Ел экономикасында маңызы зор газ саласы әр қазақстандықтың шаңырағындағы жылу мен шаттыққа да тікелей әсер етіп отыр. Көгілдір отынмен үй жылытып, су ысытып, ас әзірлеп үйренген тұрғындардың басындағы қуаныш енді солтүстік өңір тұрғындарына да келер күн алыс емес.
Ал осы саланың болашағына жауапты 200-ден астам жас маман Нұр-Сұлтан қаласында өткен Жастар слетіне қатысып, өзара тәжірибе алмасып, жеке тұлға және кәсіби маман ретіндегі дамыту шараларына атсалысты.
«Ұрпақ тәжірибесі және бүгінгі энергия – келешек игілігіне» атты үшінші слет ұлттық газ операторы «ҚазТрансГаз» компаниясының құрамына енетін «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның ұйымдастыруымен өтті. Жалынды жастардың жұмысқа ынтасын ашу, жауапкершілігін арттырып, корпоративтік рухта тәрбиелеуді мақсат еткен шараны «Интергаз Орталық Азия» АҚ Бас директоры Валентин Хван ашты. Газ саласындағы мамандардың ерекше кәсіп иелері екенін атап өткен бас директор олардың бойында жауапкершілік, еңбексүйгіштік пен табандылық атты басты қарулары барын тілге тиек етті.
«ҚазТрансГаз» компаниялар тобында 4 мыңға жуық жас маман жұмыс істеуде. Яғни, жастардың үлес салмағы 30%-дан асады деген сөз.
«Тағдырымызды Қазақстанның газ саласымен байланыстырып, Орта Азиядағы газ тасымалының ең қуатты операторы құрамында қызмет етіп жүргенімізді мақтан тұтамыз деген жастар өз ойларын ортаға салды.
«Интергаз Орталық Азия» АҚ «Орал» МГҚБ Орал ЖӨБ басшысы Әлімжан Балмұханов 25 жасында жұмысқа қабылданып, кәсіби өсу жолынан өткенін, басшылықтың ұжымдағы жастарға үлкен сенім артып, өндірістің қиын да жауапты тұстарында еңбек етуге баулитынын атап өтті. Оның сөзінше, «Интергаз Орталық Азия» компаниясы іс-тәжірибе алмасу мақсатында шетелдік компаниялармен де жұмыс істеуде. «Бұл – ресейлік, қытайлық компаниялар. Сондай-ақ газ құбырын тарту бойынша «Азиялық газ құбыры» сынды компаниялармен де жұмысты жалғастырып жатырмыз» дейді Ә.Балмұханов
«Біз компанияның өндірістік жетістіктерімен, оның жоғары іскерлік беделімен және Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін дамытуға бағытталған ауқымды жобаларымен мақтанамыз. «ҚазТрансГаз» мұнай-газ саласының драйверіне және Орта және Орталық Азиядағы газ ағындарының технологиялық ең мықты операторына айналды» деді ол.
Ә. Балмұханов өз сөзінде 3 мың жас маман атынан Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ басшылығына жас таланттарды қолдағаны және жас мамандардың өсуіне қолайлы жағдай жасап отырғаны үшін үлкен алғыс білдірді.
Слет бағдарламасына бұдан өзге жеке тиімділік бойынша тренингтер мен шеберлік сыныптары, зияткерлік-спорт ойындары мен көшбасшылық қасиеттерін, командада жұмыс істеу дағдыларын арттыратын және ой-өрісті кеңейтетін байқаулар кірді.
Компания қызметкерлері арасында жыл сайын ұйымдастырылатын «Үздік жас маман» сынды байқауларда топ жарып, кәсіби тұрғыда өсуге мүмкіндік алған жас маманның бірі – Төлеген Сатарқұл. Мұнай-газ саласы бойынша Шымкент қаласында оқып, бакалавриат және магистратураны тамамдаған. Бүгінде Төлеген – «ИОА» АҚ магистралды газ құбыры басқармасы Шымкент қаласындағы филиалының өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі бойынша бірінші санатты инженері. Компанияда жұмыс істегеніне бір жарым жыл. Бастапқыда компанияға газ тарату стансасының операторы ретінде жұмысқа қабылданған. Төлегеннің айтуынша, компания жастардың кәсіби дамуына мол мүмкіндіктер жасауда. «Компания тарапынан жастарға толықтай жағдай жасалып жатыр. Қосымша әлеуметтік көмек бар. Компанияда байқаулар жүргізіліп, қосымша үстемеақы төленеді. Сондай-ақ компания жұмыскерлердің бала-шағасы мен жанұясын да назардан тыс қалдырмайды» дейді ол. Т.Сатарқұл мемлекеттің газ саласы қарқынды даму үстінде екенін алға тарты. Газбен қамту бойынша тек солтүстік өңірлер ғана қалған. Ендігі мақсат – солтүстік аймағына газ құбырын тартып, республика аумағын толықтай жылумен қамтамасыз ету. Газ өнеркәсібі саласында білім алып, соңынан ерген жастарға Төлеген өз кәсібін толық игеру, білім-ғылыммен қарулану қажеттігін айтады. Төлегеннің сөзінше, білімі бекем жастың алар асуы биік, басқан әр қадамы нық болмақ.
Іс-шараның панельдік сессиясы барысында жастар компания басшылығына түрлі сауалдар қойып, пікір алмасты. «Инновациялар мен стартаптар» сессиясы аясында қатысушылар инновациялық мазмұндағы 9 жобасын ұсынды. Олардың ең үздігін сараптау комиссиясы анықтайтын болады.