Қарттарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көңіл бөлінуі тиіс – Мұхтар Төлеген
Қарттарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көңіл бөлінуі тиіс – Мұхтар Төлеген
216
оқылды
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Шығыс өңірінде праймеризге үміткерлерді тіркеу қызу жүріп жатыр. Күндізгі сағат 12.00-дегі мәлімет бойынша, өтініш берген 101 адамның 52-сі үміткер ретінде тіркелді. Үміткерлердің бірі – Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, заң ғылымдарының кандидаты, философия докторы (PhD) Мұхтар Төлеген. – Мен Nur Otan партиясы мүшесімін. Жасым қырықта. Дәл қазір қоршаған орта, тұрмыс, отбасы, бала тәрбиесі, еңбек мәселелері мен саясат туралы адами көзқарастарым толық қалыптасқан шақтамын. Қазақстан Республикасының білім және ғылым жүйесі бойынша жеткілікті тәжірибем бар. Сондықтан праймеризге қатысуға және өз кандидатурамды ұсынуға дайынмын деп есептеймін. Менің көзқарастарымның негізінде «Nur Otan» партиясының бағдарламалық құжаттары, ел мен өңір басшылығы және тұрғындары сүйенетін маңызды мемлекеттік бағдарламалардың басты тұжырымдары жатыр, – дейді ол. Ректор мырза Nur Otan партиясының мүшесі, облыстық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы ретінде партия Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың, ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың алға қойған бағдарламалық міндеттерін жүзеге асыруға белсене атсалысатынын айтады. – Еліміздегі кез келген жағдайға немқұрайлы қарамайтын адаммын. Біздің Отанымыз өркендеп, дамуы қажет. Ал заң шығарушы, атқарушы және сот органдары барлық әлеуметтік топтардың мүдделеріне – балалар мен қарттарға, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, ардагерлерге ерекше назар аударуы тиіс. «Заңдылық, сапа, тұрақтылық – гүлденген өмірдің кепілі» деген сөздер біздің бүгінгі ұранымызға айналуы керек, – деді Мұхтар Әділбекұлы. Айта кетейік, үміткерлерді қабылдау алдағы 28 тамызға дейін жалғасады.

Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы