Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау бар
Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау бар
238
оқылды

Nur Otan партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өзекті мәселелерін және ұсыныстарын талқылау мақсатында үшінші мегаполисте алқалы жиын өтті.

Отырысқа Nur Otan пар­тиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов, қалалық ден­саулық сақтау басқармасы мен жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қор­ғау басқармасының өкіл­дері, түрлі қоғамдық бірлес­тік­тердің жетекшілері мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар және олардың ата-аналары қатысты.

Кездесу барысында Бахадыр Мәдәліұлы көтеріл­ген мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көңіл бөлу маңыздығына тоқталып, партия тарапынан осы ба­ғытта барлық қолдау көрсеті­летінін жеткізді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында отбасында мү­гедек жандарды асырап отыр­ған ата-аналардың жағдайын жақсарту бойынша мәселелер айтылған. Үкі­метке оңалту орталығын көбейтуге 58 млрд теңге қаржы берілді. Біздің қоғам шын мәнінде әлеуметтік жағдайға, ашықтық қоғамға бет бұрғанын көрсетіп отыр. Қазіргі таңда статистикалық мәлімет бойынша, елімізде 80 мыңнан астам бала мүмкіндігі шектеулі азамат ретінде тір­келіп тұр. Шымкент қала­сында мүгедектік қатарында 5920 бала бар. Сол жандарға арналған жаңа оңалту ор­та­лықтарын салдыру қажет­­­тілігі туындап отыр. Ол жұ­мыс­­тарды біз Nur Otan пар­тиясы тарапынан бақылауға ала­мыз. «Кедергісіз келешек» пар­тиялық жобасының мақсаты да сол мүмкіндігі шектеулі жандар мен арнайы көңіл бөлуді талап ететін азаматтарды толыққанды өмірге бейімдеу, – деді ол.

Өз кезегінде «Сынақ» мүмкіндігі шектеулі жан­дарды оңалту және оларды әлеуметтік құқықтарын іске асыруын қорғау қоғам­дық бірлестігінің төраға­сы Мұрат Жетпісбаев мүм­кіндігі шектеулі жандар үшін қоғамдық орындарға кедергісіз кіріп-шығу мәсе­лесін қозғады. Ол Шымкент қа­ласындағы Shymkent Plaza ойын-сауық кешенінің тұрағының ақылы екенін, әуежайда, автовокзалда, көшеде, алаңдарда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды таси­тын көліктерге тұрақтың тегін болуы керек екенін тілге тиек етті.

Қойылған сауалға жауап берген Бахадыр Мәдәліұлы ойын-сауық, сауда орта­лы­ғындағы тұрақтарды ақы­сыз етуін қалалық мәслихаттың фракция мүшелеріне тап­сыратынын айтты.

Сондай-ақ кездесуге келгендер емдеу мен оңалту орталықтарына қатысты өзекті проблемаларды талқы­лады. Осыған байланысты мәселелерді Денсаулық сақ­тау басқармасы басшының орынбасары Тимур Варзилов мәлімдеді:

– Бүгінгі таңда бізде 4 мемлекеттік балаларды оңалту орталығы бар. Әрине, барлық орталықтарда күр­делі, ағымдағы жөндеуге, құрал-жабдықтарға және т.б. мәселелер туындайды. Бүгінде сауықтыруға күніне 4000 теңге беріледі. Қазіргі таңда стационарлық көмек қысқарып, оңалту орталығын көбейтудің қажеттілігі тұр. Сондай-ақ Шымкентте ере­сектерге арналған оңалту орталығы жоқ. Сондықтан қаламызда бірнеше оңалту орталықтарын ашу керек. Ол үшін республикалық бюджеттен қаржы сұрап жатырмыз, – деді басқарма басшысының орынбасары Бахадыр Нарымбетов.

Жиын соңында партиялық жобаның өзекті мәселелеріне талдау жүргізіліп, айтылған барлық ұсыныс назардан тыс қалмайтынын, оларды жүзеге асыруда қолдау көр­сетілетінін жеткізді.