Беларусь: ҰҚШҰ әскері кіргізіле ме?

Беларусь: ҰҚШҰ әскері кіргізіле ме?

ҰҚШҰ емес, ЕҚЫҰ аралассын!

Жақында Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев жур­налистерге сұхбат бере отырып, Беларусь еліндегі жағдайға бай­ланысты: «Қазақстан ұлттық мүд­делеріне сәйкес келетін ше­шім ғана қабылдайды», –  деп мәлім­деді. Яғни, әзірге еліміз бұл мәселеде уақытша үзіліс алып, жағдайды сырттай бақылап отыр­мақ. Ал Лукашенконың бұл ұсынысын Еуроодақ елдері сыни қабылдады. Тіпті, еуро­палық елдердің басшылары Александр Лукашенконың олармен сөй­лесуден бас тартып отырғанын, сол себептен Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлесуге тура келгенін жеткізіп отыр. Германия канцлері Ангела Меркель Вла­димир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп: «Еуро­одақ басшыларының пози­циясы анық: Беларусь халқы өз тағдырын өзі шешуі керек. Билік пен оппозиция арасында диалог болуы керек, мәселен мұны ЕҚЫҰ-ның аясында неге жүзеге асырмасқа?!», –  деп мәлімдеді. Франция президенті Эммануэль Макрон да Путинмен хабарласқан еді. Еуроодақ басшылары мен АҚШ президенттігіне үміткер Джо Байден Ресейді Беларусьтің ішкі ісіне араласудан бас тартуын талап етсе, Лукашенко Путин арқылы Батыс елдерінің басшыларына тура сондай сәлемдеме жолдапты. «Кре­мльдің ішкі мәселеге араласу» сө­зін қалай түсінетінін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Песков былай жеткізген: «Біз ең алдымен диалог Беларусь елінің өз ішінде жүзеге асуы керек деп ойлаймыз. Егер шет мемлекеттері, оның ішінде Ресей де оппозициямен диалог құрса, бұл нағыз елдің ішкі мәселесіне араласу болар еді». Әзірге Брюсселдің әрекеттері анық. Еуро­одақ басшылары Минскідегі жағдайды тал­қылай отырып, сайлау ережелерін бұзған және халыққа қарсы күш көрсеткен Беларусь шенеуніктері мен күштік құрылым өкілдеріне қарсы санкциялар қабылдап үлгерді. Санкцияға түскен шен­ділердің тізімі жақын арада жа­риялануы керек. Егер Кремль Беларусь оппо­зициясы өкіл­дерімен кездесіп, диа­лог құрудан бас тартса, Еуро­одақтағы Беларусь елінің көршілері Лукашенконың қарсыластарымен кездесіп, қолдау білдіріп жатыр. Елден аластатылған оппозиция көшбасшысы Светлана Тихановс­каяны Литваның премьер-министрі қабыл­даған. Ал Валерий Цепкало Польшаның СІМ басшысы және сенат спикерімен кездескен. ВВС мәліметіне сенсек, Кремль бұл кездесулерді беларусь елінің ішкі мәселесіне тікелей және жанама араласу деп бағалап отыр.   Андрей ЧЕБОТАРЕВ, саясаттанушы:

Ұйымның араласуына негіз жоқ

– Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымның өз Жарғысы бар, оған сәй­кес, егер сырттан әскери қауіп төнсе, онда ҰҚШҰ-ға мүше елге әскери көмек ре­тінде қолдау көрсетілетіні ай­тылған. Егер сырттан қауіп төн­бесе, онда ешқандай да түрлі түсті революциялар, билік пен оппо­зицияның қақтығысы бұл міндеттеменің ішіне кірмейді. Бұл жерде ойланудың да қажеті жоқ. Мәселен, Қырғыз Республикасы, Арменияда түрлі түсті революциялар бол­ған­да бұл елдердің бұрынғы бас­шыларының ешқайсысы да ҰҚШҰ-дан әскер кіргізіп, билікті құтқаруды сұраған жоқ. Сондықтан егер Беларусь аумағына НАТО әскері немесе бас­қа заңсыз әскери құрылым баса көктеп кірсе, онда Лукашенконың одақтас елдерден көмек сұрауының негізі болар еді. Ал елдің ішіндегі оппозициямен болып жатқан жағ­дай мүлдем бөлек. Әрине, се­паратизм, территориялық тұ­тастық пен саяси экстремизм мә­се­лесі туындаса, басқа жағдай. Ал қазіргі әңгіме – билік пен оп­позицияның қақтығысы! Бұл ҰҚШҰ-ның араласуына негіз емес. Ал Ресей–Беларусь жағдайына келсек, одақтас мемлекет аясында екіжақты келісімшарты бар. Шынын айтсам, бұл мәселенің қалай реттелетінін білмеймін, бірақ Ресейдің де бұл жағдайға араласуына терең саяси себеп жоқ. Қазақстан «жағдайды зерттеу керек» деп үзіліс алды. Меніңше, жағдай ұғынықты. Бұл Шарт ұйымы араласатынын жағдай еместігін жариялау керек. Екінші жағынан, түптеп келгенде, бұл Сыртқы істер министрлігінің мәселесі емес, бұл Қазақстанның ҰҚШҰ-дағы мүшелігімен айналысатын Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының мәселесі ғой.   Әбдіқаһар СЕЙІТЖАНОВ,  заңгер:

Әскери қолдау көрсетуге болмайды

– Бұл – тәуелсіз елдің ішкі саясаты. Бұл жерде Александр Лукашенконың ҰҚШҰ-ға мүше елдер бас­шыларынан көмек сұрауы дұрыс емес. Себебі қазір беларусь халқы өз таңдауын жасап жатыр. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының әскерін өз халқын басу үшін пайдалану – адамзатқа қарсы қастандық. Сон­дықтан оған қолдау көрсетуге болмайды. Екіншіден, бірқатар ел сай­лаудың қорытын­дысы жария­ланғаннан кейін бірден құттық­таулар жолдай бастады. Ал бұл кезде ха­­­лық көшеде жүр... Бұл қисынға келмейді. Сондықтан әр нәрсенің ақырын күткен аб­зал. Беларусь елінде әлі өз­герістер болады. Әскер кіргізу халықаралық заң талаптарына қай­шы. Егер халықаралық ұйым­дар, мәселен БҰҰ ше­шімімен ха­лықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кіргізетін болса, бөлек әңгіме. Бұл жерде жергілікті билік, шенеуніктерден елді қорғау үшін емес, тек қарапайым халықтың жағдайын жасау үшін БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесі шешімімен әскер кіргізуге рұқсат. Жоғарыда айтқанымдай, «ҰҚШҰ әскерін кіргізіңіздер» деп сұраудың өзі халықаралық заң талаптарына сәйкес келмейді. Ал Польшада дайындық жүргізіп жүрген НАТО әскеріне келсек, бұл әскери ұйымның тек бұл елде емес, Балтық жағалауы елдерінде де базалары бар. Олар жоспарлы түрде әскери дайындықтар жүргізіп тұрады. Сол себептен қазір Беларусь елінде де әскери дайындық өткізу жоспарланып жатыр. Яғни, қазір беларусь халқының та­лаптарын орындау емес, әлі де болса билік­ті күшпен ұстап қалудың бар тетіктері қарас­тырылып жатқанға ұқсайды. Түптеп келгенде, Беларусь елін Ресей қолдаса, Польша, Ук­раинаны АҚШ қолдайды. Яғни, бұл жерде Ресей, АҚШ сияқты алпауыт елдердің текетіресі де болуы мүмкін. Ал Беларусь Польша шахмат тақтасындағы алып мемлекеттердің кішкентай сарбазы ғана.  

Кәмшат ТАСБОЛАТ