Салғырттық салдары немесе сарбаздың парашюті неге ашылмады?

Салғырттық салдары немесе сарбаздың парашюті неге ашылмады?

Жалпы, армиядағы салғырт-са­лақтықтың кесірінен парашют ашылмай қалған оқиғалар соңғы үш жыл­да бірнеше мәрте қайталанды. 2017 жылы келісімшарт бойынша қыз­мет етіп жүрген ефрейтор Е.Өз­бе­ков, 2019 жылы полковник С.Ал­доңғаров тура осылай пара­шюттің дұрыс ашылмауынан қаза тапқан болатын. Биылғы оқиғада десантшы жауынгер аман қалды. Алайда халі ауыр.  

Әскерилердің уәжіне сарбаздың анасы келіспейді

Әдеттегідей Қорғаныс министр­лігі қысқа ғана ақпарат таратты. Оқиға 5 тамызда болғанын айтты. Министрліктің баспасөз қызметі жауынгердің парашюті толық ашыл­мағанын, жердегі офицерлер­дің қосымша парашютті ашу туралы бұйрығына жауынгер назар аудар­мағанын мәлімдеді. Сарбаз пара­шютпен секірерден бұрын, жерде арнайы инструктаждан өткенін алға тартады. Ал сарбаздың анасы Күлжахан Жамауова әскерилер ұсынған нұсқамен келіспейтінін мәлімдеген. «Олардың айтуынша, балам жерден берілген бұйрықты тыңдамаған көрінеді. Бірақ мұндай бұйрықты беретін адамдардың қолында мегафон болуы керек қой. Ондай құрал әскерилерде болмаған. Баламның парашютінің бір арқаны жоқ екен. Парашюттің өзі тергеуші­нің кабинетінде жатыр. Сараптама басталған жоқ» деп мәлімдеді. Оның үстіне, төтенше жағдай болған соң баласына гемодиализ жасайтын портативті multiFiltrate аппараты қажет болған. Алайда оны әскерилер тек үш күн өткен соң Ақтаудағы аурухана­лардың бірінен тауыпты. «Балам жатқан ауруханада қазір ондай аппарат жоқ. Біз оны қаладағы кли­никалардың бірінен зорға таптық. 8 тамызға дейін күт­тік» – дейді Күлжахан Жамауова. Оның үстіне, сарбаздың анасы ба­ласын осы аппарат арқылы емдету үшін күніне 500 мың теңге қажет екенін айтады. Қазір бұл соманы сар­баз­дың доста­ры мен әскери бө­лімнің жауын­герлері жинап жат­қан көрінеді.  

Мамандар не дейді?

Бірқатар маман министрліктің кел­тірген уәжінің қисыны жоғын ай­тады. Яғни, жауынгерге жерден ха­барласу мүмкін емес. Өйткені оқиға тым биікте болған. Айталық, парашютпен секіруден кәсіби инс­труктор болып қызмет атқарған Алексей Оськин сарбаздың зардап шегуіне бірнеше фактор әсер еткен болуы мүмкін екенін айтады. Атап айтқанда, ең алдымен ұшақтан дұрыс секірмеу, парашютті қапқа дұрыс салмау, парашют жүйесінің техникалық жағдайының нашар болуы тәрізді бірқатар фактор әсер еткен болуы ықтимал. Ал мұндай жағдайда жауапкершілік сарбазға да, офицерлерге де түседі. Өйткені әрбір жауынгер өз парашютін өзі бүктеп, даярлауы керек. Ал мұны инструктор бақылап тұруы қажет. Дорбаға салынған парашютке арнайы белгі соғылып, қоймаға тапсырылады. Ұшатын кезде белгісі бүлінген парашют сарбазға берілмеуі керек. Алдын ала тексе­руден өтеді. Сондықтан оқиғаға біржақты баға беру қиын. Оның үстіне, парашюттен алғаш секіріп жүргендерге арналған техника әдетте сенімді саналады. Демек, бұл оқиғада жауапкершілік екі жақта да болуы керек. «Парашютші ұшақтан секірген сәттен бастап барлық жауап­кершілік те, тағдыры да тек өз қолында болады» дейді А.Ось­кин. Алайда ол Қорғаныс министр­лігінің жерден берілген бұйрыққа жауынгер назар аудармағаны жөнінде таратқан мәлімдемесін түсіне алмай отыр. Бұл жауапкер­шіліктен қашу­дың белгісі секілді. Себебі ұшақтан адам секірген бетте құлақ бітіп қалады. Ол тіпті 15-20 минуттан соң қал­пына келуі мүмкін. Сондықтан жауынгердің бұйрықты ести қоюы неғайбыл. Осы тұста сарбаздың анасы К.Жамауова мен А.Ось­киннің пікірі бір жерден шығып тұр. Дегенмен К.Жамауова айтқан мегафон болғанның өзінде оның дыбысын жауынгер 100-150 метр биікте ғана ести алады. Сон­дық­тан «жерден бұйрық берілді дегені ақыл­ға қонымсыз», – дейді маман. Қысқасы, министрліктің уәжіне келіспейтіндер көп. Әрі олардың алға тартатын дәйектері қисынды көрінеді. Сондықтан бұл істе тәуел­сіз сараптама жасалғаны дұрыс.  

Тәжірибелі офицер де мерт болған

Жалпы, Қазақстан армиясында салғырт-салақтықтың тым көп еке­нін соңғы 5 жылдағы оқиғаларға назар аударған адам бірден бай­қайды. Құлаған тікұшақтар мен ұшақтар, жарылған оқ-дәрі, істен шыққан техника біздің әскерде жиі кездесіп жүр. Мәселен, соңғы оқиға тіркелген Ақтау қаласында 2015 жылы теңіз десантшыларының 4 БТР-80 көлігі батып кеткен еді. Оқиға салдарынан 4 жауынгер қаза болған. Сол кезде жаттығуға бар-жоғы 6 БТР-80 көлігі қатысқан болатын. Демек, жаттығуға қатыс­қан барлық техниканың 66 пайызы батып кетті деген сөз. Кейін болған сотта оқиғаға адам факторы әсер етті деген шешім шыққан. Яғни, біз айтқан салғырт-салақтығымыз – осы. Ал тікелей парашютке қатысты оқиғаларға келсек, Қорғаныс министрлігі 2017 жылы ефрейтор Е.Өзбековтың қайтыс болғанын мәлім­деген еді. Ол оқиға 2017 жыл­ғы наурызда болған. Онда да пара­шют ашылмай қалған. Ал мерт болған ефрейтордың армияға жаңа барған сарбаз емес, келісімшартқа қалған кәнігі жауынгер екенін ес­керсек Қарулы Күштердегі тәртіп, техникалық қауіпсіздік, адам өмірін сақтау көңілден шықпайтынын аңғаруға болады. Келісімшартпен қызмет ететін сарбаздар алдымен мерзімді әскери борышын өтейді. Содан соң келісімшартен армия қатарын­да қалады. Демек Е.Өзбе­ковты парашютпен алғаш секірді деуге келмес. Жоспардағы жаттығу­лардың бірінде қаза болды. Деген­мен сол кезде Алматы төңірегінде болған жаттығуда сарбаздардың 2 шақы­рымнан астам биіктен секір­гені белгілі болды. Мұндайда де­сант­шылар төмен қарай оқтай ұшып, 30 секундтан астам пара­шюттерін ашпайды. Мұндай «ер­кін қалықтау» кезінде парашютшінің жылдамдығы сағатына 200 шақы­рым­нан асып кетеді. Бәлкім Е.Өз­беков осындай күрделі жаттығу кезінде мерт болуы ықтимал. Алайда кейін аталған сарбаз жайлы деректер ізім-ғайым жоғалды. Шамасы әске­рилер сарбаздың отбасымен келіс­кен болуы да мүмкін. Ал былтыр қайтыс болған полковник С.Алдоң­ғаров­қа келсек, ол өте тәжірибелі офицер еді. Офицер парашютпен 100-ден көп мәрте секірген. Тіпті түн­де де, қиын метео жағдайларда да секірген. Күрделі тәсіл­дерді қол­дануды да, тым биік­тен секіруді де жақ­сы меңгерген маман. Бірақ былтыр тамызда өткен кезекті жаттығу кезінде оның пара­шюті ағытылып кеткен. Офицер қосалқы парашютті іске қосқанымен 200-250 метр биіктікте ол толық ашылып үлгермеген. Сөйтіп, полковник қаза тапты. Сол кезде де министрлік оқиға адами фактордың, соның ішінде салғырт­тықтың салдарынан болға­нын алға тартты. Яғни, ми­нистрлік кез келген төтен­ше жағ­дайда ең алдымен адам факторын алға тартып шыға келеді. Ал Қарулы Күштерде қанша пара­шют бар, олардың сақталуы қандай, тозған жоқ па деген сансыз сауалға жауап жоқ. Армиядағы кез келген тех­ни­­ка­ға қатысты осындай сұрақ­тарға әлі күнге жауап берілген емес.   Түйін:

КСРО ыдырап, Қазақстан өз армиясын жаңа жасақтап жатқан жылдары, дәлірек айтқанда, 1992-2000 жылдар шамасында сарбаздар парашюттен жиі секіріп тұрды. Сарбаздардың парашютпен секіруі жылына 8 миллионнан асатын. Әрине, бұл жердегі есеп барлық десантшылардың жаттығулары бойынша екенін ескеру керек. Бірақ дәл парашюттің ашылмай қалғаны жайлы дерек сирек кездесетін еді. Ал соңғы үш жылда өкінішке қарай, жыл сайын парашютке қатысты төтенше жағдай тіркеле бастады. Бұл армиядағы жабдықтарды толық тексеруден өткізу қажет екенін байқатады. Әскерилердің өзіне салсақ, бәрін жылы жауып қоя салуы ғажап емес. Оқ-дәрі мен әскери жабдықтарды түгендеуді азаматтық сала мамандарынан жасақталған тәуелсіз комиссия есептемесе, армиядағы оқыс оқиға азаятын түрі жоқ.

 

Ардақ СҰЛТАН