Әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңі
Әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңі
295
оқылды

Еуразиялық интеграция институтында «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы басым бағыттарды сарапшылық талдау» тақырыбында кездесу өтті.

Іс-шараның мақсаты – Пре­зидент Жолдауында айтылған басты міндеттерді талқылау. Кездесуге тарих ғылым­да­рының кандидаты А.Ешмұра­тов, саясаттанушы К.Май­гел­динов, PhD доктор­лар – Д.Ба­заров пен Д.Айкенова, әлеумет­тік ғылым магистрлері Е.Руд­нева мен Е.Аманғосов қатысты.

Жолдауды талдау бары­сында модератор Д.Жанділ­дин Мемлекет басшысы көр­сеткен мәселелерге тоқталды. Кіріспе сөзінде Жолдаудың саяси маусымды ашып, елдегі әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңі белгілегенін атап өтті. Арман Ешмұратов алда­ғы өз­герістердің ел кәдесіне жа­ра­рын айтты. Жыл сайын оқуға түсе алмай қалатын 21 мыңға жуық мектеп түлегіне кәсіби бағыт-бағдар беру сая­саты жөнінде ой қозғады. Е.Ру­д­нева болса, оңалту орталықтары­ның жұмысын жақсартуға, инклюзивті қоғам құруға қатысты пікірін білдірді.

– Жолдауда «Ауыл – ел бесігі» жобасы жайы айтылды. Бұл жоба 2018 жылы Елбасы­ның қараша айындағы Жол­дауында «Рухани жаңғыру» бағытында аталған еді. Пре­зи­дентіміз «Ауыл – ел бесігі» жо­басы ары қарай жалғасатын мәлімдеді. Қосымша 90 млрд теңге бөлінетінін айтты. Бізде халықтың 40 пайызы ауылда тұрады. Урбанизация жұмысы жүріп жатыр. Ауыл халқын жұмыспен қамту, жағдайын жасау – жобаның негізгі мақ­саты. Осы бағыт қолға алынса нұр үстіне нұр болар еді. Қазақта «үш мамандық иесі жұмыссыз қалмайды» деген сөз бар. Біріншісі – мұғалімдер. Олар – ұлтқа тәрбие беріп, бо­лашаққа бағдар жасайтындар. Екіншісі – дәрігерлер. Ұлт сау­лығы солардың қолында. Үшін­шісі – диқаншылар. Ха­лықтың тоқшылықта өмір сүруін бақылайтындар. Осы үштік лайықты қызмет етуі үшін «Ауыл – ел бесігі» сияқты жобалар көбеюі керек, – дейді Дәурен Ермекұлы.

Еуразиялық интеграция институты әлеуметтік зерт­теулер орталығының бас ма­ма­ны Еркебұлан Аманғо­сов­тың баяндамасында жұмыс­сыз­дық мәселесі, халықтың несие алу статистикасы көр­се­тілген. Маманның айтуын­ша, елорда тұрғындары алған несиесін өтегенде, күнкөріс қамына керекті қаражаттан қысылады екен.

– Мысалы, елордалықтар арасында несиелік ахуалды анықтау мақсатында өткізіл­ген зерттеу барысында әр үшін­ші респондентте қар­жы­лық міндеттеменің екі түрі болса, ал 4,7 пайызында төрт түрлі қарыз бар. Әсіресе, кең таралған қарыз түрі – ломбард пен несиелік карта қарызы. Зерттеуде көрсетілгендей, респонденттер арасында не­сиені жабу үшін несие ала­тындар бар.

Әлеуметтік көмекке бюд­жеттен бөлінетін қаражат кө­ле­мі 2017 жылдан бері 17 есе көбейді. Соңғы 5 жылда Қа­зақ­станда атаулы әлеуметтік кө­мек алатындар саны 77 мың­нан 1,4 миллионға артқан, – дейді Еркебұлан Аманғосов.

Сондай-ақ кездесуде Жол­даудың стратегиялық, эконо­микалық, саяси даму вектор­ла­рын атап қоймай, көкейкесті мәселелер мен оларды заң дең­гейінде шешу жолы белгі­ленгенін жеткізді.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ