«Қолынан түк келмейтін еркектердің «№1 адаммын!» деп кеуде қағуы – қателік» – Ерлан Мұстафин
«Қолынан түк келмейтін еркектердің «№1 адаммын!» деп кеуде қағуы – қателік» – Ерлан Мұстафин
Фото: Интернеттен алынды
256
оқылды
Санамызда әке тек соңғы шешімді қабылдаушы, бірақ балаларымен анасы сияқты емен-жарқын сөйлесе бермейтін кейіпкер ретінде қалыптасты. Оның үстіне экономикалық мұқтаждықтар тудырған уақыт тапшылығы оны көбіне жанұясынан алыс болуға мәжбүрлеп, өз балаларынан шеттете береді. Осындай кедергілер мен стереотиптерге қарамастан әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін арттыруға болатынын Қазақстандағы «EN BAQYTTY EL» қоры дәлелдеп келеді. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-тың гранты аясында әкелер институтын дамыту мен қолдау жөніндегі кешенді іс-шаралары іске асырылуда. Қордың өткізген семинар, әлеуметтік тренингтер мен мастер-класстары қазақстандық әкелерді бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөліп, басқалармен тәжірибе алмасуға қызықтыра түсті. Бұрын тек «өз жанұямның мәселесін өзім ғана шешем» деген ұстанымда тұйық өмір сүретін әкелер ортақ қауымдастық құруға ұмтылып жатыр. Жоба туралы әлі білмейтін азаматтар да осы ортаға келіп қосылып, білмейтінін бірге үйренуге мүмкіндік бар. Ең қызығы – жыл соңында байқау ұйымдастырылып, «Ең үздік әке» номинациясы тағайындалады. Дәл қазіргі отбасылық құндылықтардың рөлі төмендеп бара жатқан кезеңде әкелер институтын берік етіп қалыптастырып, сақтау қалудың маңызы зор екенін отбасылық психолог Ерлан Мұстафин де айтып отыр. – Ерлан, бала тәрбиесіне қатысты бізде қалыптасып қалған қағидалар бар. Әке – қатал, баламен көп әңгімелеспейтін, қабақпен ұқтыратын адам рөлінде де, ана – баланың сырласы. Осы ережеде қателік бар ма? – Қалыптасқан жағдайға, әр мәселеге қатысты жағдай әр түрлі. Кей кезде әкенің қатал болғаны дұрыс. Баланың қателіктеріне байланысты жаза да қолданылады. Ол – ұрып соғу емес, баланың әрекетінің дұрыс не бұрыс екенін түсіндіруге бағытталған жұмыстар. «Әке тек осындай болуы тиіс» деген қатып қалған ереже жоқ. – Баланың әкесімен көп сөйлеспеуі, тек анасымен сырласуы неге апарып соқтырады? – Әке мен баланың арасында байланыс, достық, сенім орнамаған болса, бала тек анамен ғана терең қарым-қатынасқа үйренсе, онда өмірдегі жағдайларға ол анасының ғана көзқарасының призмасында қарауы мүмкін. Әкесі сыртқары қалады да, ер адамның көзқарасы әсерін тигізе алмайды. Мысалы, бозбалаларда басқа адамдармен кикілжің туғанда ананың ұсынысы «қой қайтесің, конфликтіге барма» деген шектеулердің аясында болып, аналық қорғаныс тарапындағы пікір ғана айтылса, балада қайсарлық мінез оянбай, ұяң, ынжық, әлсіз адам болып өсуі ықтимал. Бұл араға әке араласып, тек «ұр, соқ» деген нұсқау беруі тиіс деген сөз емес. Бірақ өз тәжірибесі негізінде замандастармен қалай қарым-қатынас құру керек екенін, қандай әрекет жасау керек екенін түсіндіре алады. – Ал әкенің қаталдық таныта отырып, балаға қол жұмсауы тәрбиеге қалай әсер етеді? – Кез келген физикалық күш қолдану – әлсіздіктің белгісі. Ұру – бұл тәрбиедегі соңғы әрекет. «Менің сөзім өтпейді, тек ұрып-соғып мәжбүрлеймін» деген позиция болады. Ал мәжбүрлеудің артында қарсылық тұрады. Бала физикалық тұрғыда дамығаннан кейін мәжбүрлеуден қашқақтайтын болады. Сондықтан ұру арқылы балаға белгілі бір ойды дарыту мүмкін емес сияқты. Оның пайдасына қарағанда зияны көп. Әке мен бала емес, қатар екі адамды алып қарасақ та, екеуі бір-біріне күш жұмсаса, қатынас бұзылады. Ұратын адам мен таяқ жейтін адамның арасында достық орнауы күмән келтіретін дүние. – Балалар әлсіз, қиындыққа төзімсіз болып өспеуі үшін әке қай бағытта тәрбие беруі керек? – Кейде аналар әке мен ұл арасындағы ойынды тым қатал деп қабылдап қалуы мүмкін. Мысалы, күресудің, алысып-жұлысудың не болмаса жүгірудің өзін солай түсінеді. Себебі, ер-азаматтардың ойыны кішкене қатаңдау. Дегенмен әке баласына нәресте күнінен ден қойса, бірге спорттық ойындар ойнаса, хоббимен бірігіп айналысса, физикалық қана емес, интеллектуалдық жетілуіне әсер етіп, қайсарлықты да, ақылды да сіңіре алады. – Ал қыз бала мен әке арасындағы «ерекше» деп айтылатын қарым-қатынас қалай дамиды? – Біріншіден, қыз баланың әкесіне жақын болу сыры әкенің оны айрықша қорғаштау инстинкінде жатыр. Екіншіден, қыз бала өз әкесінен «Ер адам қандай болу керек?» деген рөлдік модельдерді сіңіреді. Өзінің болашақ жарын таңдаған кезде, өз әкесінің анасына көзқарасын, сыйластығын салыстырады. Қазір зерттеулер мынадай қызық нәтиже беріп жатыр: отбасында әкесінің анасын ұрғанын көрген қыз балалар үшін өзі күйеуге шыққанда соның ықтималдығы артады. Кейін қыз өзіне қол жұмсайтын жігітке күйеуге шығуы мүмкін. Себебі, ол «ер адам осындай дөрекі болуы керек екен» деген стереотипті сіңіріп, сондай азаматтарға жақын болады. Тіпті, болашақ жарының мінезі ондай болмаса да, психологиялық тұрғыдан, провокациялық әрекеттермен соған өзі итермелуі ықтимал. Сондықтан әке қызының жақсы ер-азаматқа тұрмысқа шығуын қаласа, дұрыс рөлдік модель бола білуі тиіс. – Отбасындағы әкенің доминантты рөлінің бала тәрбиесінде қандай салдары бар? – Бұрынғы кезде ер-азаматтың отбасын толыққанды қамтамасыз етуші рөлі болған. Сондықтан бүкіл ресурстардың иегері де, шешім қабылдаушы да сол еді. Қазіргі заманда бұл түсінік өзгеріп келеді. Кей отбасыларды ресурспен әйел де бірге қамтиды. Сол тұрғыдан алсақ, теңдік позициясы орнауда. Олай болмағанның өзінде, ер адам «шешім қабылдаушы тек өзім» деген тоғышарлықтан аулақ болып, мәселелер ақылдасылғаны жөн. Тек әйелінің емес, балалардың да ойын ескеріп отырған дұрыс. Сонда отбасылық кеңес болады, татулық орнайды. Әке отбасындағы «идеал» болғысы келсе, ол тек соңғы нүктені қоюшы бірінші позицияға ғана ұмтылмай, баланың тәрбиесіне тең араласып, әйелін сыйлауы керек. Сол кезде «билікті» оған отбасының басқа мүшелері өздері-ақ бере салады. Ал түк әрекет істемей, «мен отбасындағы бірінші адаммын» деп кеуде қағу қателік болар еді. – Батыс елдерінде әкелер клубы, әкелер қауымдастығы секілді орталар қалыптасқан. Бізде әкелерді бала тәрбиесі жолында біріктіруге не кедергі? – Біріншіден, бізде «өзімбілемдікке» салынатын әкелер көп. Қараңызшы, әйел азаматтарда ана болуға дайындалып жүрген күннен бастап кеңесшілер пайда болады. Құрбылары, әпкелері, енесі, тағысын тағы жақындары ана атануға үйретеді. Ал ер-азаматтарды әке болуға ешкім үйретпейді. Мен өзім 5 баланың әкесімін. Алғашқы балам дүниеге келерде ешкім нұсқау беріп, әке болудың ерекшеліктерін түсіндірген жоқ. Өкінішке қарай, жігіттерде «өзім шешем, өзім білем» деген позиция күшті. Қоғамда сондықтан әке институттары жоқ. Әр азаматтың отбасы оқшауланған, ол жерге ешкімді жақындатқысы келмейді. Отбасында болып жатқан жағдайды достарына айтпайды. Әкелік жолда бір сұрақ туындап тұрса, кімнен сұрайды? Бала туғанда көбі әйелді ғана ойлап, назар соған ауады. Сол сәтте әкенің де үлкен стрессте болатынын ешкім ескермейді. – Әкелердің пікір алмасып, көмек іздейтін институттарын қалай қалыптастыруға болады? – Менің ойымша осы саланың мамандары ғылыми жұмыстарды, әлеуметтік зерттеулерді көбейткені жөн. Қоғамда әкенің рөлі туралы медиаматериалдарды еселеп, санаға сіңіре берсек біртіндеп түзелетін шығармыз. Әйтпегенде отбасында әкенің рөлі төмендеп кетсе, ол қоғам өміріне өте кері әсерін тигізеді. Біз қазірдің өзінде соның салдарын тартып жатырмыз. Қазақстанда жанұялардың үштен бір бөлігі ажырасып кетіп жатыр. Ресми тіркелмей ажырасқандарды алсақ, одан да көп болуы мүмкін. Ендеше балалардың біразы толық емес отбасыларда тәрбиеленіп, әкенің қандай болуы керектігі туралы дұрыс рөлдік модельдерді көріп жатқан жоқ. Ертең өскенде баланың өзі де ажырасуға бейім болуы ғажап емес. Ажырасқан отбасындағы балалардың психикасында «жарақат» бар десек, ол баланың тұлға болуы қалыптасуына да қатты кедергі келтіреді. Менің ойымша, біздің ең басты міндетіміз – саналы әке ұғымын қалыптастыру. Ол үшін отбасы құндылықтары кеңінен дәріптеле беруі тиіс. - Әңгімеңізге рақмет!