Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті / Фоторепортаж

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті / Фоторепортаж

Бүгін дәл осындай жаңа форматта кездесіп отырғанымыздың өзі оң өзгерістерге бәріміздің мүдделі екенімізді көрсетеді. Халық бізден нақты ұсыныстар мен нәтиже күтіп отыр, – деп мәлім етті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеңестің алғашқы отырысында.

«Біріншіден – пікір плюрализмі. Ұлттық кеңесте әртүрлі әлеуеттік кәсіби топтар, сонымен қатар экономикалық, саяси көзқарастар мен ұстанымдардың кең ауқымды спекторы шоғырланған. Екіншіден – қоғамдық диалогты институттау. Біздің бірлескен жұмыс үшін барлық жағдай жасалған. Үшіншіден – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев негізін қалаған жаңғыру үдерісін «бір ел, бір халық» болып жалғастыру арқылы»,– деді Мемлекет басшысы.

Ұлттық қоғамдық кеңес отырысы барысында Қ.Тоқаев қоғам болып, жұртшылықты еңбекке баулу керектігін айтты. «Мемлекет өз азаматтарын тыңдай білуі тиіс. Ең бастысы тыңдауы керек. Біз мемлекеттің әлеуметтік саясатын қайта қарауымыз керек. Ұлттық экономика – біздің қазақстандықтардың әл-ауқатына негізделуі тиіс. Басқаша айтқанда, мемлекет табысын бөлуде әділдікті күшейтуге тиіспіз. Бірақ, масылдық пиғылдың орын алуына жол берілмейді. Өкінішке қарай, бұл кесел ұлттық мінез-құлқымызға кері әсерін тигізуде. Біз бүкіл қоғам болып, жұртшылықты еңбекке баулуға тиіспіз. Табысты жұмыс істегені үшін азаматтарды қаржылай ынталандыру керек. Бұл – мемлекеттің міндеті. Біз осы міндеттерді орындауымыз керек», – деді ол.

Сондай-ақ, кеңес отырысында Президент соңғы уақыттары қоғамды дүр сілкіндірген «Қытайдың 55 зауыты көшіп келеді» деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді. «Тағы да шегелеп айтамын, жерімізді ешкімге бермейміз. Халқымыздың мұң-мұқтажын әрқашанда ескереміз. Елде әртүрлі қауесет тарап жүр. «Көрші елдің 55 компаниясы көшіп келеді екен, жер шетелдіктерге сатылады» деген. Мұның бәрі жалған, қауесет. Шетелдік инвестициялар елдегі игеру қажет салаларға тартылады. Мұндай қауесеттер адамдардың тұтынушылық сезімдерін басқаратын зұлым адамдардан шығады. Соның ішінде эмоционалды адамдарды өздерінің нақты мақсаттарына жету үшін пайдалану. Мұндай айла-тәсіл геосаясаттың бір бөлігі екенін түсінуіміз керек, оның мақсаты халықтың бірлігін бұзу. Қазақстандағы жағдайдың тұрақтылығын бұзу», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

«ЕҢБЕК КЕДЕЙЛІГІ» ДЕГЕН ТҮСІНІК ҚАЛЫПТАСЫП ОТЫР

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында сөз алған саясаттанушы Саясат Нұрбек елде тиімсіз жұмыспен қамту белең алғанын айтты. «Біздегі Білім және ғылым министрілігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі адам капиталын бірлесіп дамыта алмай отыр. Бірінші мәселе – білімге деген жаппай сұраныс жоқ. Жұмыс берушілердің 91 пайызы түлектердің практикалық білімі мен машығы жоқ екенін айтуда.   Диплом иелерінің жартысына жуығы  өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. 25 жастан кейін біздің адамдар білім алуды тоқтатады» - деді С.Нұрбек. Саясаттанушының айтуынша, біздің қоғамда адамдар біліктілігін арттыруға зер салмайды.  Сол себепті елде «Еңбек кедейлігі» деген түсінік қалыптасып отыр. « Мысалы, бізде дәрігер мен көлік жүргізушісінің айлықтарындағы айырмашылық 20 пайыздан аспайды. Ал АҚШ-та бұл көрсеткіш  – 260 пайыз, Германияда 174 пайыз, Бразилияда 172 пайыз. Осылайша, неғұрлым жоғары білікті, шығыны елеулі мамандықтарға сұраныс байқалмай отыр. Бұл өте күрделі проблема», – деді С.Нұрбек.

МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУІ КЕРЕК

Бұдан бөлек, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде бірнеше ұсыныс ортаға тасталды. Мәселен, қоғам қайраткері Асылбек Қожахметов мемлекеттік органдар халыққа қызмет етуі керек деген қағида орындалмай келе жатқанын мәселе етіп көтерді. «Елімізде мемлекеттік органдар кеңселеріне азаматтардың қол жетімділігі наразылық тудырады. «Халықтың мемлекеттік кеңселерге емес, мемлекеттік кеңселердің халыққа қызмет етуі керек» деген қағида орындалмай келеді. Мемлекеттік органдардың азаматтарға айқара ашылған есігін көру мүмкін емес. Сондықтан, сәтті тәжіриебелерді қолданып, әр меморганда кездесулер мен көпшілік іс-шараларды өткізу үшін Үкіметтік емес ұйымдар өкілдеріне рұқсат құжаттарынсыз, шектеу жасалмай, ұялы телефондарымен кіре алатын әр мекеменің бірінші қабатында арнайы көпфункционалды кеңістік құру жөнінде ұсыныс жасаймын», – деді А.Қожахметов.

Еске сала кетейік, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган саналады. Ұлттық кеңес қызметінің негізгі мақсаты - жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның өкілдерімен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар. Ол өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы ережені басшылыққа алады.