Еліміздегі ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу әдістемелері негізінен ескірген, бүгінгі күні бұл мәселе қайта қарауды талап етіп отыр. Nur Otan партиясы жанындағы Бала құқықтарын қорғау республикалық кеңесі осындай қорытынды жасады.
Соңғы жылдары айрықша күтімді қажет ететін, денсаулығында кінәраты бар балалардың саны артып келеді. Статистика деректеріне сүйенсек, республика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты тіркеуге алынған. Бұл мәселе жақында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың халыққа Жолдауында да айтылып, үкіметке ДЦП диагнозы бар жеткіншектерге медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту шараларын жасау тапсырылды. Президент барлық өңір бойынша орташа оңалту орталықтарының желісін салу үшін алдағы үш жылда 58 млрд теңге бөлінетінін айтып отыр. Қаржы көзі қайдан қарастырылатыны да белгілі болды. Дегенмен аталған әлеуметтік салада шешілмеген мәселе көп. Соның бірі – маман дайындау ісі. Балалар үйіндегі бұрынғы кеңестік әдістемелер қазір ескірген. Ерекше қажеттілігі бар балаларға қамқорлық пен күтім заманауи әдістемелерді енгізуді қажет етуде. «Ең алдымен, мына конструктивке назар аудару керек – балалар үйлерінің паллиативтік топтарында балаларды күту бойынша оқытуды ұйымдастырудың қазіргі заманғы стандарттарын әзірлеу қажет. Біз республикадағы осы сала мамандарымен сөйлесіп, пікірлестік. Қазіргі уақыт ондай қажеттілігі бар баланы тез оңалтуды, оның отбасын табуын тезірек іздестіріп, ол істің қоғамдануын жылдамдатсақ дейміз. Бұл қоғам талабы» дейді Nur Otan партиясы жанындағы Бала құқықтарын қорғау республикалық кеңесі төрағасының орынбасары Динара Закиева.
Күні кеше партия жанындағы бала құқықтарын қорғау республикалық кеңестің бастамасымен Қостанай облысы Рудный қаласындағы Сәбилер үйі басшысының міндетін атқарушы Нина Смагина Нұр-Сұлтан қаласындағы «Дом ребенка» мамандандырылған балалар үйіне келіп, әріптестерінің жұмысымен танысты. Елордадағы екі қабаттан тұратын ғимарат жақында күрделі жөндеуден өткізіліпті. Мекеменің директоры, жоғары санатты дәрігер Сәуле Кенжебаева іші-сырты мұнтаздай жарқыраған балалар үйін аралатып, жұмыс барысын және оның нәтижесін көрсетті. 100 орынға есептелген мекемеде жалпы саны 144 қызметкер жұмыс атқарады. Мамандандырылған балалар үйі ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеу кезінде ең озық деген әлемдік тәжірибені басшылыққа алыпты. Қызметкерлер әрбір сәбимен жеке дара жұмыс істеп, ойын сабақтарын өткізу, таза ауада серуендеу секілді жағдайлар жасайды.
Бір байқағанымыз, балалар үйінде Ержігіт, Саян, Ескендір сияқты қазақша есім қойылған сәби саны көп екен. Мекеме қызметкерлерінен білгеніміздей, олардың кейбірінен туа сала ата-анасы бас тартса, кейбір сәбилерге ерекше қажеттілік пен күтім керек. Сол себепті ата-анасы амалсыз арнайы мамандандырылған балалар үйіне өткізуге мәжбүр болады. Ал ондай балалардың күтімін жасауда балалар үйінің қызметкерлерінің еңбегі орасан.
Мәселен, сәбилер үйіндегі 2 жас 7 айға толған Алдияр Ерболұлына жасалып жатқан көмекті көзімізбен көрдік. Дәрігер-педиатр Лидия Демидчиктің айтуынша, ерекше қажеттілігімен туылған сәбиге тек күнделікті күтімнен басқа қолдан келер дәрмен жоқ. «Бұл баланың диагнозы медицина тілімен айтқанда «дан комплекс» деп аталады. Яғни, туа бітті патология. Бас миының дамуы шектелген, қол-аяқ, бір сөзбен айтқанда тірек қимылдарының дамуы шектелген, жетілмеген. Жағдайы өте ауыр. Шетелдік дәрігерлер, ғалымдар да келіп көрді. «Ештеңе істей алмайсыңдар, қолдан келгенше күтіп көріңдер, қанша күнге демі жетсе, сонша күн өмір кешеді» дегенді айтты. Өзім де 30 жылдық жұмыс тәжірибемде мұндай диагнозбен өмірге келген баланы алғаш кезіктіріп отырмын. Қолымыздан келері – күнделікті күтімін жасау. Тамақты құтыға құйып, сұйық күйінде емізік арқылы береміз. Біздің қызметкерлеріміз қолдан келгенін жасап бағуда» дейді Л.Демидчик.
Мұның барлығын өз көзімен көрген Нина Смагина әріптестері қолданып жатқан озық тәжірибелер мен әдістемелерді тезірек жергілікті жерлерге енгізсе деген тілегін жеткізді.
«Әрине, ел астанасындағы балалар үйінің материалдық базасын, жағдайын өңірлермен салыстыруға келмес. Дегенмен бұл тұрғыда біз де қарап жатқан жоқпыз. Жергілікті кәсіпкерлерден қолдаушы іздеп, бюджет ақшасын да тиімді жұмсауға тырысамыз. Әйтсе де, маған ең ұнағаны бұл жердегі мамандардың кәсібилігі. Қызметкерлер әр баламен жеке жұмыс істеуге дағдыланыпты. Елордадағы балалар үйінде әр сәбидің күтіміне жеке жағдай жасалып, жеке бөлмелер қарастырылған және сол бойынша жұмыс істеледі екен. Алдағы уақытта бұл әдістемені мен де өзіміздің балалар үйіне енгізсем деймін» дейді Рудный қаласындағы Сәбилер үйі басшысының міндетін атқарушы Нина Смагина.
Мамандардың айтуынша, бүгінгі күні өңірлердегі балалар үйлері арасында ынтымақтастық орнату өте маңызды. Әсіресе, республикалық маңыздағы қалаларда орналасқан үлкен мекемелер аймақтағы әріптестеріне әлемдік тәжірибені бейімдеудегі өзіндік әдістері мен ерекше тәсілдерін бөлісе алады.
Нұр-Сұлтандағы мамандандырылған балалар үйінің директоры Сәуле Кенжебаеваның айтуынша, баланы тез арада оңталтып, қатарға қосып, әлеуметтендіру ісінде мекеме біршама жетістікке жетіп отыр. «Былтырдың өзінде қызметкерлеріміз 8 баланың денсаулығын жақсартып, олар жаңадан ата-анасын тапты. Қазір балалы болғысы келетін жас отбасы көп. Тәжірибеден байқағанымыз туа бітті кемістігі бар баланың тезірек оңалып кетуіне түрлі әдістемеден бөлек, ата-ананың алақаны, адамның мейірімі де көп көмектеседі» дейді маман.
Бұл әдістің тиімділігін Nur Otan партиясы жанындағы Бала құқықтарын қорғау республикалық кеңесі төрағасының орынбасары Динара Закиева да айтып отыр. Егер тиімді жұмыс жүргізе алсақ, балалар үйіндегі жағдайға қоғам назарын аударамыз. Қоғам назары күшейсе ерекше қажеттіліктері бар балалардың, жетімдердің проблемаларын бірлесіп шешер едік. Бала асырап алушылар қатары да көбейер еді дейді ол.
Динара Закиеваның айтуынша, соңғы уақыттары бұл мәселенің шешімін табу үшін Nur Otan партиясы түбегейлі кірісуді мақсат етіп отыр. Партия жанындағы Бала құқықтарын қорғау республикалық кеңесінің бастамасымен өңірлердегі балалар үйінің қызметкерлерін үлкен қалалардағы орталықтарға тәжірибе алмасуға жіберу, қайта оқыту ісі жалғасын таба бермек.