Шымкент қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауына байланысты қалалық актив жиналысы өтті.
Жиынға Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Б.Батаев, Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Н.Әбдібеков және басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері, мәслихат депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, этно-мәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар төрағалары және жоғары оқу орындары басшылары қатысты.
Маңызды шараны ашқан қала әкімі Ерлан Айтаханов Жолдауда көрсетілген 5 бағытты айшықтап айтып берді. Сонымен қатар қала басшысы белгіленген бағыттарды мегаполисте іске асыру бойынша нақты іс-шаралар мен міндеттер айқындалатынын атап өтті. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы – мемлекетіміздің даму қарқынын арттыратын маңызды құжат. Шымкент қаласы келесі жылы ТМД-ның басты мәдени қаласы ретінде таңдалғаны белгілі. Мерейлі мерекенің жоғары дәрежеде өтуі үшін қазір дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Осы орайда Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыру үшін шымкенттіктердің барынша үлес қосатынына сенімдімін», – деді қала басшысы.
Мәселен, бірінші бағытта көрсетілгеніндей Шымкент қаласы әкімдігіне азаматтардан келіп түскен әрбір өтініш пен жеке қабылдауға келген кез келген тұрғынның мәселесі қатаң бақылауға алынып, заң аясында нақты шешімін табуы керегі айтылды. Сонымен қатар қалада заң шеңберінен шықпайтын және азаматтардың тыныштығын бұзбайтын бейбіт акциялар өткізілетін орындар қайта қаралып бекітілетін болды.
«Президент Ішкі істер министрлігін реформалауға алдағы үш жыл ішінде 173 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Бұл қаражат еңбекақыны көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт-офистерін ашуға жұмсалатын болады. Аталған бағыт бойынша ағымдағы жылы қалада әл-Фараби, Еңбекші ауданындағы полиция басқармалары ғимаратында фронт-офистер ашылса, жылдың соңына дейін осындай фронт-офистер Абай және Қаратау аудандарында ашылмақ», – деді Ерлан Қуанышұлы.
Атап өтейік, Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізу қажетін айтты. Ал 2018 жылы Шымкент қаласында жалпы өңірлік өнім 2 трлн теңгені құрап, 12 пайызға артқан. Жиында осы жоғары деңгейдегі өсім қарқынын сақтап қалу мәселесі көтерілді. Осы жылы қалада Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында құны 38 млрд теңгені құрайтын 14 жоба іске қосылып, 1 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Жолдауда мәдениет қызметкерлерін қолдау шаралары да атап өтілді. Бұл, ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында орналасқан мәдениет саласындағы 18 мекемеде 1 536 адам жұмыспен қамтылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай келер жылы мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы өсетін болады. Сондай-ақ микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешім күшіне енетін болады. Демек, бұл Шымкент қаласында жұмыс істеп тұрған 66 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісіне үлкен қолдау болмақ.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы