Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Нұр жолы" кеден бекетінің 8 лауазымды қызметкері ұсталған сәттің видеосын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, ұлттық қауіпсіздік комитеті мен бас көлік прокуратурасы бірлесіп өткізген операция барысында "Нұр жолы" кеден бекетінде жұмыс істеген 8 лауазымды тұлға ұсталды. 30 шақырымға дейінгі кептеліс пайда болғаннан кейін арнайы тексеріс жүргізуге шешім қабылданған. Сол кезде Қытай Халық Республикасына көлік өткізгені үшін заңсыз ақша алынғаны анықталды.
"Кеден бекетінің 6 лауазымды тұлғасы ұсталып, Талдықорған қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал 2 қызметкер өз кінәсін толық мойындауына байланысты ұсталған жоқ", - дейді тергеушілер.
Айта кетейік, бұған дейін бас көлік прокуратурасы "Нұр жолы" кеден бекетінде сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен мемлекеттік кірістер, сондай-ақ ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау органдары қызметкерлерінің ұсталғанын хабарлаған болатын.
Істі тергеу барысын бас көлік прокуратурасы бақылауға алды. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді, делінген ведомство хабарламасында.