Пандемиядан авианарық зардап шекті

Пандемиядан авианарық зардап шекті

 

333,5 млрд теңге табыстан қағылды

Пандемияға байланысты енгіз­ілген төтенше жағдай кезінде  ішкі және халықаралық рейстер уақытша тоқтатылғаны белгілі. Сәуір мен мамыр айының арасында  тұрақты ішкі рейстердің барлығы, яғни 45 маршрут бойынша ұшатын  540 рейс тоқтатылды. Ал 3 ақпаннан бастап 97 маршрут бойынша аптасына 440 халықаралық рейс (442-ден 2-ге дейін) немесе халықаралық рейстердің 99 пайызы қысқартылды. Индустрия және инфрақұрылым­дық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті төрағасының орын­басары Салтанат Томпиеваның  айтуынша, ішкі және халықаралық рейстердің тоқтатылуы жолаушылар тасымалы статистикасына тікелей әсер етті. Мысалы, осы  жылдың алғашқы 7 айында отандық авиакомпаниялар тасымалдаған жолаушылар саны 2,6 млн адамды құрады. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңінен (4,6 млн адам) 43 пайызға аз.  Мұндай төмен көрсеткіш қызмет көрсетілген жолаушылар мен транзит жолаушылар санынан да байқалды. «Қазақстан аумағындағы рейс­тердің тоқтатылуына байланысты азаматтық авиация ұйымдарының операциялық кірісі шамамен 333,5 миллиард теңгеге азайды.  Авиакомпаниялар 250 млрд теңге, әуежайлар 25,2 млрд теңге, ал «Қазаэронавигация» РМК 28 млрд теңге табыстан қағылды», – дейді Салтанат Томпиева. Егер Үкімет тарапынан әуе­компанияларды қолдау шаралары дер кезінде қолға алынбағанда шы­ғын бұдан да ауқымды болар еді. «Жағдайдың ауқымын ескере отырып, авиакомпаниялар мен әуежайлардың шығынын азайтып, банкроттықтың алдын алу мақсатын­да көптеген мемлекет аза­маттық авиацияның отандық субъектілеріне өтемақы, салық жеңілдіктері, субсидия беру сияқты қолдау көрсетіп жатыр. Біздің министрлік азаматтық авиация саласы субъектілерінің барлық өтінішін қарап, Ұлттық экономика министрлігімен бірге Үкіметке мемлекеттік қолдау шараларының пакетін ұсынды.  Осылайша, салық жеңілдіктеріне қол жеткіздік», – дейді. Авиация саласы  әлеуметтік тө­лемдерден және мүлік салығынан босатылды. Бұл жеңілдік «ша­ғын және орта әуежайлар, авиа­компаниялар  үшін осы жылдың 1 сәуірінен 1 қазан аралығында, ал ірі авиакомпаниялар үшін осы жылдың 1 сәуірі мен 1 шілдесі аралығында күшінде болады. Сонымен қатар импортталатын қосалқы бөлшектер мен резидент еместер  ҚҚС-тан босатылды.  Жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төленетін төлемдер мен жер са­лығынан босату да авиация саласы үшін үлкен демеу болды. Себебі  аталған шараларды іске асыру отан­дық әуекомпаниялары мен әуежайларына түсетін қаржылық ауыртпалықты 6,1 млрд теңгеге дейін азайтуға мүмкіндік береді.  

Кадрлар қысқарған жоқ

Төтенше жағдай кезінде әуе­компаниялары қызметі толық тоқ­татылды. Жекелеген әуе­ком­паниялар репатриант рейс­терді орындауға тартылды. Кей­бірі жолаушылар ұшағын жүк та­сымалдаушы ұшаққа айналдырды. Әйтеуір табыссыз қалмаудың ама­лын жасап жатты. Шетелде қалып қойған қазақстандықтарды елге алып келген ұшақ экипажының арасында коронавирус жұқтырып, көз жұмғандары да бар. Ұшақ бортында жұмыс істеу қай-қашанда қауіпті саналған. Ал пандемия кезінде  қауіптілігі екі есе артты. Екінің бірі тәуекел ете бермейтін мамандық иелері де пандемияда жұмыссыз қалды, бірақ жұмыстан шығарған жоқ. Біз хабарласқан  әуекомпанияларда  кадрлар қыс­қартуға ұшырамаған. Алдағы уақытта да ондай жоспар жоқ. Се­бебі ішкі рейстердің қалпына келуі жұмыстың жандануына ықпал ет­кен. «Коронадағдарыс жағдайында авиакомпания жұмыс орындарын 100 пайыз сақтау үшін барлық мүм­кіндікті қарастырды. Осы мақ­сатқа жету үшін төтенше жағдай кезінде компания жұмысы үнемді режимге өтті. Кейбір әкімшілік департаменттер ең төменгі жала­қы төлеу арқылы қашықтан жұ­мыс істеуге ауыстырылды. Ал стратегиялық маңызды қызметтер төтенше жағдай кезеңінде әдет­тегідей  штаттық режимде жұ­мыс істеді. Рейстердің қайта бас­талуына байланысты барлық бөлім қауіпсіздік шараларын сақтап, қалыпты жұмыс кестесіне оралды. Жолаушылар мен әуекемелеріне қатынайтын барлық қызметкер күнделікті медициналық тек­серуден өтеді», – дейді SCAT әуе­компаниясының баспасөз хатшысы Виктория Старожилова. Салаға жасалған салықтық жеңілдіктер кадрлардың жұмыссыз қалуының алдын алды деуге болады.    

Жолаушылардың жаңа тобы пайда болады

 Әуе қатынасы қашанда сұ­ранысқа ие болып келген. Бір­ақ коронадағдарыс бұл сала­ны да тәубесіне түсірді, тіпті жұ­мысына түзету енгізіп жатыр. Рейс тоқтады, жолаушы азайды деп қол қусырып отыруға бол­майтынын уақыт көрсетіп отыр. Сондықтан пандемияда жұмыс істеуге бейімделуге тура келеді.   Қазақстан авиация әкімшілігінің бас директоры Питер Гриффитстің айтуынша, бұл үрдіс қазірдің өзінде байқалып отыр. «IATA 6 тамыз күні Еуропалық авиация саласының жай-күйі туралы соңғы мәліметтерді жа­риялады. Сол мәліметке сүйен­сек,  жүк рейстерінің саны 2019 жылғы деңгейден 4 пайызға өскен. Бизнес авиация да қалпына тез келе бастады. Әрине, рейстер саны былтырғы деңгейден 9 пайызға төмен болғанымен, бұл бағыттың болашағы бар. Өйткені  пандемияға   байланысты жеке ұшақтармен ұшуға мүдделі жаңа клиенттер контингенті қалыптаса бастады. Ал лоукостерлер, яғни қолжетімді ұшақтардың рейсі 2019 жылғы деңгейден 63 пайыз артта қалды. Бірақ дәстүрлі коммерциялық авиациямен салыстырғанда (2019 жылмен салыстырғанда 68 пайызға төмен – ред.), қалпына жылдам келіп жатыр. Осы статистикаға сүйенер болсақ, Қазақстан да жүк рейстеріне сұранысты арттыру мүмкіндігін жібермеуі керек», – дейді. Оның айтуынша, халықаралық рейстерде шектеулер болғанына қарамастан, Еуропа нарығы жеке авиациялық рейстерге деген сұ­ранысты қолдауға қол жеткізген. Біздің елде де бұл сегментті  қалпына келтіруге болады. Себебі жеке бас қауіпсіздігі үшін жеке әуекемесімен ұшуды таңдаушылар клиенттердің жаңа тобын қалыптастырады. «Біз үшін қазіргі кездегі басты мәселе – халықаралық авиация талаптары бойынша басқа елдермен ортақ ұстанымға қол жеткізу. Бұл біздің авиация саласы үшін қажет ішкі рейстерді қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге  бізге аурудың жоғары деңгейіне қайта оралмау үшін  бақылау шаралары қажет», – дейді Питер Гриффитс.  

Халықаралық рейс қашан қалпына келеді?

Авиация саласының корона­дағдарысқа дейінгі жағдайға  қашан оралатыны бәріміз үшін маңызды. Сондықтан IATA ұйымына иек артамыз. Алайда бұл ұйымның болжамы көңіл көншітпей тұр. 2019 жылғы тасымалдау көрсеткішіне жету үшін әлі 3-4 жыл керек дей­ді.  Себебі пандемиядан жү­р­егі шайлығып қалған елдер халық­аралық рейстерді ашуға тәуекел ете алмай отыр. Әйтеуір саланы сақтап қалу үшін ішкі рейстерге рұқсат беріп қойған. Біздің елде де ішкі рейстер қалпына келе бастады. Мысалы, бүгіндері 45 бағыт бойынша ішкі рейстер толығымен қалпына келтірілді, күніне ел ішіне 71 рейс жасалып жатыр.  Ал халықаралық рейстерді қалпына келтіру мәселесі әлі пысық­талып жатыр. Себебі ха­лықаралық жолаушылар рейс­терін қалпына келтіру туралы шешім Қазақстанда  коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық ко­мис­сияның хаттамасына сәй­кес, Денсаулық сақтау минис­трлігінің ұсынымдарын, сон­дай-ақ осыған байланысты эпи­демиологиялық және каран­тиндік шаралар тұрғысынан шет мемлекеттің саясатын ескере оты­рып қабылданады. Мәселен, ко­миссияның 2020 жылғы 11 мау­сымдағы шешіміне сәйкес, 2020 жылдың 20 маусымынан бастап Түркия, Оңтүстік Корея, Қытай, Грузия, Таиланд және Жапонияға рейстерді қалпына келтіруге рұқ­сат етілген еді.   Алайда қазіргі уақытта шет мемлекеттер қойған шектеулерге байланысты тұрақты халықаралық рейс Кореяға ғана орындалып жатыр. Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары айт­қандай, мемлекеттік комиссия 2020 жылдың 2 шілдесінде халықаралық рейстерге қатысты карантин ша­ралары алынғанға дейін елдер тізімін көбейтпей, бұрын рұқсат берілген елдермен ғана (Түркия, Оңтүстік Корея, Грузия, Таиланд, Қытай, Жапония) рейстер жүргізуге шешім қабылдаған болатын. Ал күні кеше, яғни,  11 тамыздағы комиссия шешіміне сәйкес, Ден­саулық сақтау министрлігінің ұсынымдарын, эпидемиялық жағдайдың деңгейін ескере оты­рып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) кар­тасына сәйкес 17 тамыздан бас­тап Біріккен Араб Әмірліктері, Беларусь Республикасы, Германия, Нидерланд, Египет, Украина және Ресейге халықаралық рейстер кезең-кезеңмен жаңартылатын болды. «Аталған елдердің авиациялық органдарымен бірлесіп тұрақты жолаушылар рейстерін қалпына келтіру мәселесін алдын ала пы­сық­тадық. Осылайша, бұл елдер санитарлық-эпидемиялық талап­тарды сақтай отырып (тер­мометрия, әлеуметтік қашық­тық, бетперде тағу, ПТР тестілеу), Қазақстанмен әуе қатынасын қалпына келтіруді қолдайды. Осы тұста Ресейге ұшу үшін Ресей та­рапынан рұқсат талап етілетінін айтқым келеді. Ал халықаралық бағыттар бойынша рейстердің саны әуе қатынасы туралы үкіметаралық келісім не­гізінде және әр бағыттағы ұшақтардың коммерциялық жүк­темесіне байланысты орын­далады», – дейді С.Томпиева. Оның айтуынша, еліміздің бас санитарлық дәрігері осы елдердегі жағдайды қадағалап отырады, егер эпидемиялық жағдай нашарласа, тиісті шаралар қабылданады. Мәселен, аталған елдермен арадағы әуе қатынасы тоқтатылуы әбден мүмкін. Мұн­дай жағдай өткен аптада бол­ды. Қазақстан мен Түркия ара­сындағы әуе қатынасы екі аптаға тоқтатылды.   Бұл шешімді Түркия қабылдады. Ол  Түркия мен Қа­зақ­стан арасында жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын барлық әуекомпанияны қамтыды. Ше­шім қабылданғаннан кейін 2020 жылғы 5 және 6 тамыз күндерінде жоспарланған соңғы өзара рейстер қажетті рұқсатпен ғана орындалды.  

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ