатыр. мРНК-1273 атаулы вакцина мРНК генетикалық платформасын қолдану арқылы жасалған. Мамандар мұның иммундық жүйені қалыптастыратын ақуыз екенін айтады. Бұл вакцина да өзге препараттар секілді алдымен жануарлардан сынақтан өткен. Кейін клиникалық сынақтан өткізуге ерікті түрде 44 адам қатысқан. Клиникалық сынақ сәтті өткен күннің өзінде вакцина нарыққа 18 айсыз шықпайтыны белгілі болды. Бұл елде де вакцина жыл соңына дейін дайын болады деген үміт бар. Қазақстанда вакцина дайындау үшін Жамбыл облысы Отар ауылында орналасқан Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты айналысып жатқаны белгілі. 9 мамырда жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижесінде институт ғалымдары алғашқы вакцинаны әзірледі. 15 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны өз сайтында клиникаға дейінгі сынақтарға арналған вакцина ретінде тіркеген еді. Одан кейін оны жануарларға клиникаға дейінгі сынақтар жүргізуді бастады. Әзірге нақты нәтижесі белгілі болған жоқ. «Өзге елдерден дайын вакцинаны сатып алудың өзі тез арада жүзеге асатын шаруа емес. Дамыған мемлекеттер миллиардқа жуық вакцинаға қазірдің өзінде тапсырыс беріп қойды. Егер кезекке тұрып күтетін болсақ, вакцинаға Ауғанстан сияқты мемлекеттермен қатар қол жеткіземіз деп ойлаймын. Онда оны ұзақ уақыт күтуге тура келеді» деген еді Қайсар Табынов. Қазір «вакцинаны Ресейден сатып алады» деген де пікірлер айтылып жүр. Біз бұл сауалымызды Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметовке қойған едік. Ол: «Елімізде тараған індетке қарсы екпе жасау үшін әлемдегі барлық тәжірибе зерттелуде. Халықтың қауіпсіздігі үшін аяқасты шешім қабылданбайды. Осы мақсатта коронавирус инфекциясына қарсы екпе әзірлеп жатқан мемлекеттердің озық тәжірибесі сараланып жатыр», – дейді. Оның айтуынша, біздің еліміз жаһандық екпе жасау альянсы әзірлеген (GAVI) вакциналар кешеніне қол жеткізуге мүмкіндік беретін COVAX Facility бағдарламасына қатысып жатыр. «Аталған бағдарламаға қатысушы елдің барлығына індетке қарсы екпе жеткізіліп беріледі. Яғни, белсенді иммундау үдерісі халықтың 20 пайызын қамтиды. Қазақстанда екпе алуға енетін халықтың саны 2 182 000 адамды құрайды немесе жалпы халықтың 11 пайызын қамтиды. (Жасы 65-тен асқан ұзақ уақыттан бері ауыратын азаматтарды және медицина қызметкерлерін де қамтиды) Екпе тегін жасалады. GAVI ұйымының хабарлауынша, коронавирусқа қарсы екпенің мөлшері (дозасы) 10-20 АҚШ доллары аралығында болады (Бұған жеткізіп беру құны қосылмайды). Ұлттық валюта бағамымен алғанда екпеге қарсы дәрінің бірреттік мөлшері 4 142 теңгеден басталып, 8 284 теңгеге дейін жетеді. GAVI ұйымы арқылы екпені сатып алудың алдын ала құны 9 037,8 миллионнан 18 075, 7 млн теңге аралығында деп жоспарланған (Жеткізу құнын есептемегенде)», – дейді Бағдат Қожахметов. Денсаулық сақтау министрлігі жоғарыда аталған ұйымның ұстанымдарын ескере отырып, елімізде екпе алатын азаматтардың санын арттыруды да көздеп отыр. Олардың қатарында ұзақ уақыттан бері ауыратын, тіркеуде тұрған үлкен адамдармен бірге балаларды, жабық мекемеде жұмыс істейтін қызметкерлерді де қамту жоспарда бар екен. «Егер вакциналар кешеніне қол жеткізуге мүмкіндік беретін GAVI ұйымымен заң жүзінде міндеттемелер жасалса, онда алғашқы (15%) жарна төленеді. Екпе қажетті көлемде жеткізілгеннен кейін толық төлемақы жасалады», – дейді ресми өкіл. Әзірге аталмыш министрлік аяқасты шешім қабылданбайтынын, екпе әзірленіп жатқан мемлекеттердің озық тәжірибесі сараланып жатқанын айтады. АҚШ, Қытай, Ресей, Еуропа елдері, барлығы да коронавирусқа қарсы вакцинаны шұғыл әзірлеп, дайындауға кірісіп кеткені белгілі. Қазақстан да өз вакцинасын жасап шығарды. Жалпы, коронавирустың шыққан ошағы – Қытай. Олар вакцинаның жыл соңына дейін дайын болатынын айтып отыр. Негізі, кез келген аурудың ошағы шыққан жерден емі де табылғаны дұрыс секілді. Одан бөлек, отандық ғалымдардың да еңбегін ескерейік. Қалай десек те, елдегі ғалымдардың ғылыми әлеуетін пайдаланған жөн шығар.Гүлзина БЕКТАС