Өзім сынды мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселесін биік мінберлерде көтерсем деймін
Өзім сынды мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселесін биік мінберлерде көтерсем деймін
Елімізде «Nur Otan» партиясының праймериз науқаны бастау алды. Бүгін өңірлерде алғашқы үміткерлер өтінім беріп, өз бақтарын сынауға тәуекел етті. Жамбыл облысы да саяси науқаннан шет қалмай, үміткерлер белсенділік танытуда. Олардың ішінде қарапайым ауыл тұрғынынан бастап, көпбалалы аналар, өзге ұлт өкілдері және мүмкіндігі шектеулі жандарға дейін бар. Осы орайда біз праймеризге құжатын өткізген І топтағы мүгедек Ерлан Сейдазыммен тілдескен едік. Жалпы Ерлан мүмкіндігі шектеулі болғанымен өмірге құштар жан. Бұған дейін «Жандану» қоғамдық бірлестігінде өзі сынды мүгедектерге компьютер тілін үйретіп келсе, жуырда өзінің «Жас ұрпақ» қоғамдық бірлестігін құрып алды. Мұнда жалынды жас мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін көтеріп, олардың түрлі жобаларына жан бітіруде. Негізі мен «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалының кадрлық резервісінде тұрмын. Содан праймериздің жарияланғанын естіп, қуана бақ сынауға бел будым. Арманым Тараз қалалық мәслихатының депутаты атану. Осылайша бәрін төменнен бастап, өзім сынды мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін биік мінберлерде көтерсем деймін. Праймеризге өтінімді электронды түрде бердім. Бәрі түсінікті, әрі ашық өтті. Осындай жақсы мүмкіндік сыйлап, жол ашып отырған Елбасына, Президентке, «Nur Otan» партиясына алғысым шексіз, – дейді Ерлан. Иә, тараздық жастың таудай талабын көріп біз де тәнті болдық. Ерланның партияішілік іріктеуден сәтті өтіп, аңсаған арманына қол жеткізуіне шын жүректен тілектеспіз!

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы