Адам өзгерді ме, қоғам өзгерді ме? Қоғамды бұзатын не? Адам ба? Ниет түзу болса, ой сәулелі болса, заман өзгеруі мүмкін емес. «Өзгеріс ойдан басталады» деп жүр. Ойымызды түзеу үшін не істемек керек? Диоген қолына шам алып, базардағы адамдардың бетіне түсіріп жүр дейді. «Не істеп жүрсің?» десе, «Адам іздеп жүрмін» деген екен. Сол секілді «ойы да, ниеті де жақсы адам іздеп кетпейміз бе?» деген қауіппен сауалымызды жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековке қойдық.
– Адамдар неге қатыгез? «Ұрып кетті, соғып кетті, өлтіріп кетті, зорлап кетті» дейтін сұмдықтар күнде көз алдымызда өтіп жатыр. Тіпті, қазір қолына қалам ұстағандардың өзі «кектесуге» дайын тұрады. Бір-біріне өшпенділікпен қарау секілді жаман әдеттердің бойға тарауына не себеп?
– Өйткені заман солай болып барады. Совет өкіметін қанша жамандағанымызбен, онда тәртіп қатал болды. Адамдар адамгершілікті басты ұстын етті. Ғабеңдерден басталған ақсүйектік мінез, тазалық, өтірік айтпау, алдап-арбамау секілді қасиеттер алға шықты. Бір-бірін жағадан алып, ренжіссе де, жауласуға барған жоқ. Ел тәуелсіздігін алып, ел жаппай нарыққа көше бастаған кезде адамдар «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кетті. Бұрын қалай еді? Барлығының материалдық деңгейі бірдей еді. Совхоз директорының ары кетсе, бір-екі киер киімі артық болған шығар. Бүгінгідей зәулім-зәулім сарайлар салынған жоқ. Жемқорлық деген болған жоқ. Қазір жағдай мүлдем басқаша. Уақыт та бөлек. Адамдардың арасында алшақтық пайда болған соң, бұл олардың жүйкесіне тие бастады. Бұл – бір. Бір кездері «Литературная газета» бетінде «Біз бір-бірін кешіре алмайтын, бір-бірімен араздасып кететін көңіл күйді қайдан тауып алдық?» деп жазды. Бұл қайдан пайда болды? Себебі, бұрын адамдардың арасында ондай ақша табу мүмкіндігі болған жоқ. Банкир дегенді естідік пе? Банкке тәуелді болдық па? Несие дегеннің не екенін ұқтық па? Жоқ. Мұның бәрі нарық экономикасына бейімделген қоғамда ғана бар еді. Біз сол қоғамға бірден сүңгіп кеттік те, ештеңенің байыбына бара алмай қалдық.
– Өкпелеу мен жауласудың ара-жігі қалай?
– Бұрын өкпе-реніш дегеннің бәрі тез ұмытылатын. Ол ащы запыранның соңы ыза-кекке, жаулыққа апарған жоқ. Қазір өзіңіз қараңызшы, бір баланың автобусқа отыратын ақшасы жоқ. Мұндай автобусқа мінетін ақшасы жоқ адамның саны көбірек болып барады. Ал байлар ат төбеліндей ғана, он-жиырма пайыз болуы мүмкін. Жалпы, мұндай алшақтық адамның көңіл күйіне де әсер етпей қоймайды. Сол жалпылама адамдардың қатарында қолына қалам ұстаған жандар да бар. Бір-бірін кешіре алмау деген ұғым осындай «көңіл күйлерден» пайда болған секілді. Қазір біреуді ренжітсең, ол ертең сенің жауыңа айналады. Шындап келгенде, қазақта жау жоқ. Қазақ көп болса, көңілі қалады.
– Қазақтың «көңіл бір атым насыбайдан қалады» дейтініндей емес пе?
– Көңіл қалса да, дұшпандық пиғылға, жаулыққа ұласқан жоқ. Тез ұмытты. Қайта кездескенде, анандайдан құшақ жайып, жадырап сала беретін. Сырбай Мәуленов пен Тоқаш Бердияровтың басынан өткен мына бір оқиғаны айтып берейін. «Жұлдыз» журналында жұмыс істейтін кезіміз. Асқар Сүлейменов, Мұқағали Мақатаев, Оразбек Сәрсенбаев, Жүсіп Қыдыров – бәріміз бір бөлмеде отырамыз. Бір күні таңертең «Мен керемет поэма жаздым» деп, Тоқаш кабинетке кіріп келді. Қолында – «Біржан сал». Поэзия бөлімі оқып шықты. Жақсы дүние жазылыпты десе, барлық бөлім шетімізден оқып шығамыз. Шынында да, керемет! «Нөмірге салу керек» дедік. Бекітетін – бас редактор. Сырағаңа апарып бердік. «Солай ма екен? Бұл бәле жазса, жақсы жазады» деп алып кеткен. Жауап жоқ, екі-күш оқылмай поэма жатып қалды. Бір күні қабылдау бөлмесіндегі аспалы шамның шақыр еткен дауысы естілді. Тоқаштың келгенін білдік. Хатшы қыз тоқтатамын дегенше, орындықты алып, атып ұрмай ма? Ол барып, аспалы шамға барып тиген ғой. У-шу дауыстан Сырағаң да кабинетінен шығып, «не боп жатыр?» демей ме? Қараса, Тоқаш тұр. Қызу. «Ме-нің поэмамды оқыдыңыз ба, оқыған жоқсыз ба? Соны білейін деп келіп едім» дейді. «Сенің поэмаңды оқымаймын. Алып кет, ақымақ!» дейді Сырағаң ашуланып. «Неге айғайлайсың? Сен майдангер болсаң, қайтейін? Мен де майдангермін» деп, тұра ұмтылады. Жан-жақтан жабылып жүріп, екеуін әзер бастық. Сол күні Сырағаң поэманы оқып шықты да, бізге келіп: «Иттің баласы, жақсы поэма жазыпты» деп, риза болды. Сосын «Бекен» деп, Бекен Әбдразақовты шақырып алды да, «Мынаны жылдам бетке салыңдар» деді. «Менің көлігімді мініп, баспаханаға ұш» деді. Бекен баспаханаға кеткен кезде, Тоқаш редакцияға келіп, тағы қырғын салып, Сырағаңа дөрекі сөйлейді ғой. Оған Сырағаң ашуланып, «Дереу Бекенді шақырыңдар. Ана поэманы беттен алып тастап, баяғы мақала орнында тұра берсін» дейді. Бекең басын бір сипап, баспаханаға қайта кетті. Ертесі ашуы басылған Сырағаң: «Әй, түнімен ойландым, анау тағы ішіп келмей тұрғанда, ана поэманы Бекен нөмірге салып келсін» деді. Бекеннің «Ой, айыппұл төлететін болды ғой» дегеніне қарамастан, «Ей, мейлі, айыппұлын өзім төлермін» деп, Сырағаң саспастан орнына отырды. Сөйтіп, Тоқаштың поэмасы журналға шықты.
Міне, адамдардың бір-біріне кешірімі, құрметі. Жақсы шығарма оқыса, ақын-жазушылар өзі жазғандай риза болып, бір-біріне мақтап отыратын. Қазір сондай кешірім бар ма? Абдолла Қарсақбаевтың да бойында осындай мінез болды. Бірақ олардың бойында ақын, режиссерлік қана талант емес, азаматтық, адамдық қасиет те мол болды. Олар сондай «айрықша» мінезімен көпке сыйлы, абыройлы өмір сүрді. Таланттарды көре білуі, сыйлай білуі – осы мінездерінен байқалатын. Қандай «жынды» болса да, талантын құрметтеді.
– Демек, бізге талантты қадірлеу, адамды құрметтеу сияқты мінездер жетіспейтін секілді. Өзгеріс неден басталады?
– Ашу-ызаны, өкпені ақылға жеңу жетіспейді. Одан кейін ақша табудың жолына түсіп кеттік. Алдап табасың ба, арбайсың ба, өтірік айтасың ба, ақша жейсің бе, әйтеуір байысаң болғаны. Мәселен, танымал жазушы мен бір бай адам көліктен түсіп жатса, ел кімді қарсы алар еді? Немесе ақшасы көп банкирді алайық. Банкирдің алдынан адам көп шыға ма, жазушыны қарсы алатындар көбейе ме? Міне, мәселе осыдан басталады. Қазір адамдар сын көтере алмайды. Қалам ұстағандардың да басында бар. Мысалы, бұрын сыншылардың жағдайы жақсы еді. Қаратаев, Серікқалиев, Кәкішев, Қирабаевтың кітаптары аз таралыммен шықса-дағы күнін көруге жететін. Қазір сыншы да, сын да жоқ. Қазір тек бос «мақтанды» жақсы көреміз. Кезінде Марал Ысқақбаев менің «Кеш туған жұлдыз» атты шығармамды өлтіре сынады. Әрі дұрыс сынады. Сын дұрыс болған соң, қабылдадым. Мен Қалиханды қалай сынадым? «Бұқтырма сарынын» түкке тұрғысыз қылдым. Бесінші курстың студентімін. Одаққа жиі барамыз. Асқар Сүлейменов екеуі Одақтан шығып келе жатыр екен. «Осы бала ма?» деп келіп, жағамнан ұстады. «Сен біздің Әкімді де, Рамазанды да сынапсың. Өзі қайдан шыққан баласың?» деп алқымымнан алып жатыр. «Аузыңды жап, әйтпесе, бұзып жіберемін» дегем, балалық қой. Сөйткен Қалиханмен ажырамас дос болып кеттік. Араздасу, жауласу деген ой болған жоқ. Қалихан мені «жаңғыз» дейтін. Мұндай оқиға өте көп. Бір-бірін иттің етінен жек көрген адамдар да болды. Бірақ «кектесуге» дұшпандық көзбен қарауға, қиянат жасауға барған жоқ.
– Ұлылардан қалған бұл қасиеттер бізге неге жұқпай қалды?
– Ұлылықты үлгі тұтып отырған ешкім жоқ. Адамдар ұсақталып барады. Эгоизм басым. Өз «менін» жоя алмайды. Білімді, білікті дейтін кей азаматтардың да бойынан осындай кемшін қасиеттерді жиі байқап жүрміз. Ірілік жоқ. Сыйластық, кешірім, мейірім... дамымай қалған. Мұның бәрі қоғамды кері кетіретін, алға бастыртпайтын жаман әдеттер. Өз мініңді өзің білмесең, өзгелердің мінін қалай түземексің? Ниет бұзылды, ой өзгерді. Ниеті бұзық адамдарға қарап, қорқасың. Ұрпағыңның тағдырына алаңдайсың. Қазақтың бойындағы ірілікті, мықтылықты аңсап жүрмін...
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС