«Сергек» – қазақстандық «Көркем Телеком» компаниясының өнімі. Ол бейнетіркеу модульдер желісін, бейнелерді жазу және тану жүйесін, ақпаратты өңдеу және талдаудың зияткерлік жүйесін қамтиды. Елімізде бұл жүйе 2017 жылдан бастап пайда болғанымен, сынақта еді. «Сергек» Алматыда 2018 жылдың қыркүйегінде пайда болды. Бейнебақылау жүйесі негізінен жылдамдықты арттыру, бағдаршамның қызыл түсті жарығына қарамастан жолдан өту, стоп-линиядан асу және автобус жолағымен жүру сияқты ереже бұзуды нысанаға алады. Биыл жыл басынан бері бейнебақылау камералары арқылы жүргізушілерге айыппұл салына бастады. Небәрі 8 күннің ішінде жол ережесін бұзған алматылықтар 42 миллион теңге айыппұл арқалап, бұл жағдай қоғамда түрлі пікір тудырды.
– «Сергек» бейнебақылау камерасы қойылғалы қалада жүру қиындап кетті. Көп жерде жылдамдықты 40-тан асырмау талап етіледі. Қауіпсіздік үшін керек шығар, бірақ қатаң талап тәртіпті жүргізушілердің жұмысына кедергі келтіріп тұр. Біз таксист болғаннан кейін жұмысымызды тезірек бітіргіміз келеді. Клиенттер көбіне баратын жеріне тезірек жету үшін такси ұстайды. Ең бастысы, тұрғындардан ереже сақтауды талап ету керек. Айыппұл өте жоғары, – дейді алматылық таксист Еркебұлан Айтбеков.
«Сергек» бейнебақылауы арқылы айыппұл салына бастағаннан кейін көп ұзамай-ақ Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасына жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлерден ұжымдық өтініш келіп түсті. Кәсіпкерлер палатасына барлығы 7 кәсіпкер жүгінді, оларға 160 мың теңгеден астам сомаға 21 ұйғарым жолданған. Барлық кәсіпкерлердің жолаушыларды тұрақты емес тасымалдауға лицензиясы бар. Мәселені зерделей отырып, Кәсіпкерлер палатасы сарапшылары Алматы қаласы Әкімшілік полиция басқармасының ұсынған түсініктемелері мен келіп түскен нұсқамаларды заңсыз, негізсіз, бизнеске әкімшілік қысым көрсететін және әкімшілік тосқауыл деп санады. ІІМ Әкімшілік полиция комитеті «Атамекен» ҰКП сауалына жауап ретінде: «Егер тасымалдаушы автомобиль көлігі саласындағы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес келсе, ол маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен қозғалысты жүзеге асыруға құқылы» деп хабарлады. Нәтижесінде, автотасымалдаушыларға қатысты айыппұл жойылып, оларға қоғамдық көлік үшін жолдарды пайдалануға рұқсат етілді.
«Сергек» бейнебақылау камера орнатыла бастағаннан қала тұрғындарын «Айыппұлдан түсетін қомақты қаражаттың иесі кім?» деген сауал мазалаған. «Сергек» жобасын әзірлеген «Көркем Телеком» ЖШС аймақтық директоры Руслан Асаубаев: «Біздің компания айыппұлдардан қандай да бір қаржы алады деген жалған ақпарат. Біздің оған ешқандай қатысымыз жоқ. Айыппұлдар бірден жергілікті бюджетке түседі. Бізге жобаны жүзеге асырып, қызмет еткенімізге ақы төленеді» деп жауап берген. Оның сөзінше, қала әкімдігі Ішкі істер департаментіне қаржы бөледі. Департамент мемлекеттік сатып алулар бойынша конкурс ұйымдастырады.
Қазір Алматыда 404 камера іске қосулы. Әйтсе де, қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденовтің айтуынша, қыркүйек айынан бастап тағы да 362 «Сергек» бейнебақылау камерасы орнатылады. Олар қаладағы жол апаты жиі болатын, жол жүру ережесі жиі бұзылатын орынға қойылады. Әкімшілік полиция басқармасы арнайы сараптама жүргізіп, осындай орынды анықтайды. Сондай-ақ Қанат Таймерденов Алматы қаласының Полиция департаментіндегілер 6 айда бейнебақылау камераларының көмегімен 3 392 қылмыс ашылғанын, бейнебақылау камераның заңбұзушылықтарды анықтауда тиімді екенін айтады.
Қала көшелерінде бейнебақылауды күшейтудің басты мақсаты – жол апатының алдын алу. «Көркем Телеком» ЖШС аймақтық директоры Руслан Асаубаевтың айтуынша, «Сергек» камераларының арқасында 2018 жылдан бастап Нұр-Сұлтанда жолдағы өлім 40 пайызға азайған. Нақтырақ айтсақ, жол-көлік оқиғаларына байланысты 2017 жылы – 60; 2018 жылы – 34; 2019 жылы 36 кісі өлімі тіркелген. Алматыда жол апатынан қаза табу оқиғалары әлі де азаяр емес. 2018 жылы – 134, ал 2019 жылы – 161 өлім тіркелген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сергек» заңбұзушылықтарды тіркеу бөлігінде алдыңғы қатарлы технологиялардың мемлекетке қандай пайда әкелетінін көрсетті. Бұған қоса, ол қолының сұғы бар жол полицейлерін жемқорлық табыстарынан қақты. Барлық мемлекеттік органдар, бірінші кезекте әкімдіктер осы тәжірибемен қарулануы тиіс. Мұндай цифрлық шешімдер адами факторды алып тастап, жемқорлыққа сеп болатын жағдайды жояды», – деді. Ендеше жаңа технологияның мүмкіндігін пайдаланып, жол ережесін барынша сақтауымыз керек. Сонда ғана ешқандай айыппұл арқаламайтын боласыз.