Ішкі істер министрлігінің байламынша, Қазақстанда террористік тұрғыдан осал объектілер (ТТОО) жеткілікті дәрежеде қорғалмаған. «Террористiк тұрғыдан осал нысандарды лайықты күзетпеу, сондай-ақ сенiп тапсырылған нысанның терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету және қауiпсiздiгiнiң тиiстi деңгейiн сақтау жөнiндегi мiндеттердi орындамау адам өмірі мен денсаулығына, қоғамның және мемлекеттiң мүдделерiне қатер төнуіне әкеліп соғады», – дейді ІІМ.
Құпия органның қадағалауында
Ұлттық қылмыстық заңнаманың ізгілендірілуі нәтижесінде күзет қызметтерінің жазасы жеңілдеді. Мәселен, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 149-бабына сәйкес, ТТОО-ларды дұрыс күзетпегені, оны қорғауға салғырт қарағаны, өз міндеттемелерін орындамағаны үшін бұл фирмалар тек әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Яғни, айыппұлмен құтылады. Ал оның залал-зияны үлкен болуы мүмкін. ІІМ дерегінше, террористік шабуыл нысанасына айналуы ықтимал объектілердің қорғалу деңгейін арттыру мақсатында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшелері елімізде арнайы іс-шаралар жүргізуде. Оның барысында күзет құрылымдарының және оның қызметкерінің лаңкестік сипаттағы қылмысқа үн қатуға дайындығы бағаланады. Бұлардың көбінде кездесетін ортақ кемшіліктері анықталуда: жеке күзет ұйымдары қызметкерлерінің қырағылық деңгейінің нашарлығы, келушілердің өткізу режимін сақтауына жүрдім-бардым қарайтыны әшкереленді. ҰҚК тиісті бөлімшелері жүргізген «жедел эксперименттердің» нәтижесінде террактілер алдында осал нысандардың қауіпсіздігіне жауапты бірқатар жеке күзет ұйымы: 2018 жылы – 10, 2019 жылы – 13, 2020 жылы 3 күзет фирмасы жазаланды. Тоқтала кетсек, «жасырын майдан жауынгерлері» Қостанай облысында жұртшылық, соның ішінде жас ұрпақ көп жиналатын жерде – Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде тиісті қауіпсіздік деңгейі сақталмағанын анықтады. Сол үшін «Aslan-2014» ЖШС жеке күзет ұйымы жауапкершілікке тартылды. Қостанай облысының Меңдіқара ауданы әкімдігінде қауіпсіздік деңгейіне немқұрайды қарағаны үшін «Арыстан» іздеу-күзету агенттігі» ЖШС-іне айыппұл салынды. Қарағанды облысында Балқаш қаласы әкімдігінің қауіпсіздігін әлсіретіп жібергені үшін «Тумаргога» ЖШС, ал Нұр-Сұлтан қаласында аса маңызды мемлекеттік нысан – теміржол вокзалының қауіпсіздігіне нашар бақылау жүргізгені үшін «Әскерилендірілген теміржол күзеті» АҚ жаза тартты. Әкімшілік кодекстің «Террористiк тұрғыдан осал объектiнiң терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету және қауiпсiздiгiнiң тиiстi деңгейiн сақтау жөнiндегi мiндеттердi орындамау немесе тиiсiнше орындамау» атты 149-бабы бойынша жеке тұлғаларға, лауазымды адамдарға – 100 АЕК (2020 жылы – 277 800 теңге), шағын кәсiпкерлерге – 200, орта кәсiпкерлiкке – 300, iрi кәсiпкерлiкке – 500 АЕК (1 млн 389 мың теңге) айыппұл салынады.Реформаның не қажеті бар?
Халық көп баратын, мемлекеттің тіршілігі үшін стратегиялық маңызды нысандар лаңкестердің шабуылына ұшырауы ықтимал. Оның алдын алу үшін күзет қызметі кірпік қақпай қоруы, әлеуетті басқыншыларға тойтарыс беруге кез келген мезетте дайын тұруы тиіс. ІІМ шын мәнінде олай емесін жасырмайды. Сондықтан террористік тұрғыдан осал объектілерді күзетуге тек барлық талапқа толық сәйкес келетін жеке құрылымдарды ғана жіберу көзделіп отыр. Жалпы, қолданыстағы заңнама бойынша күзет қызметімен айналысу үшін жеке кәсіпкер немесе компания лицензия алуы керек. Дәл осы лицензия жеке күзет ұйымына (ЖКҰ) кез келген нысанды, соның ішінде ТТОО-ны да күзетуге мүмкіндік береді. «Қазақстанның күзет ұйымдары қауымдастығының» дерегінше, ішкі істер органдарында 5 мыңнан астам жеке күзет ұйымы тіркелген. Олардағы күзетшілер саны 98 мыңнан асады. Бұдан бөлек, республикада күзет дабыл қаққыш құралдарын орнатумен және техникалық қызмет көрсетумен айналысатын 986 заңды және жеке тұлға бар. ІІМ ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта 5 мың 225 жеке күзет фирмасы бүкіл еліміз бойынша 102 мың 515 ірі объектіні күзетеді. Оның 4 мың 761-і террористік тұрғыдан осал объекті саналады. Дегенмен бұлардың әрқайсысының мүмкіндігі мен әлеуеті әрқилы. Мысалы, 5,2 мың фирманың небәрі 424-інде ғана тәулік бойғы кезекші бөлімі бар. Сорақысы сол, бес мыңнан аса ЖКҰ-ның арасында тек 1 068-і жедел ден қоятын мобильді топқа ие. Тек 1 мың 544-інің күзетшісінде қызметтік қару бар. Қалғаны қарапайым газды-травматикалық қарумен, таяқпен қаруланған. Бар-жоғы 612-сінде орталықтандырылған бақылау пункті жабдықталған. Басқасы өзіне сеніп тапсырылған нысанды үлкен мониторлардан бақылай алмайды.Жағдайды қалай түзеуге болады?
Ішкі істер министрлігі заңды тұлғаларға күзет қызметін жүзеге асыруға берілетін қолданыстағы лицензияны шағын түрлерге (подвиды) бөлуді ұсынады. Ұсынысын «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңына түзетулер енгізетін жаңа заң жобасына енгізбек.Реформа шығыны қанша?
Лицензиялаудың І шағын түрін енгізу бизнестен қандай шығынды талап ететіні белгілі болды. Нақтылай кетсек, «Күзет қызметімен айналысу құқығына лицензия беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес, лицензияны қайта ресімдеу құны лицензия беру мөлшерлемесі 10%-ын немесе 1 667 теңгені құрайды. Фирма күзетшілерінің тапанша не автоматы болмаса, қызметтік қаруды сақтау және қолдану рұқсатнамасының құны 5 556 теңге тұрады. Күзет фирмаларының көбі ресейлік автоөнеркәсіптің арзанқол көлігін пайдаланатынын байқап жүрміз. Ол өз елімізде де құрастырылады. ІІМ бір автокөліктің орташа құны 2 миллион 800 мың теңгені, ал оған түсті-графикалық схемалар, тану белгілерін түсіру, жазулар жазу, арнайы жарық және дыбыс дабылдарымен жабдықтау 115 мың теңге болады деп есептеп отыр. Нәтижесінде, «элиталы» лицензия алу үшін шамамен 2 млн 922 мың теңге қосымша шығын шығару қажет болмақ. «Қазақстанның күзет ұйымдары қауымдастығының» президенті Анатолий Калинин бұл бетбұрысты дұрыс көреді. – Біздің қауымдастық бастаманы қолдайды. Лаңкестер нысанаға алуы мүмкін ірі нысандарды күзетумен тек кәсіби даярлығы бар, білікті күзет ұйымдары айналысуы тиіс. Сонда ғана ол нысандар азаматтар үшін қауіпсіз болады. Терроршылардан және төтенше жағдайлардан қорғалады. Бұл қадам бәсекелестікті шектемейді, өйткені елімізде ТТОО-лардан басқа қорғауға зәру нысандар жетеді. Бұған қоса, кез келген ұйым өз мүмкіндігін бірінші шағын түрдегі лицензия алу талабына дейін жоғарылата алады, – деді қауымдастық басшысы. Сала маманы Олжас Ирсимбетов ішкі істер органдары негізгі проблеманы нақты айқындап отырғанын айтады. «Лаңкестер шабуылдауы мүмкін стратегиялық, қауіпті нысандардың қорғалу деңгейі осалдау. Талап күшейсе, күзет ұйымдары өзі көрсететін қызметтер сапасын, жеке құрамының біліктілігін көтеруге мәжбүр болады. Талап болмаса, ауа жайылу жалғаса береді. Маңызды объект үшін жауапкершілік алдың екен, оны орындау үшін ұйымдастырушылық, техникалық мүмкіндіктерің, кәсіби кадрларың және қажетті жабдығың болуы тиіс», – деді сарапшы. Елордалық «Сигнал» күзет фирмасының президенті Борис Бектайыров та осы өзгерістерді құптайды. «Төл кезекші бөлімі, көлігі мен мобильді тобы болмаса, одан не қуат-қауқар күтуге болады? Стратегиялық немесе бұқара көп жиналатын орында қандай да бір тосын оқиға бола қалса, халық соған жол берген билікті кінәлауы мүмкін. Жаңа бастама нарықтағы адал емес, жосықсыз ойыншыларға тосқауыл қояды, ұсақ компанияларды материалдық және физикалық ресурстарын өзара біріктіруге итермелейді. Күзет қызметі бойынша келісімге отырып, бірақ өзі шұғылданбай, қосалқы мердігерге бере салу секілді жағдайлар жойылуы тиіс», – дейді Б.Бектайыров. Дамыған елдерде де күзет саласы мемлекет тарапынан мұқият қадағаланады. Мысалы, АҚШ-та күзет ұйымының лицензия алуы шарт. Рұқсат мерзімі 1-2 жыл ғана. Яғни, жиі қайта рәсімдеуден өтіп, біліктілігін растап отырады. 22 штатта күзетші болып тіркелу үшін ұсыныс хаты болуы керек. Фирманың кем дегенде бір қызметкері полиция, тергеу органдарында ең құрығанда 3 жыл жұмыс істеген болуы міндет. Кейбір штаттарында күзетші болуға кандидаттар «жалғандық детекторынан» өтеді. Барлық фирмада үміткердің күрделі жағдайларда жұмыс істеу қабілетіне міндетті психологиялық тестілеу жүргізіледі. Еуропалық елдерде де ұқсас талаптар қойылады. Нәтижесінде оларда беделді күзет компаниялары негізінен бұрынғы полицейлерді, ФБР, ЦРУ қызметкерлерін, сондай-ақ арнайы әскери бөлімдерде қызметін өткерген әскерилерді жұмысқа алады. Ал бізде армияға барып қайтсаң болды, «Күзет-Security» атануға жарай бересің.Елдос СЕНБАЙ