Дина Смаилова: Қыз зорлайтын еркектің суретін жариялау – міндет

Дина Смаилова: Қыз зорлайтын еркектің суретін жариялау – міндет

Елімізде өршіп тұрған бір проблема болса, ол – зорлық-зомбылық.

Осындай қылмыс кесірінен жыл сайын Қазақстанда сан мыңдаған әйел зардап шегеді. Қаншама нәзікжандының өмірі тұманға айналып, оның соңы айықпас трагедияға да ұласып та жатады. Былтырдың өзін­де жыныстық зорлық бабы бойынша 1 332 қылмыс тіркеліп, соның тек 454-і ғана сотқа жеткен. Бас прокуратураның мә­ліметінше, 2019 жыл басталғалы бері зорлау фактісі бойынша 647 оқиға тіркелген. Бұл ресми есепке алынғаны ғана. Ал көзге көрінбей болып жатқан мұндай оқиғалар тіз­бегі қаншама?! Осы орайда, «НеМолчиKZ» қозғалысын құрып, әйелдер құқығын қорғау бойынша жан аямай еңбек етіп жүрген Дина Смаиловамен аз-кем пікір алысқан едік. Қоғамдық қозғалыс жетекшісі құқық қорғау органдарының шарасыздығын, мұндай зорлық-зомбылықтың қоғамда әлі де болса тым жоғары екендігін, нендей кемшілік пен қателік  бар екенін тізбелеп айтты. 


– Біздің елде қыз-келіншектер жы­ныс­тық зорлыққа жиі ұшы­райды. Оған дәйек боларлық де­ректер де баршылық. Бірақ құқық қорғау органдары істі тіркеуге, тіркеген күннің өзінде сотқа жет­кізуге құлықты емес. Полицияның сылбырлық танытуы бірінші ке­зекте неге байланысты?

– Жалпы, Қазақстанда құқық қор­ғау жү­йесі тым нашарлап кеткен. Әсі­ресе, кадр мәселесі бойынша. Біз іс барысы бойынша тергеушілермен жиі кездесеміз ғой, сонда байқай­ты­нымыз – кәсіби білімі өте төмен. Істі жүргізуге, зерттеуге біліктілігі жете бер­мейді. Тергеушілердің жалақысы да аз. Соның себебінен жұмысқа де­ген ықыласы төмен. Зорлау ісіне кел­генде олар жемқор­лыққа жол бе­реді. Өйткені заңда тараптар­дың та­ту­ласуы деген бап бар. Олар үшін жә­­бірленуші тараппен және кү­дікті­мен ке­лі­сіп, екіжақты татулас­тырып, істі жаба сал­ған оңтайлы. Шын мә­нінде, бұл ешқан­дай да та­туласу емес. Ол медиация арқылы не­месе сотта ше­шілуі тиіс. Көп жағ­дайда жәбір­ле­нушіге ақша төлейді де, аузын жа­бады. Не болмаса, тер­геушілер та­ра­пынан жәбірлену­шіге шектен тыс қы­сым көрсе­тіліп, ол тергеу проце­сінен өз еркімен бас тартады. Сөйтіп, іс жабылады. Шы­нын ай­тар болсақ, тергеушілер істі қалай ашу керегін білмейді. Әсіресе, өңірлерде. Егер биологиялық мате­риал болмаса, әйел денесінде көгер­ген, ұрған жерлері болмаса, жәбір­ленуші қатты қорқып, қарсылық танытпаған болса, онда олар мұны екі жақтың келісімімен болған жы­ныстық қатынас дей са­лады. Сон­дықтан ішкі істер жүйесіне түбегейлі реформа керек.

– Жалпы, Қазақстанда зор­лық – орта деңгейдегі қылмыс болып саналады әрі бізде тарап­тар­дың келісімі де қарас­ты­рыл­ған. Мұны алып тастау үшін мә­селе көтердіңіздер ме? Мәселені Пар­ламентке дейін жеткізуге мүм­кіндік бар ма?

– Қазір бұл мәселе Парла­мент­ке ғана емес, Президентке дейін жетті. 21 та­мыз күні алғаш рет дөң­гелек үстел ұйым­дастырып, сол жер­де тараптарды тату­ластыру тура­лы баптың күшін жою туралы, жы­ныстық зорлықты – ауыр қылмыс түріне ауыстыру туралы ұсыныс айттым. Енді осы мәселені Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, ұсынбақшы. Егер заң жобасы сәтті қабыл­данса, онда ары қарай Парла­мент талқы­лауына ұсынылады.

– Сексуалды зорлық жасайтын адам­дардың сыртқы және ішкі бет-бейнесі қандай болады? Олар­ға ортақ бір портрет жасау мүмкін бе?

– Оны біржақты әрі нақты си­паттау мүмкін емес. Мәселен, Нұр-Сұлтан қала­сында бір жігіт бар. Ол үлкен әжелерге кө­мектеседі, сөмке­сін көтеріседі. Өте сы­пайы аман­да­сады, күнде таңертең жағдайын сұ­райды. Ал кешке үйіне келіп, әйелін сабайды, зорлайды, әбден қорлайды екен. Сонда бір адамның бойында бір-біріне керағар екі мінез, екі бейне жүрген секілді. Сондықтан бір адамға қарап «мынау – зорлық жа­сайтын адам» деп кесіп айту қиын. Өйткені ондай адамдардың бойы агрессияға толы. Олар өз-өзіне бақы­лау жасай алмайды. Әбден болары болып, түрмеге қамалғанда барып, се­зінуі мүмкін.

– Олардың психологиясын түзеу мүм­кін бе?

– Өкінішке қарай, ондай қыл­мыс­кер­лердің психологиясын қа­лыпқа келтіру мүмкін емес. Тек түр­меге қамалады. Болды. Бір жағы­нан дәл қазіргі біздегі түрмедегі тәр­тіп, жүйе жағдайында оларды тү­зеуге талпыну – бекершілік. Еуро­падағы түзеу мекемелерінде тұтқын­дарға түрлі фильм көрсетеді. Пси­хологиялық, медициналық жүйелі көмек көрсетіледі. Олардың санасын қайта тәрбиелеп шығуға барын са­лады. Ал біздегі түрме жүйесі қыл­мыскердің қыл­мыскерлік бет-бей­несін ушықтырмаса, кемітпейді.

– Қыз зорлайтындар негізінен қай әлеуметтік топ өкілдері?

– Статистикаға жүгінер болсақ, зор­лықшылардың 70-80 пайызы – тұрақты жұмысы жоқ, орта білімі ғана бар, әлеу­меттік аз қамтылған отбасының адамдары. Тәрбиесі әл­сіз, мәдени, рухани мүмкіндігі тө­мен, жоқ адамдар осындай қылмысқа бейім. Олар зорлықты сексуалды тұр­ғыда қанағаттану үшін жасайды деп те айту қиын. Мәселе тым те­реңде жатыр. Яғни, агрессияға келіп тіреледі. Біздің мектеп­терде мұғалім балаға айғайласа да, ұрса да, үстелін тоқпақтаса да, қалыпты жағдай са­на­лады. Осының бәрі баланың сана­сына кері әсер етеді. Сондықтан қо­ғамдық қаты­настарды, әлеуметтік нормаларды өзгерту керек. Адамдар бір-біріне сыпайы қарым-қатынас жасаса, ашу-ызасын тежей білсе, әсі­ресе, баланың көзінше ұрысып, төбе­лес­песе, ашуын баладан алмаса, қазіргі қыл­мыстар әлдеқайда аз болар еді.

– Жыныстық зорлық көрсету­мен ұс­­талған адамдардың қыл­мысын мо­йын­дағаннан кейін айтатын уәжі қандай?

– Көбі қылмысын мойында­май­ды. Әсі­ресе, бірінші рет қылмыс жа­сағандар, тіпті өкінбейді. Қылмыс жа­садым деп те ойла­майды. Ал бір­неше рет сотты болғандар жәбірле­нушіден кешірім сұрайды немесе сотта істеген ісіне өкінетінін айтады. Сөй­тіп, жаза мерзімін барынша аз алуға ты­рысады. Олар әбден бұл іске бейімделіп, қыр-сырын меңгеріп алған. Олар үшін түрмеге кіріп-шы­ғып жүре беру түк те емес. Қыл­мыс­тың көбі мас күйде жасалады. Не болмаса, олар бір кездері майда-шүй­де қылмыс жасаған, бірақ жаза­сыз қалған. Мүмкін ұрлық жасаған, мүмкін көшеде адам тонаған деген сияқты. Жаза қолда­нылмаған соң олар қылмыс ауқымын да ұлғайта береді. Біз сөйлескен қылмыскер­лердің көбі кішкентай қыздарды зорлап, сосын өлтіріп тастаған.


– Зорланған қыздың мінезі, психоло­гиясы қалай өзгереді? Көбі осындай ауыр жағдайдан соң баяғы қалыпқа келе ала ма?

– Зорланғаннан кейін әйелдің бойында ер адамға деген сенім дең­гейі тым төмен түсіп кетеді. Оны же­ңу, ұмыту немесе кө­ңілін алдан­дыру қиынға түседі. Сондықтан сон­дай жағдайға ұшыраған қыздың ата-анасы мен туыстары оның сана­сындағы жараның өмір бойы жазыл­майтынын ұмыт­пауы керек. Яғни, айналасындағы адамдар оны кінәлай бермеу керек. «Сен сол күні туған күн кешіне бармағаныңда...», «сен сол күні құрбыңмен кездеспегенде...» деп айыптай беруге болмайды. Бұл қызға өте ауыр тиеді. Ондай қыз­дар­мен мүмкіндігінше психологтың жұмыс істегені дұрыс. Сондай ауыр жағдайдан кейін қыз мүлде күйеуге шыққысы келмей, бала туғысы кел­мей қа­луы мүмкін. Стресс организм­дегі көптеген жасушаларды өлтіреді. Бұл өз кезегінде иммунды, эндок­рин­ді жүйенің бұзылуына әкеліп со­ғады. Бізде зорлыққа ұшыраған қыз­дардың көбі 25 жасқа жетпей көз жұ­мады. Көбі жатыр рагына, сүт безі рагына ұшырайды. Біз жүргізген сауалнама бо­йынша 200 әйелдің 25 пайызы жыныстық зорлықтан соң онкологиялық ауруға шал­дыққан. Еуропада жыныстық зорлық азаптау, қинау ісіне теңестірілген. Ал бізде қыздардың диагнозына жарақаттан кейінгі синдром деп жазып бере салады. Мұның соңы депрессияға, қатты арықтауға, суи­цид­ке әкеліп соғып жатады. Тіпті, сондай ауыр жағдайдан соң бес жыл бойы үйінен шықпай қойған әйелдер де бар. Ал қыл­мыскер болса, 2-3 жыл отырады да, қайта­дан босап шығады. Әйел­дерге осыншама за­лалын, зиянын тигізіп отырған қылмыс­керлерге беріліп жатқан жаза мүлде лайық емес. Жаза, заң әлде де қатайтылуы тиіс. Осындай жағдайдан кейін жыл­дам сауығып, қатарға қосылып кет­кен әйелдер де болады. Мұның бәрі әйелдің төзіміне, мінезіне, денсау­лығына тікелей байланысты.

– Біздің менталитет бойынша көп әйелдер істі жылы жауып қоя салуы мүмкін...

– Одан бұрын бізде «қызға бұлай істеуге болмайды», «қыз сақ жүруі керек», «қыз деген арын сақтау ке­рек» деген сияқты ұғымдарды әбден сіңіріп тастаған. Мұның бәрі әрда­йым қорқыныш болып, қыздың бо­йында тұрып алады. Ол өмір бойы өзін­­дегі сол құндылықтарды қорғай­мын деп арпалысқа түсіп жүреді. Ал ер бала­ларда керісінше. Олар бірден төбелесуге, алыса кетуге, намысын қорғауға дайын тұрады. Яғни, түйсік басқаша. Айтайын дегенім, қыздың санасына әбден кіл «болмайдыны» құйып тастау оның өзін төмен са­на­уына әкеліп соғады. «Мен күйеуім­мен тайталас­паймын, себебі тө­менмін», «бастығыммен ұрыспай­мын, соныкі дұрыс», «мен әлсізбін, нәзікпін» деген сияқты ойлар қа­лыптасады. Сөйтіп жүріп әлгіндей қиын жағдайға ұшырап қалса, жанұ­шы­рып, өмір бойы санада келе жат­қан қорқынышы араласып, жағ­дайға беріле салады. Іс біткеннен ке­йін де ізіне түсуге, мәселені соңы­на дейін жеткізуге құлықты болмайды.

– Бір сөзіңізде зорлық жасаған­дардың суретін желіде, БАҚ-та тарату керек де­діңіз. Бұл істі ашу­ға және зорлық көлемін азайтуға қаншалықты ықпал етпек?

– Жақында ғана Медеуде қыз зорлаған ер адамды алайықшы. Ол осыған дейін екі рет жыныстық зор­лық жасаған екен. Осы жолғысынан соң оның суреті жарияланып, отба­сылық деректері де жария етілді. Ол үйленген, бала-шағалы адам. Өзі туралы ақпарат тарап кеткеннен кейін оның маған бірінші айтқан сөзі: «Енді менің балаларым қалай өмір сүреді?» болды. Міне, осы фак­тор кез келген адам үшін өте ма­ңызды. Яғни, біз зорлықшылардың суретін, олар туралы ақпаратты ашық жариялар болсақ, олар қыл­мысқа барудан тартынушы еді. Өзі істеген кез келген қылмыстың отба­сына, туыстарына зиян келтіретінін білген соң қылмыстан аулақ жүруге тырысады. Ақыры қазіргі заңмен олар­­ды соттап тәубесіне келтіру қиын екен, ендеше осылай істейік. Су­ретін іліп тастайық. Бұл қылмыс көлемі­нің азаюына аз да болса сеп болады.

– Жыныстық зорлыққа көбіне қай жастағы әйелдер ұшырап жатады?

– Дәл мына жас деп айту қиын. Оның арасында 3 жастағы бүлдіршін де бар, 82 жас­тағы әжей де бар. Де­генмен орташа жас – 30-35 жас ша­ма­сындағылар. Сосын кім қысқа, ашық-шашық киініп жүреді, солар ғана зорлыққа тап болады деген де өтірік түсінік. Қаншама істі ашуға қа­тыстым, соның ішінде жәбірлену­шінің бірде бірі қысқа көйлек киме­гендер. Олардың арасында жеті ба­ласы бар әйел де бар, кеше ғана тұр­мысқа шыққан келіншек те бар.

– Әлеуметтік желідегі #НеМол­чи хэш­тегі қоғамдық қор деңгейіне дейін кө­терілді. Қазір бұл қозғалыс туралы біз­дің ел ғана емес, шет мемлекеттер де бі­ле­тін шы­ғар. Олар қалай үн қосып жатыр?

– 2017 жылы Нью-Йоркте Бірік­кен Ұлттар Ұйымының ассамблея­сында сөз сөйлеп, осы қозғалыс ту­ралы, Қазақстан­дағы әйелдер зор­лығы туралы айттым. Ол жақтағы адамдар тіпті қайран қалды. Олар қолдап жатыр. Ал біз осы бағыты­мыздан жа­ңылмауымыз керек. Әйел­дердің оқи­ға­ларын ашық айтып жатқанын пайдаланып, оларға тиісті қолдау көрсету қажет. АҚШ-тан кел­геннен кейін біздің хэштегтің таны­малдығы тіптен арта түсті. Қазір қоз­ғалыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Әлі күнге #НеМолчи хэштегі БҰҰ рейтингінде 5-6 орындарды бермей тұр.

– Ал БҰҰ біздегі сот жүйесі туралы, мұнда істің жәбірле­ну­шінің пайдасына шешілмейтінін біле ме?

– Біз БҰҰ-на ұсынылатын бір­неше баян­дама дайындадық. Одан бөлек, Бейжің плат­формасының 25 жылдығы аясында өзге мем­ле­кет­тердің заң жобалары да қарасты­ры­лады. Міне, сол жерде де біздің баян­дама көпшілік назарына ұсы­нылмақ. БҰҰ сес­сиясына да жібе­рі­леді. Жалпы, Қазақ­стан­дағы жағ­дай да біртіндеп жөнге түсіп келе жатыр. Біз осыған дейін заңдарды өзгерту, қатаңдату туралы өте көп айттық. Әрине, ол сөзіміз Президенттің де құлағына жеткен сыңайлы. Бүгін ғана Үкіметтің ауыр қыл­мыстар үшін заңды қатаңдату бойынша 6 заң жобасын әзірлеп жатқанын білдім. Олар­дың ішінде – сексуалды зорлық, педофилия, әйелдерге қарсы тұр­мыстық зорлық бар екен. Бұл да болса, біз үшін жақсы жаңалық. Жағдайдың реттелуі үшін, тиісті заңның қабылдануы үшін, зорлыққа ұшыраған әйелдердің жанайқайы ел құлағына жету үшін барымызды сала береміз. Біздің қоз­ғалыс еш жер­­ден қаржы­лан­дырылмайды. Өз күшімізбен жұмыс істейміз. Айына, апта­сы­на қаншама тергеу ісіне, сот процесіне ара­ласамыз. Жәбір­ле­нушіге қолдан кел­генше көмек беруге тырысамыз. «НеМол­чиKZ» қоз­ғалысында менен бөлек Алмат Мұхамед­жанов және тағы екі адам жұмыс істейді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Абай АЙМАҒАМБЕТ