Польша Еуроодаққа талап қойды
Польша Еуроодаққа талап қойды
190
оқылды
РАР агенттігіне сұхбат бер­ген министр: «Бұл Беларусь үшін Ресейден басқа балама таң­­дау барын оп­позицияның да, президенттің де түсінуі үшін қажет», – деген еді. Бірақ Польша депу­таттары мен дипломаттары мұндай жұмсақ ұстаныммен келіспейді. Тіпті, олар Александр Лукашенконың «Елдің ішкі жағ­дайына Польша, Ұлыбритания мен Чехияның әсер етіп отырғаны» туралы мәлімдемесін жоққа шы­ғарды. Ең қызығы, алдыңғы мәлім­демелерінде белорус саясаткері «ішкі жағдайдың бұзылуына» Ресей мен Польшаны айыптаған бола­тын. Бұған да іле-шала жауап берген СІМ өкілдері: «Бұл мәлім­демеде Польшадан кейбір қоғам­дық ұйымдарға телефон шалын­ғаны айтылады. Қоғамдық ұйымдар белорус азаматтық қоғамының өкілдерімен байланысқа түсуге толық құқылы. Сондықтан бұл айып негізсіз», – деген еді. Сондай-ақ СІМ мәлімдеме­сінде: «Беларус билігі қарсылықтың күшеюі сыртқы күштердің ық­палынан емес, әсіресе Польша сияқты белорус халқына жақ­сы­лық тілейтін елден емес, керісін­ше, қоғамның наразылығы мен ашуынан туындап отырғанын түсінуі керек», – делінген. Бұл тұрғыдан Польша билігі Бе­ларусь елінен ағыла­тын саяси бос­қындарды қабылдауға мүмкіндік беретін заң дайындап жатыр. Бұл заң саяси босқындардың елге еркін кіріп, жеңілдетілген түрде виза алуына сеп болмақ. Сыртқы істер министрінің орынбасары Марчин Пшидач: «Польша қудалаудан шекараны асуы мүмкін азды-көпті саяси босқындарды қабылдауға дайын»  деп мәлімдеп отыр. Польшаның Еуропарламенттегі депутаты Яцек Сариуш-Вольский Беларусь оппозициясының қыз­метіне Ресейдің кері әсер етуімен қатар, тіпті «Ресей тарапынан интервенция мен аннексияның жүзеге асу мүмкіндігінен»  ел аза­мат­тарының қорқып отырға­нын жеткізген. «Мәскеуге қарсы санкциялар қолдану қажет» деген еуродепутат Ресей билігінің Лу­кашен­коны қолдап отырғанын да сынаған. РБК мәліметінше, Яцек Сариуш-Вольский: «Егер ресейлік интервенция, тіпті, аннексияны тоқ­тата алсақ, белорус халқы демократиялық жолға түсіп, бос­тандыққа шыға алады»  деп жергілікті қарсыласушы топқа қолдау білдірген. Оның үстіне, елдегі қазіргі ушыққан жағдайға Ресейдің араласуы себеп болып тұр деген. Байқасақ, соңғы кездері Лука­шенко Ресейдің ықпалы туралы жақ ашпайды. Есесіне, Батыс елдері, Польша, Украинаның ық­палын жиі сөз етіп жүр. Кремль де «Беларусьтің ішкі ісіне араласқан емеспіз» деп ат-тонын ала қашты. Литва, Латвия мен Польша басшылығы белорус билігі мен оппозициясының арасында делдал қызметін атқарып, мәселенің бейбіт шешілуіне ниетті. Литва президенті Гитанас Науседа «Біз Беларусь билігі өз азаматтарымен диалог құрады деп сенім артамыз» деген еді. Егер белорус билігі бұл ұсыныстан бас тартса, онда мұның арты ұлттық және жалпы еуропалық санкцияларға ұласуы мүмкін. Бүгінгі таңда ЕО-ның СІМ басшылары Беларуське қарсы санкциялық шешімдер шығару үшін бас қосып отыр. Ал Еурокомиссия дағдарысты еңсеру жолдарын ұсынбақ.  

К.ӘЛІМ