Қызылорда облысы активі отырысында алғашқы кезекте орындалатын басты міндеттер талқыланды. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған тұңғыш Жолдауына сүйене отырып, ел өміріндегі түйткілді мәселелердің шешімін табуға тырысты.
Президент Үкіметке, салалық министрліктерге, әкімдерге және жауапты тұлғаларға ел экономикасын серпінді дамыту бойынша зор міндеттер жүктеп, нақты нәтижеге қол жеткізуді тапсырды. Осы бағытта Сыр өңірінде де ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны облыс активінде қозғалды.
– Өз кезегінде әрбір отандасымыздың әл-ауқатын жақсарту мен елімізді әлемдік көшбасшы мемлекеттің қатарына қосу – Қасым-Жомарт Кемелұлының басты назарындағы мәселе. Сондықтан сәт сайын құбылып, геосаяси жағдай жылдам өзгерістерге ұшырап жатқанда Президенттің тапсырмалары мен бастамаларын бұлжытпай орындап, Сыр елінің ауызбірлігін көрсетуіміз қажет. Бұл орайда, біздің ендігі міндет – әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту арқылы тұрақтылық пен татулықты нығайту, – деді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов.
Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жетуге болатынын сөз еткен. Соған орай, Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді даму стратегиясына және Ұлт жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндетті іске асыруды тапсырды. Бұл жайында облыс әкімі шикізаттық емес экспорт көлемі соңғы 3 жылда 3 есеге өскенін, екінші бесжылдық аясында 28 жобаның 7-і іске қосылғанын, жыл соңына дейін тағы 4 жоба жұмысын бастайтынын жеткізді.
– Жалпы, индустрияландыру бағдарламасының І және ІІ бесжылдығы аясында өңірімізде құны 150 млрд теңгені құрайтын 24 жоба іске асырылып, 1,6 мың жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде, өнеркәсіп өніміндегі өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 2010 жылы 4,3 пайыздан 2018 жылы 12,6 пайызға жетті. Яғни, бұл көрсеткіш 3 есеге артты, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға қойылған міндеттердің бірі – шетелден тікелей инвестиция тарту. Осы орайда, облыста инвестиция тартуды жетілдіру жөнінде іс-шаралар жоспары орындалуда. Бұған қатысты жұмыстарды жүргізіп отырған – инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес. Бұл кеңес 2016 жылдан құрылған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Жолдауда әлеуметтік жаңғыруға маңызды мәселе тұрғысынан тоқтап, мамандар даярлау жүйесінің нақты еңбек нарығынан тыс қалып, еңбек ресурстарының балансын есепке алмаудың тиімді әдістемесі қалыптаспағанын атаған. Президенттің оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беруді міндеттеген тапсырмасын облыс толыққанды орындауда. «Үш жыл қатарынан қызылордалық түлектердің университеттер мен колледждерге түсу көрсеткіші 97 пайызға жетті. Қазір облыстың экономикасын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысы аймақтың мамандарға деген сұранысы негізінде орналастырылуда. Нәтижесінде, 2019-2020 оқу жылында 22 жаңа мамандық ашылды», – дейді Қуанышбек Ысқақов.
Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов актив отырысына Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ұлан Сарқұлов шақырылып, жергілікті мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекеме басшылары, ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері, саяси партиялар мен азаматтық қоғам институттарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сонымен бірге, қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов, Q-MED клиникасы қоғамдық қорының жетекшісі Раушан Базарбаева Жолдауға байланысты пікірлерімен бөліскен болатын.
Миуа БАЙНАЗАР,
Қызылорда облысы