Тасжолдар тыныс тарылтты
Мәселе жуырда құрылысы қарқын алатын «Орталық – Батыс» тасжолына байланысты туындап отыр. Бұл жол елордадан шыққан көлікті Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы өткізіп барып «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолына шығарады. Күрежол 2021 жылы толық аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс. Егер жол қазіргі қабылданған жобасы бойынша салынатын болса, Қазақстандағы киіктің үш популяциясының ең үлкені – Бетпақдала популяциясының көшіне кедергі болмақ. Кейде оны Торғай, Ырғыз популяциясы деп атап жатады. Қарасаңыз, біз айтып отырған «Орталық – Батыс» тасжолы киіктердің көшу аймағын толық қамтып тұр. Демек, алаңдауға толық негіз бар. Бетпақдала популяциясы Ақмола облысындағы Қорғалжын мен Теңіз көлдерінің төңірегін, Торғайдың төменгі жағын мекендеп, Ырғыз жақта төлдейді. Киіктер көктемде Қазақстанның оңтүстігінен Ақмола, Қостанай, Ақтөбе облыстарындағы Ырғыз, Торғай, Ұлыжыланшық, Терісаққан өзендері алабы мен Теңіз көліне қарай ауады. Сонда тасжолдың құрылысы барлық миграция жолдарын жауып тастамақ. Бұған дейін 2018 жылы БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағдарламасы Қазақстанда жаңадан салынып жатқан темір және автокөлік жолдарының киіктің көшу бағытына әсер етіп, көбеюіне кедергі келтіруі мүмкін деп алаңдаушылық білдірген екен. Осыған қарамастан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Орталық – Батыс» тасжолының жобасын қазіргі күйінде бекітіп қойғанға ұқсайды. Ал Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұрынғы баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет болса, тасжол салынса табиғи миграция жабылып қана қоймай, браконьерлер де көбейетінін айтады. – Ел аумағында тасжолдардың киік көшіне кедергі келтіруі көбейіп кетті. Бұл – бірінші жағдай емес. Осыдан 4 жыл бұрын Батыс Қазақстан облысында теміржолдың миграцияға тосқауыл болғанын айттық. Киіктер ғана емес, басқа да жануарлар, төрт түлік те өте алмай жатады. Көш тоқтаған кезде киік төлдеуді азайтады, санына кері әсер етпей қоймайды. Психологиялық фактор бар. Одан бөлек, Қостанай облысының аумағында браконьерлер өте көп. Егер осы жол салынса, жол бойымен жүріп отырып, оңай қыра береді. Содан кейін оларды трассада ұстап көріңіз, – дейді ол. Киіктердің өсіп-өнуіне инфрақұрылым алғаш рет кері әсер етіп отырған жоқ. 2015 жылы Шалқар–Бейнеу теміржолы салынды, ол Үстірт популяциясындағы киіктердің көші-қон жолдарын жауып тастаған. 2017-2019 жылдары жерсеріктердің дерегі бойынша, ақбөкендер теміржолдың кесірінен оңтүстікке қоныс аударуды түбегейлі тоқтатыпты. Содан бері қанша уақыт өтсе де, ақбөкендер көшу жолына қайтадан түспеген. Эколог мамандардың айтуынша, Үстірт популяциясының саны 1980-жылдардағы 800 мыңдық деңгейіне ешқашан жетпейді.Мәселенің шешімі бар ма?
Мамандар мәселені шешу жолын қарастырып, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бірнеше мәрте сауал мен ұсыныс жолдаған. Талай кеңес те өткен. Министрлік тарапынан жауап біреу – «Киіктер өтетін экодук салынады». Киіктерге қатысты уәжбен келісетін жауаптылар табиғи ландшафтқа ұқсас экодук көпір салып, мәселенің шешімін таппақшы. Бірақ мұнымен мәселе шешіледі деу қиын. Себебі киік үлкен тасжолға жақындай қоймасы анық. Сондықтан экологтар «Орталық Батыс» автожолын еліміздің солтүстігі арқылы айналып өтетін етіп салуды ұсынған. Бірақ салалық министрлік сол ұстанымында қалыпты. Бір қызығы, 2017 жылға дейін әлемде 1960-1980 жылдарда жүргізілген жеке бақылауларды есептемегенде, инфрақұрылымдық құрылыстар киіктердің табиғи миграциясына қалай әсер ететіні туралы нақты деректер болмапты. Сондықтан қазіргі кезде әлемде мұндай мәселелерді шешудің жалғыз жолы – айналма жол. Бірақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары комитеті 2018 жылы жануарлардың табиғи миграциясына байланысты «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз – Торғай – Қандыағаш» жолының «Қоршаған орта мен әлеуметтік сфераға әсерін бағалау» дейтін қорытынды есебін жариялаған екен. 2015 жылы жасалған есепте киік көшіне жаңадан салынатын автожолдардың айтарлықтай әсер етпейтіні айтылған. Көлемі елу бетке жуық есепті жасаған жалғыз мекеме министрлікке қарасты «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» акционерлік қоғамы («ҚазЖолҒЗИ» АҚ) деп көрсетілген. Яғни, табиғат жанашырлары мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұл мәселеге байланысты көзқарасы екі түрлі сыңайлы. Қалай болғанда да киік тағдыры әлі де алаңдатады. Мәселені шешу үшін «Орталық – Батыс» тасжолын айналма жол етіп салуға болар еді. Дегенмен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі киіктер үшін қауіпті нұсқаны таңдап отыр.Мадияр ТӨЛЕУ