«Қазақстанда крематорийге мүлдем сұраныс жоқ»
Қазақстан тарихында крематорий салу бастамасы 1987 жылдан бастап көтеріліп келеді. Бірақ қоғамның наразылығына байланысты осы күнге дейін кейінге шегеріліп жүр. Тарихқа жүгінсек, патшалық Ресейде алғашқы крематорийлер өткен ғасырдың басында обадан қырылған малды жою үшін ашылған. Бұдан кейін орыстың белді ақын-жазушыларының денесі өртеліп, күлі Дон зиратында сақталған. Жалпы, әлемде денесі кремацияланып, күлі табиғатқа шашылған атақты адамдардың ішінде Үндістанның тұңғыш әйел премьер-министрі Индира Ганди, әнші Дэвид Боуи, астронавт Нил Армстронг, режиссер Альфред Хичкок болған. Ал қазақтың жерлеу салт-дәстүрі мен ислами ұстанымдарына мүлдем сәйкес келмейтін буддистік, синтоистік ғұрып ел тарихының қаралы парақтарында болған. 1933 жылы Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасов сүзектен қайтыс болып, оның денесінің күлі Дон зиратында сақталған еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін бір топ алашшыл азаматтардың еңбегінің арқасында бабамыздың күлі салынған қобдиша астанамызға жеткізіліп, шариғат заңына сәйкес жер қойнына тапсырылды. Дінмұхамед Қонаев ел басқарған тұста да Мәскеуден крематорий салу туралы пәрмен түскен. Бірақ тәжірибелі саясаткердің табандылығы Мәскеуден келген бұйрықты аяқсыз қалдырды. Жерлеу рәсімдері бюросының өкілі Юрий Назаренко қазір де Қазақстанда крематорийге мүлдем сұраныс жоғын алға тартады: – Кремацияны айына 1-2 адам ғана сұрайды. Яғни, бұл қызметке мүлдем сұраныс жоқ деуге болады. Сондықтан бұл қызметті қалайтындар туысының денесін Новосібір, Мәскеу қалаларына жібереді. Ресейде кремация мен күлді салатын қобдиша 15-20 мың рубль, біздің ақшамен 120 мың теңгедей тұрады. Өз басым бұл бастаманы мүлдем қолдамаймын. Қалай десеңіз де, православ дінінің өкілі болсам да, мұсылман елінде тұрып жатқанымызды мойындауымыз керек. Біздің ата-бабаларымыздың бәрі жер қойнына тапсырылған. Мәселен, күндердің бір күні дүниеден озсам, жақындарымның жанына жерленуімді қалар едім. Кремация ислам-православ діндерінде атымен жоқ, бұл буддизмге жақын ғұрып, – дейді. Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Нұрлан Жазылбеков пандемия кезінде крематорий салып, инфекцияны ауыздықтаудың маңызына тоқталады: – Дүниежүзінің тәжірибесі қауіпті инфекциялық індетпен ауырғандарды крематорийге жеткізу болып тұр. Кім біледі, бұл инфекциялық ауру 5 жыл, не 50 жылдан кейін жердің астында сақталып қала ма, мәселе осында жатыр. Ол ертең ауаға шығып, адамдарға зиянын тигізбей ме деп қауіптенеміз. Крематорий басқа да қауіпті аурулардың мәселесімен қатар, жақындары жоқ, аты-жөні белгісіз адамдарды жерлеу ісін шешер еді. Дінімізге, ұлтымыздың салтына байланысты шарттарды ұстана отырып, тек инфекциялық аурулар тараған кезде ғана мұндай шараға бару керек. Пандемия бүгін басталып, ертең жалғаспайды деп ешкім айта алмайды, – дейді. Мұндай ұстанымға ҚМДБ өкілдері қарсы. Олардың айтуынша, адамзат тарихында оба сияқты талай ауру тараған, бірақ бәрін санитарлық-гигиеналық талаптарға сай елді мекендерден алыс жерлеген.Крематорий салуды қолдайтындардың тағы бір уәжі – еліміздегі зираттарда мәрмәр тас сияқты бағалы тастардан алып кесене, ескерткіштер орнатып, мегаполистер маңында «өлілер қаласының» тұрғызылып жатқанына қарсылық.
Астана медресесінің директоры, діндар ғалым Бақтыбай Бейсенбаев: – Адамды өртеу – зұлымдық. Қазақ жерінде Абай заманында да талай ауру-індет тараған жоқ па еді? Мәселен, Астанадағы Жастар ауданында обадан қайтқан адамдардың арнайы зираты бар. Тіпті, санитарлық-гигиеналық талаптарға келсек те, ол жерде қауіптенетіндей нәрсе қалмаған. Оның үстіне, мұсылман зиратына әртүрлі зиянкес түспейді ғой. 2 метр тереңдікке не түседі? Құрт-құмырсқа мен жылан түседі. Әрине, олардан ауру шығуы мүмкін. Сол үшін ол жерге індеттен қайтқандарды апарып тастап, ұмытуға болмайды. Мұндай арнайы зиратты ерекше бақылап жүру керек, – дейді. Дін өкілінің айтуынша, исламда адам қайтыс болғаннан кейін оны өртемек түгілі, бір жерін ауырту тірі кезінде ауыртқандай әсер етеді деп саналады. Сондықтан өліге бұлай қиянат жасауға болмайды. Бұған қатаң тыйым салынған.«Өлілер қаласы» өсіп бара ма?
Крематорий салуды қолдайтындардың тағы бір уәжі – еліміздегі зираттарда мәрмәр тас сияқты бағалы тастардан алып кесене, ескерткіштер орнатып, мегаполистер маңында «өлілер қаласының» тұрғызылып жатқанына қарсылық. Экс-депутат Нұрлан Жазылбеков жерлеу рәсімдерінің ортақ стандарттары енгізілуі керек дегенді алға тартады: – Парламентте жүргенімізде бейіттердің қала сияқты өсіп бара жатқанын көтермек болдық. Бірақ қоғамда кейбір азаматтар қарсы шықты. Жалпы, жерлеудің ортақ стандарты қажет. О дүниеге барғанда байы да, кедейі де болмайды. Өкінішке қарай, елімізде тірілердің қаласымен қатар, «өлілердің қаласы» да бірдей өсіп жатыр. Тіпті, бейіт басына 1-2 миллион теңгеден асатын кесене, ескерткіш қойып жатқанын көріп жүрміз. Бұл қара халықтың ашуын келтіреді. Ел нан таба алмай жүргенде дүниеден озғандарға миллиондаған қаржыға ескерткіш қойғаннан не пайда? – дейді. ҚМДБ өкілі Бақтыбай Бейсенбаев исламда кесене қоюдың тамыры тереңде жатқанын сөз етеді: – Бір елден ғұлама, ғалым шығып, ол қайтыс болғаннан кейін 50-100 жылдан кейін аты ұмытылмаса, оның басына кесене қойылады. Ал кез келген өлген адамға кесене қоюдың түк пайдасы жоқ. Ислам тарихында қазіргідей біреудің байлығына қарап кесене соғылмаған. Оның халыққа жасаған қызметіне, даналығына, өмір жолына қараған. Мәселен, Әмір Темір Қожа-Ахмет Ясауи бабамызға қалай құрмет көрсетіп кеткен?! ХІХ ғасырға дейін араб әлемінде де небір үлкен кесенелер болды. Бірақ уаһһабизм орнап, оның бәрін қиратқан. Ал бізде дәулетті адамдар бала-шағасы мақтану үшін қабір басына үлкен ескерткіш қояды. Бұл дұрыс емес», – дейді. Бақтыбай Бейсенбаев халқымыздың зиратқа бара бермейтінін де сын тезіне алады. – Қазақта: «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді» деген әңгіме бар. Сол сөзден қорқа ма, молаға бара бермейді. Молаға не үшін баруымыз керек? Біріншіден, моланың жанынан өтсе, Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) дүниеден озған адамдарға сәлем берген. Өліге сәлем берудің сауабы мол. Екіншіден, зиратқа барған соң ол жақ қараусыз қалса, оны реттеп, абаттандыру керек. Ағаш, тал ексе де, өлген адам үшін оның пайдасы бар, – дейді ол. Крематорийді қолдайтындардың тағы бір дәйегі – биоқалдықтарды жоюдағы пайдасы. Жерлеу бюросының өкілі Юрий Назаренко елімізде биологиялық және медициналық қалдықтарды көму ісімен «Жерлеу рәсімдері арнайы комбинаты» айналысатынын жеткізеді. – Биологиялық және медициналық қалдықтарды көму үшін психика зор болуы керек. Сондықтан тендер бөлініп, тиісті комбинаттың бұл іспен айналысқаны дұрыс, – дейді азамат. Биоқалдық дегеніміз – мерзімінен бұрын және өлі туған шақалақ, медициналық аборт қалдықтары. Сондай-ақ операциядан кейін кесілген дене мүшелері. Бұл да даулы мәселе. Маманның айтуынша, кезінде оның жерлеу бюросына Филиппин аралдарының азаматы жүгініп, қайтыс болған адамды кремациялауды сұраған. Олардың заңы бойынша, сыртта қайтыс болған азаматты «200 жүгі» арқылы қабылдамай, тек күлі салынған қобдишаны ғана ел аумағына кіргізеді екен. Елімізде ондай қызмет болмаған соң, филиппиндіктер мәйітті Новосібір қаласына жіберген. Бірақ сарапшылар бірен-саран турист үшін мұндай шешім қабылдаудың тым ерте екенін айтады. Дін мамандары халқы бізден әлдеқайда көп мұсылман елдерінде крематорийлердің жоқтығын алға тартады. Мұндай ғұрып тек этникалық буддистер тұратын мұсылман елдерінде ғана кездеседі екен. Экс-депутат Нұрлан Жазылбеков Алматыда Кеңсай зиратының жер аумағының артып бара жатқанына алаңдаушылығын білдіре отырып: «Тау бөктері азаматтар демалатын жер болуы тиіс», – дейді. Ал жерлеу бюросының өкілдері қаладағы зираттардың 800 гектар жерді алып жатса да, әлі де 100 гектар жердің бос жатқанын тілге тиек етеді. Дін өкілі Бақтыбай Бейсенбаевтың айтуынша, зират мәдениеті бойынша қараусыз, сұраусыз қалған зиратқа қайта жерлей бастауға рұқсат. Биологтардың айтуынша, расында да мәйіт 50 жылда шіріп-ыдырап бітеді. Соның арқасында көп елдерде зиратқа жер бөлу мәселесі оңтайлы шешіліп отырады. Сондай-ақ белгілі бір уақыт өткеннен кейін зираттарды саябаққа айналдыру тәжірибесі бар. Мәселен, Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағы – соның бір көрінісі.Кәмшат ТАСБОЛАТ