Өлікті өртеуге неге асықтық?

Өлікті өртеуге неге асықтық?

 

«Қазақстанда крематорийге мүлдем сұраныс жоқ»

Қазақстан тарихында крема­торий салу бастамасы 1987 жыл­дан бастап көтеріліп келеді. Бірақ қоғамның наразылығына байланысты осы күнге дейін кейінге шегеріліп жүр. Тарихқа жүгінсек, патшалық Ресейде ал­ғашқы крематорийлер өткен ға­сырдың басында обадан қырыл­ған малды жою үшін ашылған. Бұдан кейін орыстың белді ақын-жазушыларының денесі өр­теліп, күлі Дон зиратында сақталған. Жалпы, әлемде денесі кремацияланып, күлі табиғатқа шашылған атақты адамдардың ішінде Үндістанның тұңғыш әйел премьер-министрі Индира Ганди, әнші Дэвид Боуи, астронавт Нил Армстронг, режиссер Альфред Хичкок болған. Ал қазақтың жер­леу салт-дәстүрі мен ислами ұстанымдарына мүлдем сәйкес келмейтін буддистік, синтоистік ғұ­рып ел тарихының қаралы парақ­тарында болған. 1933 жылы Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасов сүзектен қайтыс болып, оның дене­сінің күлі Дон зиратында сақ­тал­ған еді. Тәуелсіздік алған­нан кейін бір топ алашшыл аза­мат­тар­дың еңбегінің арқасында баба­мыздың күлі салынған қобдиша астанамызға жеткізіліп, шариғат заңына сәйкес жер қойнына тап­сырылды. Дінмұхамед Қонаев ел басқарған тұста да Мәскеуден крематорий салу туралы пәрмен түскен. Бірақ тәжірибелі саясат­кердің табандылығы Мәскеуден келген бұйрықты аяқсыз қалдыр­ды. Жерлеу рәсімдері бюросының өкілі Юрий Назаренко қазір де Қазақстанда крематорийге мүлдем сұраныс жоғын алға тартады: – Кремацияны айына 1-2 адам ғана сұрайды. Яғни, бұл қызметке мүлдем сұраныс жоқ деуге бола­ды. Сондықтан бұл қызметті қа­лай­тындар туысының денесін Новосібір, Мәскеу қалаларына жібереді. Ресейде кремация мен күлді салатын қобдиша 15-20 мың рубль, біздің ақшамен 120 мың теңгедей тұрады. Өз басым бұл бастаманы мүлдем қолдамаймын. Қалай десеңіз де, православ діні­нің өкілі болсам да, мұсылман елінде тұрып жатқанымызды мо­йын­дауымыз керек. Біздің ата-бабаларымыздың бәрі жер қойнына тапсырылған. Мәселен, күндердің бір күні дүниеден оз­сам, жақындарымның жанына жерленуімді қалар едім. Кремация ислам-православ діндерінде атымен жоқ, бұл буддизмге жақын ғұрып, – дейді. Алматы қаласы қоғамдық кеңе­сінің мүшесі Нұрлан Жазыл­беков пандемия кезінде крема­торий салып, инфекцияны ауыз­дықтаудың маңызына тоқталады: – Дүниежүзінің тәжірибесі қауіпті инфекциялық індетпен ауырғандарды крематорийге жеткізу болып тұр. Кім біледі, бұл инфекциялық ауру 5 жыл, не 50 жылдан кейін жердің астында сақталып қала ма, мәселе осында жатыр. Ол ертең ауаға шығып, адамдарға зиянын тигізбей ме деп қауіптенеміз. Крематорий басқа да қауіпті аурулардың мәселесімен қатар, жақындары жоқ, аты-жөні белгісіз адамдарды жерлеу ісін шешер еді. Дінімізге, ұлтымыздың салтына байланысты шарттарды ұстана отырып, тек инфекциялық аурулар тараған кезде ғана мұндай шараға бару керек. Пандемия бүгін басталып, ертең жалғаспайды деп ешкім айта алмайды, – дейді. Мұндай ұстанымға ҚМДБ өкілдері қарсы. Олардың айтуын­ша, адамзат тарихында оба сияқ­ты талай ауру тараған, бірақ бә­рін санитарлық-гигиеналық талаптарға сай елді мекендерден алыс жерлеген.  

Крематорий салуды қолдай­тындардың тағы бір уәжі – елі­міздегі зираттарда мәрмәр тас сияқты бағалы тастардан алып кесене, ескерткіштер орнатып, мегаполистер маңында «өлілер қаласының» тұрғызылып жат­қанына қарсылық.

  Астана медресесінің дирек­торы, діндар ғалым Бақтыбай Бейсенбаев:  – Адамды өртеу – зұлымдық. Қазақ жерінде Абай заманында да талай ауру-індет тараған жоқ па еді? Мәселен, Астанадағы Жастар ауданында обадан қайтқан адамдардың арнайы зираты бар. Тіпті, санитарлық-гигиеналық талаптарға келсек те, ол жерде қауіптенетіндей нәрсе қалмаған. Оның үстіне, мұсылман зиратына әртүрлі зиянкес түспейді ғой. 2 метр тереңдікке не түседі? Құрт-құмырсқа мен жылан түседі. Әрине, олардан ауру шығуы мүмкін. Сол үшін ол жерге ін­деттен қайтқандарды апарып тастап, ұмытуға болмайды. Мұн­дай арнайы зиратты ерекше бақылап жүру керек, – дейді. Дін өкілінің айтуынша, исламда адам қайтыс болғаннан кейін оны өртемек түгілі, бір жерін ауырту тірі кезінде ауыртқандай әсер етеді деп саналады. Сондықтан өліге бұлай қиянат жасауға болмайды. Бұған қатаң тыйым салынған.  

«Өлілер қаласы» өсіп бара ма?

 Крематорий салуды қолдай­тындардың тағы бір уәжі – елі­міздегі зираттарда мәрмәр тас сияқты бағалы тастардан алып кесене, ескерткіштер орнатып, мегаполистер маңында «өлілер қаласының» тұрғызылып жат­қанына қарсылық. Экс-депутат Нұрлан Жазыл­беков жерлеу рәсімдерінің ортақ стандарттары енгізілуі керек де­ген­ді алға тартады: – Парламентте жүргенімізде бейіттердің қала сияқты өсіп бара жатқанын көтермек болдық. Бірақ қоғамда кейбір азаматтар қарсы шықты. Жалпы, жерлеудің ортақ стандарты қажет. О дү­ниеге барғанда байы да, кедейі де болмайды. Өкінішке қарай, елімізде тірілердің қаласымен қатар, «өлілердің қаласы» да бір­дей өсіп жатыр. Тіпті, бейіт басына 1-2 миллион теңгеден асатын кесене, ескерткіш қойып жатқанын көріп жүрміз. Бұл қара халықтың ашуын келтіреді. Ел нан таба алмай жүргенде  дүниеден озғандарға миллиондаған қаржыға ескерткіш қойғаннан не пайда? – дейді. ҚМДБ өкілі Бақтыбай Бейсен­баев исламда кесене қоюдың тамыры тереңде жатқанын сөз етеді:  – Бір елден ғұлама, ғалым шығып, ол қайтыс болғаннан кейін 50-100 жылдан кейін аты ұмытылмаса, оның басына кесене қойылады. Ал кез келген өлген адамға кесене қоюдың түк пайдасы жоқ. Ислам тарихында қазіргідей біреудің байлығына қарап кесене соғылмаған. Оның халыққа жа­саған қызметіне, даналығына, өмір жолына қараған. Мәселен, Әмір Темір Қожа-Ахмет Ясауи бабамызға қалай құрмет көрсетіп кеткен?! ХІХ ғасырға дейін араб әлемінде де небір үлкен кесенелер болды. Бірақ уаһһабизм орнап, оның бәрін қиратқан. Ал бізде дәулетті адамдар бала-шағасы мақ­тану үшін қабір басына үлкен ескерткіш қояды. Бұл дұрыс емес», – дейді. Бақтыбай Бейсенбаев хал­қымыз­дың зиратқа бара бермей­тінін де сын тезіне алады. – Қазақта: «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді» деген әңгіме бар. Сол сөзден қорқа ма, молаға бара бермейді. Молаға не үшін баруымыз керек? Біріншіден, моланың жанынан өтсе, Пай­ғамбарымыз (с.ғ.у.) дүниеден оз­ған адамдарға сәлем берген. Өліге сәлем берудің сауабы мол. Екіншіден, зиратқа барған соң  ол жақ қараусыз қалса, оны реттеп, абаттандыру керек. Ағаш, тал ексе де, өлген адам үшін оның пайдасы бар, – дейді ол. Крематорийді қолдайтындар­дың тағы бір дәйегі – биоқалдық­тарды жоюдағы пайдасы. Жерлеу бюросының өкілі Юрий Назаренко елімізде биологиялық және меди­циналық қалдықтарды көму ісі­мен «Жерлеу рәсімдері арнайы комбинаты» айналысатынын жеткізеді. – Биологиялық және меди­циналық қалдықтарды көму үшін психика зор болуы керек. Сон­дықтан тендер бөлініп, тиісті ком­бинаттың бұл іспен ай­налысқаны дұрыс, – дейді аза­мат. Биоқалдық дегеніміз – мерзімінен бұрын және өлі ту­ған шақалақ, медициналық аб­орт қалдықтары. Сондай-ақ опе­рациядан кейін кесілген дене мүшелері. Бұл да даулы мә­селе. Маманның айтуынша, кезінде оның жерлеу бюросына Филиппин аралдарының азаматы жүгініп, қайтыс болған адамды кремациялауды сұраған. Олардың заңы бойынша, сыртта қайтыс болған азаматты «200 жүгі» ар­қылы қабылдамай, тек күлі са­лынған қобдишаны ғана ел ау­мағына кіргізеді екен. Елімізде ондай қызмет болмаған соң, фи­липпиндіктер мәйітті Новосібір қаласына жіберген. Бірақ сарап­шылар бірен-саран турист үшін мұндай шешім қабылдаудың тым ерте екенін айтады.  Дін мамандары халқы бізден әлдеқайда көп мұсылман елдерінде крематорийлердің жоқтығын алға тартады. Мұндай ғұрып тек этникалық буддистер тұратын мұсылман елдерінде ғана кездеседі екен. Экс-депутат Нұрлан Жазыл­беков Алматыда Кеңсай зираты­ның жер аумағының артып бара жатқанына алаңдаушылығын біл­діре отырып: «Тау бөктері азамат­тар демалатын жер болуы тиіс», – дейді. Ал жерлеу бюросының өкілдері қаладағы зираттардың 800 гектар жерді алып жатса да, әлі де 100 гектар жердің бос жатқанын тілге тиек етеді. Дін өкілі Бақтыбай Бейсенбаевтың айтуынша, зират мәдениеті бойынша қараусыз, сұраусыз қалған зиратқа қай­та жерлей бастауға рұқсат. Био­логтардың айтуынша, расында да мәйіт 50 жылда шіріп-ыдырап бітеді. Соның арқасында көп елдерде зиратқа жер бөлу мәселесі оңтайлы шешіліп отырады. Сон­дай-ақ белгілі бір уақыт өт­кеннен кейін зираттарды сая­баққа айналдыру тәжірибесі бар. Мәселен, Алматыдағы 28 пан­филовшылар саябағы – соның бір көрінісі.     

Кәмшат ТАСБОЛАТ