Баян Өлгейде Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды
Баян Өлгейде Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды
139
оқылды

Моңғолия Республикасының Баян-Өлгий аймағындағы Ақтан Бабиұлы атындағы кітапхананың 75 жылдық мерейтойы қарсаңында орталықта Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды.

Осы іс-шара барысында екі мемлекеттің кітапханалары арасында Меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Орталыққа Қазақстанның саясаты, экономикасы, тарихы, табиғаты, салт-дәстүрі және т.б. тақырыптағы 200 дана кітап жеткізілді. Сондай-ақ, «Атажұрттан рухани тарту» жобасы бойынша «Отандастар» қоры мен «Фолиант» баспасы атынан 500 данаға жуық кітап керуені барды.

Халықаралық жобаның мақсаты – шет елде қазақ әдебиетін танымал ету, қазақстандық авторларды жаһандық әдеби үрдіске интеграциялау, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін,  салт-дәстүрлерін, саясатын, әлеуметтік саланы, классикалық және заманауи проза мен поэзияның әдеби байлығын дамыту.

2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы алыс-жақын шетелдердің ұлттық кітапханаларында «Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталықтарын» ашып келеді. Бұл халықаралық жоба кітапхана басшысы Үмітхан Дауренбекқызының идеясымен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің және Қазақстан Республикасының шет елдердегі Елшіліктердің қолдауымен жүзеге асуда.

Бүгінгі таңда әлемнің 31 елінде Корея, Қырғыз Республикасы, Финляндия, Венгрия, Ресей Федерациясы, Армения, Малайзия, Түркия, Қытай, Грузия, Франция, Жапония, Швеция, Македония, Болгария, Чехия, Италия, АҚШ (Нью-Йорк көпшілік кітапханасы және Конгресс кітапханасы) Якутия Республикасы, Чуваш Республикасы, Румыния, Иран, Аргентина, Бразилия, Удмуртия, Германия, Испания, Өзбекстан  кітапханаларында орталықтар ашылып, жұмыс істеуде.