Бұл Ел Президентінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру жолдары сараланған облыстық актив жиынында айтылды. Өңір басшысы Асқар Мырзахметов аймақты дамыту үшін сындарлы қоғам құрудың екі айқын жолынан таймау аса маңызды екенін айтып, осы бағыттағы қолға алынған жұмыстарды тілге тиек етті.
Жиында баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова Президент жүктеген міндеттер мен талаптардың қалай жүзеге асырылатынына тоқталды. «Саяси реформаларды кезең-кезеңімен сәтті жүргізу үшін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру керек. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату алдағы уақытта атқаратын жұмыстың басым бағытына айналуы тиіс. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу аса маңызды», – дей келе, баяндамашы облыста бас құжаттың екінші бағыты – «Халықпен тиімді кері байланыс орнатудың» алғышарты қалыптасқанын атап өтті. Жергілікті тұрғындар көтеріп отырған мәселелерді зерделеу, халықпен кері байланыс орнату, жергілікті атқарушы органдардың жұмыс тәртібін жүйелендіру және оның тиімділігін арттыру мақсатында облыс әкімі 13 наурызда арнайы өкім шығарып, жергілікті атқарушы органдардың жұмыс алгоритмдерін бекіткен-ді. Алгоритмге сәйкес, қала, аудан әкімдері 5 күн бұрын басылымдарда, әлеуметтік желілерде, ресми сайттарда тұрғындармен өткізетін кездесу орны, мерзімі туралы хабарлауы керек. Бірақ кейбір аудандар бұл талапты орындауға асықпай отыр.
Сондай-ақ баяндамашы Жолдаудан туындаған өзге де міндеттерді жүзеге асыру жолдарына тоқталды. Ал азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең бірінші жемқорлыққа қарсы күрес күшейе түспек. Тұрғындардың сыбайластық әрекеттерге мүлдем төзбеушілігін қалыптастыру үшін «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы бойынша жұмыстар жандандырылады. Дерекке сүйенсек, бүгінге дейін жоба жетекшілеріне тұрғындар тарапынан 140 шағым түсіп, оның 52 мәселесі шешілген, қалған 88 мәселе бақылауға алыныпты. Ал мемлекеттік қызмет көрсетудің барынша ашық болуын қамтамасыз ету, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында 6 сервистік әкімдік пен фронт-офис ашылып, 7 мекеменің басшысы open space форматында жұмыс істеуге кіріссе, 133 мемлекеттік орган басшысы кабинеттерін бірінші қабатқа көшірген.
Жолдауда азаматтардың табысын арттыруға мүмкіндік беру арқылы тұрмыс жағдайын жақсарту мәселесі айтылды. Ал оған қол жеткізудің бірден-бір жолы – тиімді шағын және орта бизнесті дамыту. Бұл қадам өз кезегінде, қала мен ауылды дамытудың берік негізіне айналатыны сөзсіз. Бұған дейін жұмыс алгоритмі құрылғанда арнайы жүргізілген талдау бойынша облыс тұрғындарының 60,4 пайызы немесе 679 мың адам ауылдық жерде тұратыны айқындалған. Ал оның еңбек жасындағы 395 мыңының 151 мыңында тұрақты табыс көзі жоқ екен.
– Бұл азаматтар негізінен бюджет есебінен берілетін әлеуметтік төлемдер, маусымдық жұмыстардан, қосалқы шаруашылық есебінен күн көруде. Бірінші жартыжылдықта 32 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды (162 354 адам). Мұндай проблемалар барлық өңірге тән. Сондықтан ел Президенті әлеуметтік бағыттарға – отбасы бизнесін құруға, ең алдымен, көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән бере отырып, бизнеске қолдау көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу керектігін тапсырды. Осы бағытта облыста нақты жоспар құрылып, жүргізілген жұмыстардың алғашқы нәтижесі де байқалуда. Елбасы 30 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңірлерде скрининг өткізу туралы тапсырма бергені белгілі. Соған сәйкес өңірдегі 376 елдімекендегі 138 347 аула зерделеніп, анкеталар толтырылды. Зерделеу нәтижесі мен тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып, облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыру жобасының тұжырымдамасы әзірленді. Осы жоба аясында халықтың өмір сапасын жақсартуға арналған 5 бағыт таңдалып отыр. Оның біріншісі – үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану, екіншісі – мал шаруашылығын дамыту, үшіншісі – ауыл сыртындағы жерлердің тиімділігін арттыру, төртіншісі – кооперативтер құру, бесіншісі – шағын кәсіпкерлік жобаларды қолдау. Осы 5 бағыт бойынша жалпы құны 46,4 миллиард теңге көлемінде 31 мыңнан астам жобаны іске асыру көзделіп отыр, – деді баяндамашы.
Аталған жобалар жүзеге асырылса, облыста 90 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ өз бетінше жұмыспен қамтылған және жұмыссыз 68 мыңнан астам адамды кәсіпкерлікпен айналысуға бейімдеуге мүмкіндік тумақ. Жүргізілген алдын ала есептеулер осы арқылы атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны қысқаратынын, ауыл шаруашылығы өнімі 132 миллиард 200 миллион теңгеге немесе 33 пайызға дейін ұлғаятынын, өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесі 30 пайызға артатынын көрсетіп отыр.
Жамбыл облысы