Алматыда тегін гаджетті кімдер алады?
Алматыда тегін гаджетті кімдер алады?
фото: ашық дереккөз
5,260
оқылды
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Алматыдағы 75 мың оқушы мен 2 мың мұғалімге онлайн форматта оқу үшін тегін гаджеттер беріледі. Бұл туралы білім басқармасы басшысы Ләззат Жылқыбаева мәлімдеді. «Алматы қаласында эпидемиологиялық жағдайға байланысты кезекші сыныптардың ашылуы туралы хабар 20 тамыздан кейін белгілі болады. Кезекші сыныптар ашылған жағдайда тек бастауыш сыныптарға ашылады. Ондағы бала саны 15-тен аспауы тиіс. Қалған 5-11 сыныптар онлайн форматта оқитын болады. Қазір біздің білім ғимараттары балаларды онлайн оқытуға да, қашықтан оқытуға да дайын», – деді қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева. Оқушыларды онлайн форматта оқыту үшін бірінші кезекте аз қамтылған және көпбалалы отбасылар гаджеттермен қамтылады. Қала бойынша мұндай отбасылардың саны 22 мыңнан асады. Мониторинг жүргізу барысында 75 мың бала мен 2 мың мұғалімнің үйінде компьютерлік техиканың жоқ екені белгілі болды. Қалалық білім басқармасы олардың бәрі де кем дегенде қыркүйектің 15-іне дейін толығымен компьютерлік техникамен қамтылатынын айтты. «Бүгінде балаларды компьютерлік техникамен қамтамасыз ету үшін қаладағы қайырымдылық қорлар да бізге көмектесіп жатыр. Одан бөлек, айта кететін жайт, қаладағы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға компьютерлік техникалар сыйға беріледі. Ал қалған отбасылар онлайн оқу форматы біткеннен кейін бізге қайтарып берулері керек. Осылайша қазіргі мәселені жүйелі шешуді жоспарлап отырмыз», – деді қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева. Қазір оқушыларға кітаптар үлестірілуде. Қауіпсіздік үшін оқулықтар кезекпен беріліп жатыр.