«Қазақстандық боксшылардың болашағынан үлкен үміт күтемін» – төреші, экс боксшы Серікжан Ешмағамбетов
«Қазақстандық боксшылардың болашағынан үлкен үміт күтемін» – төреші, экс боксшы Серікжан Ешмағамбетов
215
оқылды
– Серікжан аға, бүгінде сізді бокссүйер қауым төреші ретінде жақсы таниды. Одан бөлек, қазіргі уақытта немен айналысып жүрсіз? – Иә, рас, бокстан қол үзген жоқпын. Шәкірт тәрбиелеуді қолға алдым. Алматы құры­лыс және менеджмент кол­леджінде денешынықтыру пә­ні­нің мұғалімімін. Әрі сол жер­дегі жаттығу залында жас жеткіншектерді спортқа баулып, боксқа дайындап жүрмін. Жиі-жиі жарыстарға апарамын. Сондай-ақ кәсіпқой бокста да төрешімін. Спортшы ретіндегі карьерамды аяқтағаннан кейін 1-2 жылдан соң төреші болуға ұсыныс түсті. Бұл ұсынысты бір­ден қабыл алдым. – Қарамағыңызда бола­шағынан үміт күттіретін жас бокс­шылар бар ма? – Жуырда 2001-2002 жылғылар арасында өткен қалалық чем­пионатта бір шәкіртім екінші орынды иемденді. Одан бөлек, жарыстарға дайындап жүрген 18-19 жастағы талантты екі шәкіртім бар. Мықтылардың бәрі түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, шеберліктерін шыңдау арқылы қалыптасады ғой. Мен өз шәкірттерімнің жолына үлкен үмітпен қараймын. Қазіргі кезде карантинге байланысты жаттығудан біраз уақыт қол үзіп қалдық. Ара-тұра далада жаттығып жүрміз. Негізі, апта­сына 2-3 рет жиналып тұрамыз. Бір қуантарлығы, 10-11 жастағы балалар да жаттығу залдарына көп келеді. Айтпақшы, жанымда Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, менің бұрын­ғы бапкерім Олег Ковальчук деген білікті маман бар. Кезінде «Астана Арланста» Руслан Мырсатаев бастаған бірқатар боксшыны жаттықтырған. Ол кісі боксшылармен жұмыс істеудің кәнігі хас шебері ғой. Қазіргі кезде өз білгенін жас жеткіншектерге үйретіп жүр. – Әуесқой, кәсіпқой бокстағы жарқын сәттерді бір саралап өтіңіз­ші. Кәсіпқой боксшыға шет­елде жаттығу қаншалықты маңыз­ды? – Менің негізгі мамандағым – аспаз. Бірақ боксқа қатты қызықтым. СПТУ-да оқып жүр­генде қосымша спорт тобына қатысып тұратынмын. Сабақтан кейін уақытымыз жаттығу зал­дарында өтетін. Оқуды бітірген соң бірден Алматыдағы спорт академиясына құжаттарымды тапсырдым. Ол бұрын спорт институты болатын. Оқып жүріп 1990 жылы «КСРО спорт шебері» атағын қорғадым. Одан бері 1990-91 жылдары бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының сапына қабылдандым. Жалпы, әуесқой бокста үлкен жетістіктерге жетіп, біраз белестерді бағындырдым. Кейін спорттық тоқырауға ұшырап, 1993 жылы бокстан 8-9 ай уақыт қол үзіп қалдым. Ал елімізде кәсіпқой бокстың клубы 1989 жылдан бастап ашылды. Мен ондағы алғашқы дебютімді 1994 жылы өткіздім. Институтты да сол жылы бітірген болатынмын. Оқу аяқталған бойда бірден әскерге кеттік. Келген соң боксты қайта жалғастырдым. Содан бері кәсіпқой бокста 36 жасыма дейін жүріппін ғой. 33 рет шаршы алаңға шығып, соның 20-сын жеңіспен аяқтап, 12 кездесуде жеңіліп, 1 рет тең түстім. Әлі есімде, соңғы кездесуімді 2008 жыл­дың желтоқсан айында өткіздім. boks2 Ол кезде шетелге кетіп қала­тын мүмкіндік аз болды. Оның үстіне, тіл де білмейміз. Бірінші болып елімізден шетелге Василий Жиров кетті. «Қара пантера» деген лақап атымен Жиров шаршы алаңда талай ойқастады. Қазіргі кезде жағдай бұрынғыдан әлдеқайда жақсарды ғой. Еліміздегі боксшылардың көбі шетелге барып, сол жақта жаттығады. Бұл – боксшының ары қарай дамуына мүмкіндік беретін маңызды қадам. Біздің елімізде кәсіпқой бокс соңғы 2-3 жылдықта жақсы жолға түсті.  Мені сол қуантады. Өйткені бәсекелестік жоғары болған са­йын даму да болады. Бізде бірақ промоутерлік компаниялар жоқтың қасы. Ал шетелде бұл жағынан проблема жоқ. – Өткенге тағы да шегініс жасап көрейікші. Пакьяомен өткен тартысты кездесуде жеңіске жету үшін сізге не жетіспеді? – Ол кезде мен 30 жаста бола­тынмын. Алматыдан Манил­аға ұшып бардық. Салмақ қуып жүрген кезім. Жөнді тамақ та іше алмайсың. Әрі ол жақта күн ыстық болды. Бірінші күн бас­пасөз конференциясында жүрдік. Оның алдында пре­зиденттің резиденциясына бар­дық. Кешкісін менеджерім аустралиялық Дени Лаймен бірге Пакьяоның видеосын көр­дік. Конференция кезін­де мен жергілікті журналис­теріне «Пакьяоны 3-раундта құлатамын», – дедім. Айтқаным­дай, 3 емес 4-раундта қарсыласым нокдаун алды. Бокс кешіне халық көп жи­нал­ды. Сол елдің президенті де қатысты. Филиппин астанасы Маниланың көне аудандарының бірі Интрамуроста өткен жекпе-жек 5 раундқа дейін созылды. Бірінші раундта Пакьяо мені нокдаунға жіберді. Үзілісте демалып алғаннан кейін екінші раундта мен біраз жақсы соққы жасадым. Өкініштісі, Youtube-тегі роликтерде ол жоқ екен. Төртінші раундтың басында ақыры Пакьяо­ны құлаттым. Раундтың аяғына дейін қарсыласымды шаршатып алуға болатын уақыт бар еді. Бірақ төреші Абаинза мені ығыстырып жіберді. Ал қарсыласым дереу есін жинап алды. Бесінші раундтың басын­да екеуміз де шаршап қалдық. Соққы алмасу кезінде Пакьяоның жойқын соққысы маған тиіп, біраз есеңгіретіп тас­тады. Алайда Мэнни екінші рет ұрғанда нокдаун болған жоқ, мен қолымды көтеріп, әрі қарай жұдырықтасуға дайын екенімді көрсеттім. Бірақ бас қазы есеп ашпай, кездесуді бірден тоқтатып тастады. Мен бұл шешімге келіс­пейтінімді білдіргеніммен, ештеңе өзгермейтінін білдім. Бұл бір есептен ешқандай чем­пиондық белбеу үшін өткен кездесу емес еді. Кейіннен оның атағы да жер жара бастады. Сол жылдың күзінде басқа салмаққа өтіп, мексикалық жұлдыздармен жұдырықтасып жеңіске жетті. 66 келі салмақта да өнер көрсетті. Ал сол кездегі бұрынғы менеджерім қазір бокста лауазымды қызметте жүр. Ол мені алдыңғы жылы Үндістандағы бокс кешінде бір кездесуге төреші болуға шақыр­ды. – Токио олимпиадасында қай боксшыдан алтын күтесіз? Кәсіп­қой бокста қарсыласын қоғадай жапырып, шаршы алаңда атой сала­ды деп қай боксшыларды сенім­мен айта аласыз? – Жастардан Бекзаттың өне­ріне тәнтімін. Жас әрі қабілет-қарымы да мықты қырағы бокс­шы. Олимпиаданың күміс жүлдегері Левиттен де жүлде күтемін. Бір жағынан жасы да келіп қалды. Сондықтан оны нақты алтынға таласады деп айта алмаймын. Абылайханнан да үміт­ім зор. Кәсіпқой бокста жігіттеріміз әзірге жарап тұр. Қай-қайсысы да мықты. Даниярға әлі де тәжірибе жетіңкіремейтін секілді. Жәнібек нағыз бабында. Әбден ысылған боксшы. Енді шамасын рейтингі жоғары боксшылармен кездескенде көреміз. Мадияр Әшкеев пен Мейірім Нұрсұлтанов­тың да беталысы жаман емес. Садриддин Ахмедов пен Батыр Жүкембаевтың да бокстасу мәнері ұнайды. Кейінгі кезде көптеген боксшымыздың шетел асып, шеберліктерін шыңдап, кәсіпқой бокста жетістікке жетуді мақсат тұтып жүргені қуантады. Елімізде де кәсіпқой бокс кештері жиі ұйымдастырылып жатыр. Түрлі промоутерлік компания ашылып, былғары қолғап шеберлері үшін барлық жағдай жасалуда. Бұл Қазақстанда бокстың қарқынды дамып жатқанын көрсетеді.  

Сұхбаттасқан Абылайхан ЖҰМАШ