– Мағзұм Маратұлы, өңірлерде егін алқабын суғару ісі қалай жүріп жатыр? Су жеткілікті ме?
– Жалпы, егін-терім науқаны бойынша жағдай бірқалыпты. Әрине, бұл ел басшылығының көршілес мемлекеттермен трансшекаралық су ресурстарын пайдалану жөнінде жүргізген келіссөздерінің нәтижесі. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Өзбекстан басшысымен осы мәселені бірнеше мәрте талқылаған еді. Былтыр желтоқсанда Қырғыз Республикасының басшылығымен жүргізген келіссөздер барысында осы мәселені қозғаған болатынбыз. Мұндай іс-шаралар Жайық пен өзге де өзендер бойынша да атқарылды. Әрине, қиындықтар жоқ емес. Десе де, жағдай бақылауда.
Суармалы судың жетіспеушілігі Түркістан және Қызылорда облыстарында сезілді. Су тапшылығы Шардара су қоймасында судың аз жиналуына байланысты туындады. Бұл осы өңірдегі суармалы жерлерді тіршілік нәрімен қамтамасыз етудің жалғыз көзі. Мұндағы жағдай Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы дамбасының жарылуына байланысты шиеленісті.
– Бұл мәселе қалай шешілді?
– Біз өзбек әріптестерімізбен жедел байланыс орнаттық. Бұл бағытта жұмыстар әлі де жүріп жатыр. 3 ай ішінде Өзбекстанның Су ресурстары министрі Шавкат Хамраевпен алты кездесу өткіздік. Олар жағдайды түсініп отыр. Сондықтан өздерінде су аз болса да, біздің аймақтарды қосымша ағындармен қамтамасыз етті. Сондай-ақ біз қырғыз, тәжік елдерімен қосымша ағындар туралы келісім жасастық. Бұл үшін көршілерімізге ризашылығымызды білдіреміз.
Бұдан бөлек, диқандарға су жеткізу үшін бірнеше ауқымды шараны қолға алдық. Нақтырақ, Түркістан және Қызылорда облыстарында ауыл шаруашылығы дақылдарын кезекпен суару енгізілді. Сонымен қатар коллекторлық сулар қайта пайдаланылуда.
Көксарай су қоймасындағы су Сырдария өзеніне төгіледі. Бұл су қоймасының түбін экскаваторлармен қазу арқылы жүзеге аспақ. Осы және өзге жұмыстар күні-түні жүріп жатыр. Су барлық егін алқабына бірдей жетуі үшін суару кезегін қойдық.
Былтыр қараша айында осы кезеңде судың деңгейі төмен болады деген болжам жасалған еді. Осы жорамалға сүйене отырып, Қызылорда облысының шаруаларына күріш егу көлемін 86-дан 75 мың гектарға дейін қысқарту ұсынылған. Алайда биыл 90 мың гектар алқапқа күріш егілді. Бұл су тұтыну көлемінің ұлғаюына әкелді. Қызылорда облысындағы суармалы жерлердің көлемі жалпы территориямыздың 6 пайызына тең. Сөйте тұра, мұнда ел ішіндегі суармалы судың 40 пайызы тұтынылады. Соған қарамастан, өңірлерді қажетті сумен қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін істедік.
– Бұған дейін аймақтарда жаңа су қоймаларын салу жоспары бар екені хабарланды. Ал Жамбыл облысындағы суға қатысты ахуал қалай?
– Иә, расымен мұндай жоспар бар. Аймақ басшылығымен бірге Шу және Талас өзендері бойынша қырғыз тарапынан тәуелділікті азайту, сондай-ақ 35 мың гектардан астам суармалы жерді сумен қамтамасыз етуді арттыру мақсатында 3 жаңа су қоймасын салу мәселесі қарастырылып жатыр.
Жамбыл облысы судың басым бөлігін көршілес Қырғыз Республикасынан алады. Биыл су алу кестелері келісілді. Оған сай, Шу өзенінің бойымен 325 млн м3, Талас өзенінің бойымен 560 млн м3 бөлінуі керек. Бірақ қырғыз тарапы суды біз келіскен деңгейден төмен жеткізді. Шу бойынша маусым айының соңында келіскен көлемнің 50%-ы ғана жеткізілді.
Осыған байланысты Қордай ауданында су арналарында судың жетіспеушілігі 23-тен 80%-ға дейін болды. Маусымнан бастап бүгінге дейін Меркі ауданында су беру толығымен тоқтатылды. Орташа алғанда су тапшылығы 82% болды.
Талас өзені бойынша жағдай біршама жақсы. Ол жақта сәуір-тамыз айларында келіскен су көлемінің 92%-ы алынды.
Жағдайды реттеу үшін біз Қырғыз Республикасына бірнеше рет келіссөзге бардық. Нәтижесінде, көршілеріміз өздеріндегі су қорының аздығына қарамастан, бізге барынша мүмкін көлемді жіберді, біз оған ризамыз.
Қазір Талас ауданын сумен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылуда. Мұндағы бар мәселе – бұл ауданға жетпес бұрын суды Жамбыл және Байзақ аудандары алып қояды. Бұл мәселені шешу үшін айына бір рет бүкіл су шығыны өзеннің бойымен ағызылады. Биыл осы шараны үш рет қайталадық.
Осындай жағдайдың болатынын болжап, биыл аудан фермерлеріне ылғалдылықты аз қажет ететін ауылшаруашылық дақылдарын егуді ұсынғанбыз. Жергілікті билік өкілдеріне суармалы алқаптарды түнгі және күндізгі суару әдісінің кестесі белгіленген. Бұл қолданыстағы суды үнемді және тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
– Осы жазда Алматы облысында суармалы судың тапшылығы қатты байқалды. Жергілікті диқандардың айтуынша, егінге қауіп төніп тұр. Бұған не айтар едіңіз?
– Судың аздығына байланысты онда жетіспеушілік байқалғаны рас. Соңғы айларда Алматы облысының өзендерінде ауа райының қолайсыздығына, жауын-шашынның болмауына және температураның тұрақсыздығына байланысты су деңгейінің күрт төмендеуі байқалды. Аймақта маусымнан бастап шілде айының ортасына дейін суару қиындай түсті. Бүгінгі таңда өзендердегі су деңгейі біртіндеп көтерілгендіктен, суармалы сумен қамтамасыз ету жағдайы тұрақтанды деп айтуға болады.
Ондағы жағдайды түсінуіңіз үшін бір мысал келтірейін: Бартоғай су қоймасы Алматы облысының Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарының суармалы жерлерін ағын сумен қамтамасыз етеді. Вегетациялық маусым басталғанға дейін су қоймасында 292 миллион текше метр су жиналған болатын. Ал тамыз айының басында мұнда судың мөлшері 12 миллион текше метрден сәл ғана асты. Яғни, судың бар қоры осы егістік алқаптарды суаруға кетті.
Су тапшылығын болдырмау үшін облыс әкімдіктері және ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен су жеткізу кезегінің кестесі келісілді. Сонымен бірге қазір Бартоғай су қоймасында судың ағуының ұлғаюына байланысты 20 миллион текше метрден астам су жинақталған. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Егер осы ағын сақталса, біз кезектесіп суармайтын боламыз.
Қолайсыз ауа райымен қатар аймақта гидротехникалық құрылыстардың тапшылығына байланысты да жағдай күрделене түсті. Бізге коммуналдық меншіктен берілген шаруашылық каналдардың ұзақ жылдар бойы жөнделмегенін де ескеруіміз керек.
– Жайықтың саяздануы көптен бері айтылып жүр. Ресейден келетін су кеміп кеткен. Өзеннің түбі көрінбеу үшін алдын алу шаралары жасалынып жатыр ма?
– Осы маусымда Батыс Қазақстан облысында судың аздығы байқалды. Жыл басынан бері Жайық өзенінен Жайық-Көшім жүйесіне жоспарланған көлемнің 40%-ы ғана келді. Премьер-Министр А.Маминнің ресейлік әріптесімен жақында өткен кездесуі барысында Жайық өзеніндегі су тапшылығы мәселесі талқыланды. Осының арқасында Ресей тарапы бірнеше күн бұрын Ресей Федерациясы Орынбор облысының Ириклинск су қоймасынан судың ағуын 20-дан секундына 50 текше метрге дейін арттырды. Бұл Батыс Қазақстан облысын сумен қамтамасыз етуге жағымды әсер ететіні сөзсіз.
Сондай-ақ Ресейден Батыс Қазақстан облысының аумағына Еділ суының қосымша көлемін машиналық жеткізуді ұйымдастыру жоспарлануда.
Көріп отырғаныңыздай, өңірлерде вегетациялық маусымның өтуі оңайға соғып жатқан жоқ. Алайда көптеген мәселе біртіндеп өз шешімін табуда. Вегетациялық маусым аяқталғаннан кейін жүйелі талдау жасалады. Сонымен қатар шаруа қожалықтарымен бірге суды аз қажет ететін, бірақ өнімділігі мол дақылдарды егу алаңын ұлғайту мәселесін де қарастырамыз. Біз бұл жұмысты Ауыл шаруашылығы министрлігі және облыс әкімдіктерімен бірлесіп атқарамыз. Бұл елімізді азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытындағы стратегиялық мәселе.
Сұхбаттасқан
Әлихан ИСМАН