Білімге қарай ма, десек...
Білімге қарай ма, десек...
358
оқылды
 

Ұстаз болғым келеді…

Әйгерім Мұсылманова 2016 жылы Павлодар қаласында жоғары оқу орнын «кәсіптік оқыту, технология-бейнелеу пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. Оқу орнын аяқтаған соң бірнеше балабақшада жұмыс істеді. Ауыл квотасымен түскендіктен, кейіпкеріміз қарызын өтеуге міндетті екенін жақсы түсінеді. Дегенмен толық өтеуіне бір жарым жылдай уақыт қалғанда Әйгерім мұсылмандық парызы – орамал тағуға бекінеді. Мәселе орамал таққан соң басталып, әлі күнге дейін жұмысқа орналаса алмай жүр. «Мендегі мәселе – грантты өтеу. Жеке мектеп емес, мемлекеттік орта мектепте істеуге міндеттелеміз. Содан Алматы облысындағы Жаңалық орта мектебіне бардым. Олар сынақ мерзімімен алуға келісті. Бірақ кейіннен басшылық «бізге орамалды ұстаздарды жұмысқа алуға болмайды. Тексеріс болады, ондай тәуекелге бара алмаймын» деген уәж айтты», – дейді жас маман. Кейіпкеріміздің айтуынша, бала­лармен қарым-қатынасына, кәсіби білігіне мектеп әкімшілігінің көңілі толған. Тек орамалдың мектеп заңына сәйкес келмегені кедергі болған. Содан бері мемлекеттік білім ордасына жұмысқа орналаса алмай жүр. «Өзіме ұстаз болған ұнайды. Сабақ бергім келеді. Жұмыстан қашпаймын. Маған Білім және ғылым министрлігінен, Қаржы полициясынан өкілдер жиі хабарласып, қарыз болған 1 млн 700 теңгені төлеуімді сұрайды. Ал жұмысқа орналасайын десем, еш жер орамалмен алмайды», – дейді ол.   

Заңның аты – заң

Қазақстан Конституциясының  14-бабы, 2-тармағында « Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» делінген. Алайда киім үлгісіне қатысты мәселеде осы бапты басқаша түсіндіретін кездер де кездеседі. Конституциядан гөрі  салалық заңдар мен ережелердің салмағы ауыр тартатындай көрінетіні бар. Заңгер Ғабдул-Ғани Әбутәліп еліміздегі заң бойынша әр мекеменің ішкі талабына бағыну керегін айтады. «Мұндай мәселелер «Әдеп кодексі», «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдармен реттеледі. Сонымен бірге ІІМ, ден­саулық сақтау және педагогикалық сала қызметкерлеріне бекітілген ортақ униформа стандарттары бар. Сондықтан бәрі ережеге бағынуға міндетті. Мысалы, аурухана қызметкері қалауымен киінетін болса, оның дәрігер екенін ажырата алмай қалар едік. Одан бөлек, униформалардың санитария талаптары мен өзге де ерекшеліктері барын айта кету керек. Ал мұғалімдерге келсек, олардың дресс-коды оқушыға үлгі болуы мүмкін. Сондықтан стандарт сақтау талап етіледі. Жеке компанияларда бәрі ондағы ішкі ережелерге байланысты. Сот арқылы даулап не медиациялық шаралардың көмегімен шешуге болады. Бірақ заңда нақты көрсетілген униформаны сақтамаса, соттасқанның өзінде жеңіп шығуы екіталай», – дейді заңгер.  

Орамал шешетін кездер де бар

Осыған ұқсас мәселе бойынша «Ашық үкіметке» түскен өтініштерді қарап шықтық. «Руханият және дін» категориясында орамал мен етек-жеңі жабық киім киетін қыз-келіншектердің жұмысқа орналаса алмай жүргені жайлы жанайқайы жазылған өтініштер бар. Сонымен бірге өтініштер ішінен «банк бөлімшесіне барғанда қызметкердің орамалды шешуді талап етуі қаншалықты заңды?» деп сауал тастағанын көзіміз шалды. Бұған байланысты екінші деңгейлі банктердің бірінің баспасөз хатшысы Ербол Азанбекке хабарластық. «Орамалды шешуін сұрайтын кез­дер кездесуі мүмкін. Айталық, иден­тификация мәселесінде. Яғни, бет-әлпетін тани алмаған жағдайда қызметкердің сондай өтініш жасауына болады. Идентификациядан толық өтпесе не болады? Болашақта депозиттен ақша аларда банкомат түр-әлпетін түсіруін сұрайды. Дәл соған ұқсас беті қатты жабылған, орамалды біреу барып, ақшасын алып кетуі мүмкін. Ондай жағдайда бұл банк атына сын болады. Толық идентификацияны талап ететін себебі сол. Бірақ орамалды қыздардың бәріне мұндай өтініш жасалмайды. Себебі түр-әлпеті танылса болғаны. Қауіпсіздік тұрғысынан келгенде алаяқтарға кезігудің алдын алатын бұл амал бірінші кезекте клиент үшін қажет» , – деді маман.   Орамалды шешуді талап ететін тағы бір кез – төлқұжат не жеке куәлік аларда. Бірақ бұл ретте мойны толық жабық орамал емес, артқа қайыра таққан тюрбанға қатысты мәселе орын алуы мүмкін. Құжатқа түсетін кезде баскиіммен түсуге рұқсат жоқ. Ал тюрбан – орамал емес, баскиім. Сондықтан тюрбанды шешуді не мойынды толық жауып, орамал тағуды сұрайды.  

Әлемдегі ахуал қандай?

Хиджабқа қатысты келіспеушіліктер Еуропа елдерінде де болып тұрады. Мәселен, Берлинде орамалына байланысты жұмысқа қабылдамағаны үшін мұғалім әйел соттасқан еді. Қорғаушысының айтуынша, кәсіби білігі емес, діни киімі себеп болған. «Ұстаздар жетіспей жатқанда білікті, сауатты мамандардың жұмысқа алынбауы жөн емес», – дейді бір сұхбатында қорғаушы. Кейіннен федералды конституциялық сот «мектептерде орамалды тек кері әсері байқалғанда тыйым салу керек» деп мұғалімдер құқығын қорғап шыққан болатын. Сөйте тұра, Берлиндегі жергілікті сенат «Нейтралитет туралы» заңды өзгеріссіз қалдырған. Яғни, бұл заң бойынша, мұғалім, полиция және сот қызметкерлеріне хиджаб киюге болмайды. Бұл мемлекеттік нейтралитетке қауіп төндіреді деседі. Бірақ кәсіптік-техникалық оқу орын­дарында сабақ беретіндерге рұқсат. Өйткені ол жерде кәмелетке толғандар оқиды. 2017 жылы Люксембургте еуропалық сот орамалға тыйым салу не рұқсат беруді жұмыс берушінің еркіне қалдырды. АҚШ-тың Миннесота штатында биыл мұсылман әйел «Жыл мұғалімі» атанды. Сомалилік Коршо Хасан бастауыш сыныпта сегіз жылдан бері сабақ беріп келеді. Ұлыбритания тарихында осы жылы тұңғыш рет хиджаб киетін мұсылман әйел сот боп тағайындалды. 40 жастағы Рафия Аршад Мидленс аймағы сотының орынбасары қызметін атқарады. Заң алдында бәрі бірдей. Десек те, зайырлы қоғам өкілінің діни сенімі мен кәсіби білігі бір арнаға түспей жататын кездері болып тұрады. Кейіпкерлеріміз жұмыссыз қалудан қорықпайды. Бар болғаны «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» амалын табуды көздейді. Мемлекетке қарызын қайтару үшін мемлекеттік болмаса да, орамалымен қабылдайтын жеке мектепте қызмет етуге рұқсат етсе дейді. Тілек пен талап осындай. Өзгеріс бола ма екен?  

Жадыра АҚҚАЙЫР