Вице-министр Дарын Тұяқовтың айтуынша, меморган күн сайын Білім және ғылым министрлігінің жауапты жетекшілерімен, Білім басқармалары басшыларымен, облыс әкімдері орынбасарларымен, аудан әкімдерімен және байланыс операторларымен бірге онлайн режимде әрбір өңір, аудан, әсіресе шалғай ауылдардағы интернет мәселесін және оны шешу жолдарын жан-жақты талқыға салуда екен.
Оның барысында аудандардың әкімдігі мен Білім басқармаларының өкілдері өз өңіріндегі интернетке және байланысқа қатысты проблемаларын түсіндіруі қажет. Ал байланыс операторлары министрлік өкілдерінің көзінше ол кемшіліктер мен ақауларды қалай жоятынын, байланыс арналарының өткізу қабілетін күшейту мақсатында нақты қандай қадам жасалып жатқанын айтады. Ауыл-аумақ басшыларына, сала маманы болмағандықтан, байланыс операторының техника тіліндегі жауабының мәнін ұғыну қиын болар. Алайда жергілікті жұртшылыққа неге интернет жоғын түсіндіретін – осы әкімдер. Оның үстіне, операторлар жоқ себепті айтып, шығарып салма, жалтарма жауап бере салуы мүмкін. Ендеше келіссөз үстеліне отырған екі тарапқа Цифрлық министрлік араағайын болып, өзара түсінісуіне ықпал етуі тиіс.
Барлық облыспен арада осындай онлайн кездесу өткізіліп, оқушыларды қашықтан оқытуға дайындық деңгейі анықталды.
– Біз жергілікті әкімдіктерден интернет мәселесі шешілмеген ауылдардың нақты тізімін сұраттық. Осы ауылдарға жылдамдығы жоғары интернетті тарту үшін инфрақұрылым қажет. Байланыс операторлары қазір тартып жатқан талшықты-оптикалық желі (ТОЖ) дәл осы мәселені шешеді. Бұл мобильді операторларға ТОЖ-ға қосылып, елді сапалы интернетпен қамтуына жол ашады. Осылайша, тек бір ауыл ғана емес, оған көршілес ауылдарда да 3G/4G мобильді технологияларын немесе сымсыз кең жолақты байланыс технологиясын пайдалану мүмкін болмақ, – дейді Цифрлық даму вице-министрі Дарын Тұяқов.
Парадоксты жағдай қалыптасуда: кей жерде мемлекет интернет жеткізуге құлшыныс білдіргенімен, оның ұмтылысын жергілікті әкім бұғаттап тастайды екен. Мысалы, жер бермейді.
«Сондықтан бұл жерде базалық стансаларды орнату, электр беру желілерін тұрғызу үшін жер телімін бөлуде жергілікті әкімдіктің қолдауы қажет екенін атап өткен жөн. Өз кезегімізде біз байланыс операторларымен жеке келіссөз жүргізіп, ұялы байланыс стансаларының қуатын күшейту, интернет желісін кеңейту, сапасы мен жылдамдығын арттыру мәселелерін талқыладық. Жүргізілген талдау нәтижесінде мектептердегі интернеттің жылдамдығын секундына 8 Мбит-ке дейін арттыруға мүмкіндік бары анықталды. Ол бойынша тиісті ақпарат жергілікті әкімдіктерге жолданды, – деді вице-министр.
Жалпы, министрліктің мәліметінше, 2020 жылы осы салада 2 ірі жоба аяқталуы керек. Соның арқасында Қазақстан халқының 99,3%-ы ұшқыр мобильді интернетке қол жеткізеді деп жоспарланып отыр. Нақты тоқтала кетсек, МЖӘ жобасы аясында байланыс операторлары еліміз бойынша жалпы ұзындығы 20 мың шақырымнан асатын оптикалық байланыс кабелін төсеп шығатын болады. Жоба ауқымын ұғыну үшін салыстыра кетсек, бұл ұзындық Нұр-Сұлтаннан Нью-Йоркке дейін бару және одан кері қайту кезіндегі арақашықтыққа тең! Мұндай ұзын интернет-магистраль қазақ тарихында болмапты.
Бұдан басқа, жыл басынан бері 1 026 шалғай ауыл кең жолақты интернет желісіне қосылды. Іске асырылып жатқан екінші жоба аясында 2020 жылдың соңына дейін байланыс операторлары 1 250-ден астам ауылды сапалы интернетпен жабдықтайды деп жоспарлауда. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылып жатқан жобаның басты мақсаты – 3 700-ден астам меморган мен бюджеттік ұйымды, соның ішінде мектептер, ауруханалар, әкімдіктер және басқа да стратегиялық нысанды жылдам интернет желісімен қамту.
Сондай-ақ министрлік талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылған мектептер мен ауыл әкімдіктеріне, медициналық пункттерге роутер жеткізу мәселесін де пысықтауда: бұл ауылдардағы мұғалімдер мен оқушыларға интернетті Wi-Fi арқылы тегін пайдалануға мүмкіндік береді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 250-ден астам тұрғыны бар барлық ауылға интернет баруы тиіс деген жаңа міндет қойды. Мұндай белес-меже де ел тарихында бұрын-соңды кездеспеген. Осыған орай, 2020 жылғы 3 шілдеде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен отандық ұялы байланыс операторлары меморандумға қол қойды. Меморандум тұрғын саны 250-ден көп 928 ауылды мобильді кең жолақты интернетпен қамтуды көздейді. Оның ішінде 635 ауылда – 3G немесе 4G технологиялары, ал 293 ауыл – FWA радиотехнологиясы бойынша жылдам-дығы жоғары интернетке қосылмақ. Осы тамызда – 59, қыркүйекте – 150, қазанда – 205, желтоқсанда 476 ауыл интернет игілігін көре бастайды деп хабарланды.
Цифрлық министрлік бүгінде басшысыз жұмыс істеуде: ведомствоның ресми сайтында «министр» деген орын бос тұр, ешкімнің фотосы қойылмаған. Сарапшылардың байламынша, егер 250 тұрғыны бар ірілі-ұсақты барлық ауыл интернетке қол жеткізсе, Бағдат Мусин «бірінші вице-министр» және «министрдің уақытша міндетін атқарушы» айқындауышынан құтылып, толыққанды «министр» мәртебесін иеленуі мүмкін.