Жастардың қызығушылығын ауыл шаруашылығы саласына бұру маңызды – «Праймериз-2020»
Жастардың қызығушылығын ауыл шаруашылығы саласына бұру маңызды – «Праймериз-2020»
180
оқылды
Атырау қаласының ауыл шаруашылық саласында етене қызмет атқарып жүрген жас кәсіпкер Альвина Джантұрғанова «агроөнеркәсіп кешені саласы мамандары әрдайым сұраныста болады» дейді.  Бұл идея – Альвинаның сайлауалды платформасының негізгі тұтқасы. Метрологияны стандарттау және сертификаттау саласының магистрі Альвина қызмет жолын Атырау облысы метрология техникалық реттеу Комитетінде мемлекеттік қызметші ретінде бастайды. 5 жыл қызмет барысында бас маманнан бөлім басшылығы лауазымына дейін жоғарылайды. Тауар құрылымы және шығу бағытын анықтаушы эксперт-аудит куәлігін алысымен, қызмет жолын Атырау облысы кәсіпкерлер палатасында 3 жыл қатарынан отандық өнімдерге CT-KZ сентификатын табыс етіп келеді. Соңғы 2 жылда Альвина ет және ет өнімдерін нарыққа шығарып, отбасылық бизнесті дамытуда.  Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы іскер әйелдер Ассоциясының мүшесі. – Өмірде болатын түрлі жағдайлардан сабақ алуға тырысамын. Короновирус індеті елімізде барлық дерлік экономикалық бизнес салаларына үлкен кесірін тигізуде. Кейбір кәсіпорындар мен кәсіпкерлер өз қызметтерін уақытша немесе біржола тоқтатуға мәжбүр болуда. Алайда, болып жатқан жағдайлар ауыл шаруашылық саласы мен өнімдерінің әрдайым жоғарғы сұраныста бола беретіндігін дәлелдей түскендей болды. Сол себепті мен «Nur Otan» партиясының праймеризіне, дәл осы ауыл шаруашылық саласын дамытуды жастар арасында насихаттап, жоспарымды іске асыру мақсатында кандидат болуға шешім  қабылдадым, – дейді Альвина Джантұрғанова. Жас кәсіпкердің айтуынша, қазіргі таңда жоғарғы оқу орнын тәмамдап, жұмыс таба алмай жүрген жастар қатары күн санап артуда. Алайда, сол жастардың басым көпшілігі ауыл шаруашылық саласында қызмет етуге келісе қоймасы анық. Сол себепті агроөнеркәсіп кешені саласында мамандар тапшылығы анық сезілуде. Альвина Джантұрғанова осы қалыптасқан стереотипті толығымен жойып, дәл осы саланың тиімді әрі пайдасы шаш етектен екенін дәлелдеп бергісі бар. – Ауыл шаруашылық саласында қызмет ете жүріп, қоғам арасында бұл сала тек ер-азаматтар ғана атқаратын жұмыс деген керағар пікірмен бетпе-бет келе бердім. Алайда, мен әйел адамның тек қана отбасы ошақ қасында, отбасы ұйытқысы мен жылуын сақтаушы ғана емес, кез-келген бизнес саласын дөңгелете алатындығын дәлелдегім келеді, – деп ойын толықтырды кандидатымыз. Жеңіске жеткен жағдайда бойжеткен ауылдық жерлерде жастар саясатын толық деңгейде жүзеге асыра отырып, өскелең ұрпақты ақпараттандыруды көздейді. Сонымен қатар, облыс деңгейінде әр азаматтың медициналық қызметті толық алуын, әлеуметтік қорғалмаған санаттағы азаматтарға ерекше назар аударуды, балаларға, жан-жануарларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу  және қорғау шараларын толық қолға алуды жоспарлап отыр.