Ұлытау сапарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жошы ханға қатысты мәселе көтергенде елде қуанбаған жан қалмаған сыңайлы. Бұл бір жағынан, кешегі тарихи бұрмалаулар қайта қалпына келтіріліп, мемлекет тарихының елеулі кезеңдері әлі түбегейлі зерттелмегенінен де болар. Ең бастысы, көне тарихты білуге, бабаларға құрмет қылуға, олардың бойындағы бекзат болмысты қайта жаңғыртуға, солардай болуға деген ынтызарлық қанымызда тулап жатқандай. Бүгінгі қазақ мемлекеті – Алтын Орданың тікелей мұрагері. Татар, ноғай, башқұрт халықтары да өзіміз секілді тең атаның ұрпағы. Яғни, мұрагерлік – бәрімізге ортақ, біздікі, оныкі деп таласу – білімсіздік.
Түркияның кітапханаларында зерттеумен айналысып жүргенімде Алтын Ордаға қатысты деректер қолыма тиді. Ең бірінші Алтын Орда билеушісі Ахмет ханның Русь князі ІІІ Иванға жолдаған жарлығына көзім түсті. Дегбірсізденіп, дереу оқи бастадым. Сонда: «...Ахметтің Иванға сөзі. Әлемнің (жердің) төрт бұрышынан (шетінен), 12 (он екі) теңізінен, 17 (он жеті) ордасынан, Ұлы Ордадан» деп бастапты. Ал, елестетіп көр, мемлекеттің аумағын. «Он жеті орда» дегені Алтын Орда құрамындағы кіші хандықтар болса керек. «Ұлы Орда» болса, солардың басын біріктіріп, әмір жүргізіп отырған жоғарғы билік емес пе?!
Жарлықта Русь князі ІІІ Иванның Алтын Ордаға төлейтін салығы, оның мөлшері мен уақыты және екі ел арасындағы қарым-қатынас сөз болыпты. Зерттеушілердің айтуынша, жарлық әуелде Алтын Орданың мемлекеттік тілінде жазылғанымен бүгінге дейін оның орысша аудармасы ғана жетіпті. Қазіргі уақытта Мәскеудің мемлекеттік тарихи музейінде сақтаулы тұр екен. Жарлықтың тарихи мәні туралы орыс тарихшылары К.Базилевич (1948), А.Григорьев (1987), А.Горский (2000), Р.Почекаев (2015), америкалық тарихшы Е.Кеенан (1969) және түрік тарихшылары И.Кемалоглу (2009) мен М.Өзиетгин (2017) секілді ғалымдар зерттеген.
Қолыма алып көргенім – сол аударманың көшірмесі. Кирилл әріптерімен жазылған жарлықты ұстап тұрып, «шіркін-ай, түпнұсқасы сақталғанда ғой. Бабамның жазған хатын көзбен көріп, ежіктеп болса да оқыр едім» деген арман өкінішпен араласып, ішімді удай ашытты. Сөйтіп тұрғанда, екінші жазба еріксіз назарымды аударды. Ол – Ұлық Мұхамед ханның 1428 жылдың 14 наурызында Осман империясының сұлтаны ІІ Мұратқа жолдаған хаты екен. Міне, көрдім де, еріксіз толқыдым. Араб әрпімен жазылып, бес жерге мөрі басылған. Жазу өрнегі де сұлу. Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білігінде» ханның жанында сөзін жазып отыратын хатшысы болатынын, оның «бітікші» немесе «ылымға» деп аталатынын оқығанмын. Кенет көз алдыма ханның мына сөздерді айтып жатқаны, оны хатшының жазып отырғаны елестеді.
Ұлық Мұхамедтің хат жолдап отырған Осман жұрты да бізге алыс емес, осы топырақтан қоныс аударған түбі бір туыс ағайын ғой. Әйгілі Доспанбет жыраудың
«Азау, Азау дегенің,
Әл-Ғұсман-паша жұрты екен,
Діни исламның кірті екен» деп жырлайтыны бар емес пе?! Сөйткен Осман жұртына Ұлық Мұхамед былай депті:
«Хақ Тағаланың жарылқауы, Мұхаммед пайғамбардың мұғжизаларымен! Мұхамедтен Гази Мұрадқа сәлем!
Бұрынғы хан ағаларымыз бен сіздің Рум өлкесін билеген аталарыңыз, ағаларыңызбен өзара елші, хабаршы жіберіп, сый-сияпат, сәлем алысып, әрі-бері ортақ саудагерлер жүріп, жақсы барыс-келіс жасайтын едік. Кейін хан ағамыз Тоқтамыс хан сіздің Ұлық бабаңыз Гази Баязид бекпен бұрынғы жақсы жосынға (дәстүрге) сай елші, хабаршы жіберіп сәлем жолдап, сый-сияпат алысып, екеуі де достық, жақсылық үстінде жүріп Тәңірінің рақымына қауышты.
Енді Хақ Тағала жарылқап бұрынғы хан ағаларымыздың ұлық орнын (тағын) беріп тұрғанда өзара таласып қалдық. Соңғы замандарда мүмкіндік туып, тақ Барақтың қолына тиіп еді. Бұрнағы жылы Құдайдың жарылқауымен әскермен барып, Барақ пен Мансұр қудық. Тақты, билікті Тәңір бізге берді. Олар да өз елдерін алып қашып кетті. Бір-екі жыл Өзенде қыстаймыз деп көшіп келіп жүрміз. Кейін сізге кісі жолдасақ, хабаршыны өткізбейді деп жібермедік. Содан соң сізден су жолымен кісі келетінін білдік, амал қанша келмеді. Сіздің жақсы атыңызды, аман-есеніңізді Хажы Ибадтан білдік... Енді... екеумізге бір ғасырда дәулет бұйырғанда біз тағы Тәңірінің жәрдемімен бұрынғы жақсыларымыздың жосынына (дәстүріне) сай жақсы барыс-келіс жасап, арамызда елші, хабаршы, сәлем жолдап, сый-сияпатымыз ұласып, ортақ саудагерлеріміз келіп-кетіп жүрсе, «тән кетер, мәңгілікке абырой қалар» деген жақсы атқа жарасатыны осы болмай ма?! Олай болса, арамыздағы бір бөлік кәуірді кетіруге қандай іс жасау керек болса, соны жасайын. Қара жолмен және сумен ортақ саудагерлер келіп-кетіп, жарлы міскін тіршілігін қылсын. Соңыра сіздің аман-есеніңізді көріп келсін деп Хажы Ибадтан хат және сәлем жолдадық.
Бізді жақыннан көрмек үшін кісі жолдасаңыз да өзіңіз білерсіз деп хат және сәлем жолдадық. Мешін жылы, Орда өзені жағасында жазылды. Жылдың Жәмәзиәууәл айының жиырма жетінші күнінде».
Хатты оқып отырғанда, әуелде екі елдің арасы жақсы болып, кейін алшақтағаны аңғарылады. Қарым-қатынастың үзілуінің бір себебі, Алтын Ордада орын алған таққа талас болса, екіншісі Ақсақ Темірдің Алтын Орда мен Осман империясына жасаған жорықтары еді. Қалай болғанда да, Ұлық Мұхамед бұрынғы жосынды жалғап, екі ел арасындағы байланысты нығайтқысы келетіні байқалады. 19 қатардан тұратын жазуы бар хатты оқып отырып, сол тарихи сәттердің ортасында жүргендей күй кештім. Бұл хаттың тағы бір ерекшелігі, бес жеріне төрт бұрышты етіп, Ұлық Мұхамедтің мөрінің басылуы. Мөрдегі жазу тіпті қатты ойландырды. Онда былай дейді:
«Лә иләһә иллаллаһ Мухаммад расул Аллаһ
Мән адале мелеке уа мән залеме хелеке
Ас-султан әл-әділ
Мұхаммед хан».
Тарихи маңызы зор бұл хаттың түпнұсқасы бүгінде Стамбұлдағы Топкапы сарайы музейінің архивінде сақтаулы. Қолыма алып көргенім – соның көшірмесі. Көнеден жеткен баға жетпес жәдігердің мәні хақында бірқатар зерттеу жүргізіліпті. Атап айтқанда, түрік ғалымдары А.Курат (1937, 1940), Т.Халаси-Кун (1949), М.Өзиетгин (1996, 2017) және ресей ғалымдары Т.Султанов, (1973, 1975), И.Зайцев (2002), Л.Абзалов (2013).
Алғашқы жолы көз қарақты кісіге мұсылманша кәлима шәһәдат екені белгілі. Екінші жолдың қазақшасы «Кім әділ болса, билік жүргізеді. Кім зұлым болса, жоқ болады» дегенге келеді. Биліктің ғана емес, өмірдің бар мәні, бұлжымас заңдылығы осы бір ауыз сөзге сыйып тұрғандай. Сірә, бұл «аш халықты тоқ қылам, аз халықты көп қылам» деп күндіз отырмаған, түн ұйықтамаған Күлтегін, Тоныкөк, Білге Қағандардан, туралығымен тарихқа енген Алып Ер Тоңғадан, Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білігінде» әділдігімен аты аталған Бұғра хандардан қалған дәстүр, өмірлік пайым болса керек. Ғасырлар бойы әбден тәжірибеден өтіп, жүрек түкпірінен шыққан сөз секілді. Сондықтан болар, терең ойландырды. Үшінші жолда «Әділ сұлтан Мұхамед хан» депті.
Тарихи маңызы зор бұл хаттың түпнұсқасы бүгінде Стамбұлдағы Топкапы сарайы музейінің архивінде сақтаулы. Қолыма алып көргенім – соның көшірмесі. Көнеден жеткен баға жетпес жәдігердің мәні хақында бірқатар зерттеу жүргізіліпті. Атап айтқанда, түрік ғалымдары А.Курат (1937, 1940), Т.Халаси-Кун (1949), М.Өзиетгин (1996, 2017) және ресей ғалымдары Т.Султанов, (1973, 1975), И.Зайцев (2002), Л.Абзалов (2013).
Әсілінде, Алтын Орда «ағаш қазан» секілді бір қайнап, жоқ болған мемлекет емес қой. Ол өзіне дейінгі ежелгі сақ, ғұн, Көктүрік, Қарахан қағанаттарының заңды жалғасы. Шыңғыс хан құрған империямен бірігіп, қайта енші алып шыққан мемлекет емес пе?! Бүгінгі Қазақ мемлекеті де осылардың заңды мұрагері екеніне ешкімнің дауы болмас. Демек, бұл хаттың бүгінгі қазақ мемлекетінің тарихында алар орны ерекше.
Бекарыс НҰРИМАН,
ғалым