Азаматтығының жоқ болуы адамдарды заңды құқығынан айырады, негізгі қызметтерді алуына тосқауыл болады. Нәтижесінде, олар саяси және экономикалық өмірден тыс қалып, кемсіту мен қатыгездікке ұшырайды. Азаматтығы жоқтықты жою, бүкіл әлемде тоқтату – қол жеткізуге болатын мақсат.
БҰҰ БЖКБ-ның 2024 жылға қарай азаматтықсыздықты түбірімен жою он жылдық науқаны мерзімінің ортасы аясында және Бала құқықтары туралы конвенцияның қабылдануының 30 жылдығына орай халықаралық жиын ұйымдастырылды. Қатысушылар Орталық Азияда туған барлық баланың туған кезде тіркелуі, туу туралы куәлікке және азаматтық алу құқығына қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін заңнамалық және процедуралық түзетулер саласындағы озық тәжірибелермен бөлісетін өңірлік құрылым құруды жоспарлап отыр. Биыл 7 қазанда Швейцарияның Женева қаласында азаматтықсыздық мәселесі бойынша жоғары деңгейдегі жаһандық жиын өтеді. Делегаттар осы мәселеге қатысты нақты міндеттемелер әзірлемек.
«Орталық Азия елдерінде азаматтықтың жоқ болу мәселесі Кеңес Үкіметі тараған уақыттан бері келе жатыр. Көбісіне жаңа мемлекеттің азаматтығын алу оңай болмады. Азаматтық алмаған адамдар өкінішке қарай, балаларын тіркей алмады. Ары қарай ол балалар да азаматтық ала алмауы мүмкін. Аттестат алуда да қиындық туындайды. Медициналық көмек алуда да осындай жағдай.
Мәселені шешу үшін елдер не істей алады? Заңнамаға өзгерістер қажет. Әзірге Өзбекстан ғана жаңа заң қабылдады. Ол бойынша барлық бала тіркеуге алынады. Әке-шешесінің құжаты жоқ болса да. Ал біздегі жағдайға келетін болсақ, ілгерілеу бар. Парламенттің төменгі палатасы заңнамаға өзгерістер енгізуді қолдады. Енді Сенат мақұлдауы керек. Бірер айдың ішінде осы мәселе шешіледі. Бұдан кейін барлық бала туған кезден тіркелетін болады», – дейді азаматтығы жоқтыққа байланысты құқықтық сұрақтар бойынша өңірлік кеңесші Роман Марин.
Орталық Азияда тууды тіркеу деңгейінің салыстырмалы түрде жоғары екеніне қарамастан (Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан – 100%, Қырғыз Республикасы – 98% және Тәжікістан – 96%), Орталық Азия елдерінде тууды тіркеу мәселесі тіркелмеген көшіп-қонушылар мен азаматтығы анықталмаған тұлғалардан туған балалар үшін сақталып отыр. Тууды тіркемеу балаларды азаматтығы жоқ тұлға қылмайды. Алайда тіркелмеген және туу туралы куәлігі жоқ болған жағдайда, адамның мемлекетпен заңды байланысы бар екенін дәлелдеу қиынға соғады.