Мәдениет және өнер саласы қызметкерлері теңгенің құны құлағалы құлазып кетті. Себебі сол, жалақы аз. Иә, бұл мәселе биік-биік мінберлерде, билік өкілдерінің аузымен талай көтерілді. Мәжілісмендер мен сенаторлардың да салмақты пікіріне айнала білді. Қанша рет қоғамдық талқылауға түссе де, бұл санаттағы қызметкерлердің мардымсыз жалақысы жоғарылаған жоқ. Жұрттың айлығына алты ай сайын ақша қосылса да, олардың маңдай тері ештеңемен, еш теңгемен өлшене қоймады. Сонда да үмітін үзбестен, ел руханияты үшін адал еңбегін артық көрмей жүрген жандар үшін жағымды жаңалық Президенттің биылғы Жолдауында жарияланды. Мемлекет басшысының мәдени сала қызметкерлеріне лайықты көңіл бөлінбей отырғанын айтып, ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлерінің айлығын көтеру туралы шығарған шешімі дәл осы саланың мамандарын су бүріккендей серпілтіп тастады.
Мәдениет саласы қызметкерлерінің мәселесін көтерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе, жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде» деді. Мемлекет басшысы келесі жылдан бастап Үкіметке мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуді тапсырды.
Расында, соңғы жылдары қалаған кітабыңды қолыңа ұстатып, тарихыңды тануға үлес қосатын қадірлі мамандық иелеріне деген құрметтің деңгейі төмендеп кеткені шындық. Жалақысы жанбағысына жетпесе де, жанкештілік көрсетіп жүрген бүгінгі мамандардай емес, жастар жағы бұл салаларға мүлдем барғысы жоқ. Дәл осы себепті, істеп жүрген жұмысына қол бұлғап, қоштасып кеткендері қаншама?! Жә, әңгіме, бұл туралы емес. Әңгіме – сала мамандарының сапасын қалай арттырамыз деген сауал төңірегінде.
Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының осы мәселеге қатысты «Театр және эстрада артистері бір ғана жалақыға өмір сүрмейді. Өзім де студент кезімде симфониялық оркестрде қосымша жұмыс істедім. Әлемдегі барлық музыкант осылай жұмыс істейді. Бірақ қазіргі уақытта біз кітапхана мен мұрағаттарда жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысын өсіруіміз қажет. Оларда қосымша табыс табу мүмкіндігі жоқ. Солардың жалақысын өсіру керек» дегені есімізде. Өкінішке қарай, дәл осы түсінік жалпы мәдениет саласы қызметкерлеріне салқынын тигізіп келді деуге болады. «Шыны керек, мәдениет саласының қызметкері деген атымыз бар болғасын, қоғам бәрімізді бірдей әнші, артис, биші деп қабылдап кетті. Олардың ішінде кітапхана мен мұражай, мұрағат қызметкерлері ескерусіз қалды. Біз «тойдан табыс таба алатындардың» қатарында емеспіз. Осыдан төрт жыл бұрын 27 000 жалақы алатын едік. Қазір 43 000 болды. Қазақстандағы ең төменгі жалақы – біздікі. Айтуға аузың да бармайды. Еңбек еткен жылым мен санатыма орай қазіргі жалақым 70-80 мыңға жетті. Оған жастар жағы бірден ілінбейді. Сондықтан мұндай айлыққа жастар жағы жоламайды. Онымен отбасы түгілі, қара басын асырай алмайды ғой» дейді «Жидебай–Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің жетекші ғылыми қызметкері Қуат Қиықбай. Маман пікірінің жаны бар. Бүйірден қысқан қымбатшылық пен бұл мәселені байланыстырсаң, әңгіме әріге кетер еді. Елімізде қолданыстағы шығармашылық білім беру жүйесінің музыка, балет, орындаушылық, бейнелеу өнері бойынша кадрлар даярлаудағы көрсеткіштері жоғары болғанымен, кино, анимация, сурет өнері, мүсін, графика, дизайн, декоративті-қолданбалы өнер, музей, реставрация, кітапхана ісі саласындағы мамандар тапшылығының спектрін толық қамтымай отыр.
Ал Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкері Ғазиза Құдайберген: «Бұл жаңалық бізге мотивация берді. Қазір кітапханаларға ерекше көңіл бөлінуде. Заманауи техникамен қамтылған, жаңғырған кітапханаларда білікті, білімді мамандар жұмыс істеуі керек. Сапалы қызмет көрсету тек мықты маманның ғана қолынан келеді. Ал ондай маманға жалақы дұрыс төленуі керек. Кітапханашылардың әлеуметтік мәселесі шешіліп, үйге тұру кезегіне ие болса, нұр үстіне нұр болар еді» дейді.
Осыған дейін сәуірдің басында Мәдениет және спорт министрлігі қызметкерлерінің айлық ақысын көтеру туралы мәселе көтерген болатын. Сондағы белгілі болғаны – сала қызметкерлерінің айлығына 1,72 үстеме коэффициент қосуды жоспарлағандығы. Ең өкініштісі, бұл небәрі 8 пайыз қызметкерлерге ғана қатысты болып шықты. Дұрыстап түсіндірейік.
Мәдениет министрлігі сарапшыларының мәліметінше, 2018 жылы Қазақстанда орташа айлық есептік жалақы 158 мың теңге болса, мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 80-120 мың теңге ғана болды. Ал статистика комитетіне сенсек, еліміздегі әртүрлі сала мамандары, шағын кәсіпкерлік саласын қоспағанда, орта есеппен 162 мың теңгеден алса, өнер, ойын-сауық, демалыс саласындағыларға бар болғаны 127 мыңнан алған. Бұл дегеніңіз – елдегі орташа айлық есептік жалақыдан 22 пайызға аз деген сөз. Комитет ұсынған мәліметтерге сәйкес, өнер саласындағы көптеген мамандар одан да аз жалақы алған. Біздің зерттеуімізде дәл қазіргі таңда бас суретші-сәнгер – 57 мың теңге, зал әкімшісі – 54 мың теңге, би-хор ұжымының артисі – 47 мың, балетмейстрлер – 84 мың теңге, музей қызметкерлері 45 мыңнан бастап, кітапханашылар 43 мыңнан бастап, жәдігерлерді қорғаушы 52 мың теңге жалақы алады.
Осы уақытқа дейін жалақысының аздығын алға тартып, мұң шақпаған, бас шұлғып, барын сала жұмыс істеп келген мамандардың жалақысы жаппай өспей қала ма деген де қауіп бар. Өйткені Президент Жолдауына дейінгі министрліктің шешімі бойынша жалақысы өсетін 8 пайыз қызметкерлердің тізімінде 9 республикалық мекеме мен 33 мемлекеттік қазынашылық кәсіпорынның қызметкерлері – бар болғаны 42 ұйымның мамандары бар.
Осыған дейін министрлік осы ұйымдарда жұмыс істейтін 5 399 қызметкерлің айлығын көтеруді ғана жоспарлады. Ал статистика комитетінің соңғы мәліметтеріне сәйкес, 2018 жылдың 12 айында мәдениет саласында 65,9 мың адам еңбек етеді. Яғни, жалақы сала қызметкерінің әрбір 12-шісінде ғана өседі. Тек жоғары жақтағылар мен республикалық ұйымдардың қызметкерлеріне қатысты бұл шешімге қарап жалпы қызметкерлердің жалақысы өседі деп айтуға ешқандай негіз жоқ. Яғни, қала, селодағы мұражайлар, мұрағат, кітапхана, театр қызметкерлері Мәдениет министрлігі ұсынған жоба аясында жоғары жалақыдан үмітсіз. Есесіне Мәдениет министр Ақтоты Райымқұлованың «Президент өз тапсырмасын нақтылап, оның орындалу мерзімін белгіледі. Яғни, 2020 жылдан бастап мәдени сала қызметкерлерінің жалақысы көбейтілуі тиіс. Бұл бізге сенім ұялатады» дегені, үш ай бұрынғы шешімнің қайта қаралып, сала мамандарын жаппай жарылқайды деген үміт басым.
Сондай-ақ ағымдағы ахуалды ушықтырып, мәдениет саласының түйінді проблемаларына айналған мәселенің басқа да себептері бар. Бүгінде мәдениет саласында меценаттық, демеушілік және волонтерлік институттар дамымаған. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, АҚШ-та мәдениетті мемлекеттік қолдаудың мықты идеологиялық негізі бар. Сондай-ақ онда қаржыландыруды гранттар, қорлар мен демеушілер қамтамасыз етеді. Ал Ресейде негізгі қаржыландыру көзі – федералдық бюджет. Тікелей қаржыландыру Ресейде бұқаралық мәдениет ұйымдарының орта есеппен 80 пайызға дейінгі кірісін қамтамасыз етеді. Ресейдің мәдени саясаты мәдениет пен оның әлеуметтік рөлінің ұлттық ұғымына негізделген. Қытай үкіметі болса, мәдениетті дамыту қорын құру мен мәдениет саласындағы коммерциялық кәсіпорындар арқылы мәдени индустрия саласын қалыптастырудың тиімді тетігін жасап алған. Ал Ұлыбритания мен Канадада мемлекет ұлттық мәдениетті қолдау бойынша негізгі қаржылық ауыртпалықты өзіне алғанымен, бұл функцияны тәуелсіз әкімшілік органдар жүзеге асырады, олар өз кезегінде қаржы қаражатын арнайы комитеттер мен сарапшылар топтарына береді.
Әлемдік үздік практикаларды ескере отырып, Қазақстан үшін АҚШ, Ұлыбритания, Германия сияқты елдердің үлгісі бойынша мәдениет саласындағы демеушілік пен меценаттықты қолдаудың пәрменді құқықтық тетіктерін құру айрықша өзекті дер едік. Сонда ғана біз әңгіме өзегіне айналдырған жалақы мен мықты маман мәселесі шешімін тауып, саланың тамырына қан жүгірер еді...