Келер жылдан бастап билік шенеуніктер мен ұлттық компания қызметкерлері санын бірте-бірте қысқартуға кіріседі. Бұл жайында Премьер Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ел Үкіметінің отырысында мәлімделді. Жиында Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын іске асыру шаралары талқыланды.
Үкімет басшысы егжей-тегжейлі құжатты – Жолдауды іске асырудың Жалпыұлттық жоспарының жобасын осы аптада, 7 қыркүйекке дейін әзірлеуді жүктеді. Асқар Маминнің айтуынша, Жолдауды толығымен қаржылай қамтамасыз ету шараларын қабылдау қажет.
– Президент тапсырмаларының орындалуына барлық бірінші басшылар дербес жауап беретінін естеріңізге саламын! Қадап айтайын, Жолдаудағы әрбір тапсырманың орындалу сапасы мен мерзімдерінің сақталуына қатаң бақылау орнатылуға тиіс. Қойылған міндеттерді тиімді шешу бойынша үйлесімді жұмыс жүргізуіміз керек, – деп нықтады А.Мамин.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың мәліметінше, Жолдауға сәйкес, 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 5%-дан асатын жыл сайынғы өсімін тұрақты қамтамасыз ететін құрылымдық өзгерістерді іске асыру қажет.
– Бұл үшін Үкімет экономиканы әртараптандыру жұмысын жалғастырады. Меморгандардың да, квазимемлекеттік сектордың да қызметіне функционалдық талдау жүргізіледі. Сондай-ақ қазақстандық және шетелдік сарапшылардың зерттеулері мұқият талданады. 2020 жылдан бастап, мемлекеттік қызметшілер санын біртіндеп қысқартуға кірісеміз. Ал босатылған қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлерді материалдық ынталандыруға жұмсаймыз. 2024 жылға қарай шенеуніктер мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің саны 25%-ға қысқарады, – деді Ә.Смайылов.
Енді квазисектордан қайтарымды арттыру – басымдықты міндетке айналады.
– Ұлттық әл-ауқат қоры өткен 14 жылда халықтың әл-ауқатының өсуіне қаншалықты нақты үлес қосқанын бағалайтын боламыз. Үкімет Есеп комитетімен бірге 3 ай ішінде мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігіне талдау жүргізеді, – деді бас қаржыгер.
Жолдауда шағын және микробизнесті дамытуға мән берілген. Жұмыссыздықты азайту және ауыл халқының өмір сүру деңгейін көтеру мақсатында Ұлттық қордан 100 миллиард теңгедей бөлінді.
Мемлекет басшысы Есеп комитетіне Қаржы министрлігімен тізе қоса отырып, бизнесті дамытуға шығындалатын бюджет қаражатының жұмсалуын ерекше бақылауға алуды тапсырды. Жыл соңына дейін ұсақ және шағын компаниялардың негізгі қызметін 3 жыл мерзімге салық төлеуден босату жөніндегі заң жобасы жазылады. 2020 жылдың қаңтарында шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге 3 жылдық мораторий күшіне енеді.
Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша жаңа заң жобасын әзірлепті, ол да шағын бизнесті ынталандыруға бағытталған.
Сонымен қатар қолма-қол ақшасыз төлемдерді ынталандыру жұмыстары өрістетіледі, көлеңкелі экономикаға, капиталдарды шетелге шығаруға, салық төлеуден бас тартуға қарсы күрес қатаңдандырылады.
– Жақында экономикалық тергеу қызметінің жұмысы қайта құрылды және оңтайландырылды. Президент ұлттық табысты барынша әділ бөлу керегіне назар аудара отырып, салық жүйесін жаңғыртуды тапсырды. Компанияларды адами капиталға, еңбек өнімділігін арттыруға, техникалық қайта жарақтандыруға, экспортқа инвестиция салуға ынталандыратын, қазіргі салық жүйесінің сапасын арттыратын шаралар қабылданады. Салық кодексінде көзделмеген төлемдерге, алымдарға тыйым салынады, – деді бірінші вице-премьер.
Маңызды міндеттердің бірі – бюджеттің және Ұлттық қордың қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру. Осыған байланысты Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен бірге, 2019 жылдың соңына дейін Ұлттық қорды инвестициялау және пайдалану сапасын арттыру жөнінде нақты ұсыныстар әзірлейді.
Халықты әлеуметтік қолдауды күшейту үшін Үкімет барлық тиімсіз шығысты қысқартады, бұдан бөлек, осы мақсатта бюджет кірістерін арттыру есебінен де қосымша резервтер іздестірілетін болады.
Мемлекеттік сатып алу жүйесі бұдан ары жетілдіріледі. Тиісті заң жобасы даяр, ол адал бәсекелестікті өрістетуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын және өнім берушілердің біліктілігін арттыруға бағытталған.
Бас қаржыгердің сендіруінше, осы бастамалардың барлығы бюджетке қосымша табыс құюға мүмкіндік береді.
Осы орайда Қазақстанда жаңа қор түңлігін жаңадан түруі мүмкін.
– Шығындарды оңтайландыру және активтерді инвестициялық басқарудың сапасын жақсарту мақсатында Үкіметке Бірыңғай әлеуметтік қор құру және бір әлеуметтік төлем енгізу жолымен әлеуметтік қамсыздандырудың бюджеттен тыс жүйесін шоғырландыру мәселесін зерделеу жүктелді. Біз жақын арада бұл жұмысты атқарып шығамыз, – деді Әлихан Смайылов.
Мұның сыртында барлық деңгейде бюджет процесі жаңаша құрылып, енді жергілікті бюджеттерді қалыптастыруға халық нақты тартылатын болады.
Аудандық, қалалық және ауылдық билік жергілікті маңызы бар міндеттерді шешуде экономикалық жағынан неғұрлым дербес болуы үшін жаңа заңнамалық актілер қабылданбақ.
Жалпы алғанда, Президент Жолдауының шараларын іске асыруға қажетті қаражат Мәжіліске енгізілген үш жылдық бюджет жобасында толық қарастырылады.
Үкімет басшысының орынбасары Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Жолдауды орындау аясында жыл соңына дейін үй кезегінде тұрған адамдардың бірыңғай республикалық базасы іске қосылмақ. Бүгінде баспана алу үшін әкімдіктерде 512 мыңға жуық адам кезекке тіркелген. Алайда қазақстандықтар ол кезектің сақталмайтынына, тіпті ілгерілеу орнына құлдырап, кері кететініне шағымданады. Оның үстіне әр өңір әкімдігі өз аумағына қатысты кезекті дербес жүргізеді, сәйкесінше, «өзі би, өзі қожа». Бүкіл республика бойынша ортақ көрініс, жалпы бақылау жоқ. Бұл олқылықты жойып, кезектілікті бірыңғай есепке алу жөніндегі тапсырманы жүзеге асыру үшін жыл соңына дейін «Кезекте тұрған адамдардың бірыңғай республикалық базасы» енгізіледі.
Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бұдан былай бірінші кезекте көпбалалы отбасылар жалға берілетін баспанамен қамтылады.
– Бұл үшін 2025 дейін жыл сайын 50 млрд теңгеден бөлеміз. Жыл сайын 3,7 мың кезекте тұрған әлеуметтік осал адамды сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үймен қамтуға 32,8 млрд теңгеден бағытталады. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша ТҚЖБ арқылы 6 мың несие беруге үш жылда 50 млрд теңге арна тартады, – деді Ж.Қасымбек.
Үкіметке 2023 жылға қарай халықты сапалы ауызсумен 100% қамту жүктелді. Биыл қала тұрғындарының 97%-ы және ауылдықтардың 87%-ы орталықтандырылған су жүйесіне қол жеткізуге тиіс.
– Орталықтандырылған сумен тұрғындарының саны ең көп және әлеуеті жоғары ауылдар басымдықты түрде қамтамасыз етіледі. Ал 200 адамға дейін ғана тұрғыны бар ауылдарда сумен жабдықтаудың жергілікті жүйелері қолданылады. Республикалық бюджетте 2020-2022 жылдары осы мақсатқа 250 млрд теңге көзделді, – деді Жеңіс Қасымбек.
Елімізде қазір 18,1 мың үй күрделі жөндеуді талап етеді екен. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 780 көппәтерлі тұрғын үйді жөндеуге қосымша 30 млрд теңге жұмсалмақ.
Автожол саласында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту жұмыстары аяқталуда. Бағдарлама шеңберінде Қазақстанның бірыңғай көлік жүйесі қалыптасады.
Мемлекет басшысы Жолдауында көтерілген өзекті мәселелердің бірі – ұшақ билеттерінің қымбаттығы. Билет құнының жоғарылығына әуе көліктерінің жетіспеушілігі себепкер көрінеді. Содан тарифтер құнын түсіру үшін биылғы мамырда тұңғыш отандық лоукостер – Fly Arystan әуекомпаниясы жұмысын бастады. Жұртшылық оның арзан билеті лезде таусылып қалатынына, ал саудада тұрған билеттерінің бағасы тіпті өзге компаниялардан қымбаттығына наразылық білдіруде. Жыл соңында Fly Arystan орындайтын рейстері санын күніне 14-тен 28-ге дейін арттыруды жоспарлап отыр.
– Бұдан өзге, Үкімет «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп, әуе кемелері паркін ұлғайту мақсатында «Эйр Астана» және Qazaq Air авиакомпанияларын қосымша капиталдандыруды жоспарлауда. Сондай-ақ қазақстандық мұнай өндеу зауыттарын жаңғырту аяқталғанын ескере отырып, әуе отыны бағасын төмендету жұмысы жалғасады. Теміржол билеттерінің тапшылығын болдырмау және заңсыз делдалдық әдістерге тосқауыл қою мақсатында билеттерді сатуды цифрландыру жүргізілуде, билеттерді сату тәртібін реттейтін норма енгізілді. Теміржол көлігімен жолаушыларды тасымалдау жүйесін жетілдіру жоспары жасалды, – деді вице-премьер Ж.Қасымбек.
2019 жыл соңына дейін Индустрияландырудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мембағдарламасы қабылданады. Оны іске асыру нәтижесінде елде еңбек өнімділігі 1,7 еселенуге, өңдеу өнеркәсібінің экспорты 2,3 есеге өсуге, негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемі 2,3 есеге ұлғаюға тиіс.