Егер Үкімет құратын кеңестер экономикаға пайда әкелер болса, оларды күн сайын ыстық бәліштей қаптатып «пісіруге» болады. Бірақ олардан пайда шамалы. Мәжілістің жалпы отырысында Нұрлан Нығматулин халыққа түсінікті осындай қызықты теңеу келтіріп, Үкіметтің қырсыз ісін сынға алды.
Депутаттар жиында Қазақстан мен «Солтүстік инвестициялық банк» арасындағы осы қаржылық ұйымның еліміздегі қызметін реттейтін негіздемелік келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдап, Сенатқа ұзатты.
Бұл құжат отандық инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін республикамызда Солтүстік инвестициялық банктің бөлімшесін ашуға мүмкіндік береді. Скандинавия және Балтық елдерінің аса ірі кредиттік-қаржылық институты саналатын СИБ негізінен энергетика, «жасыл экономика», телекоммуникация, көлік, өнеркәсіптің түрлі салаларын, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау секілді секторларды, шағын және орта бизнес бағыттарын несиелендіреді.
Талқылау барысында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин еліміздің бас экономисінің әлгі аталған бағыттарда келешегінен мол үміт күттіретін қазақстандық жобаларды іздеуде шабандық танытып отырғанын бетіне басты. Әйтпесе, шетелдік инвесторлар келуін келеді, бірақ Қазақстанның оларға ұсынар лайықты жобасы тапшы.
Депутаттар сұрағына жауап берген Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов СИБ қаржыландыруына ұсынылатын нақты жобалар қатарында 5G-ді енгізуді, Түркістан облысында жылыжай салуды, Ақмола облысында ет өңдеу комбинатын тұрғызу жобасын атады. Ал спикердің сумен жабдықтау, көлік, энергетика салаларында қандай жобалар барлығы туралы нақты сауалына министр әзірге жобалардың келіп түспегенін мәлім етті.
– Бұл жобалар қашан пайда болады екен деп күтіп отырудың қажеті жоқ. Ақша бар, ал сіздер күтіп отырасыздар. Базалық министрлік емессіздер ме?! Осы мәселедегі үйлестіруші – сізсіз! Бұл салалардың барлығы маңызды. Бірақ олар дамуы үшін басқа салалық министрліктермен бірлесіп, жобаларды іздеулеріңіз керек, – деп нықтады Н.Нығматулин.
Қарсы айтар уәж таппай қипақтаған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов осындай жұмыс жүргізу үшін Үкімет жанынан инвестициялар тарту жөніндегі үйлестіруші кеңес құрылғанын алға тартты.
«Сол арқылы инвестиция көлемін жалпы ішкі өнімнің 30 пайызына дейін жеткізу міндеті тұр. Бұл ел экономикасының 5 пайыз және одан жоғары өсімін қамтамасыз етуге жол ашады», – деді Р.Дәленов.
Үкіметтегі ең жас, демек ең жігерлі болуға тиісті министрден өзге шенеуніктер талай қайталаған сырғытпа жауапты естіп, көңілі толмаған Мәжіліс төрағасы сын сойылын сілтеуін жалғастырды.
– Егер құрылатын кеңестердің саны экономиканың өсуіне себепкер болса, оларды сіз бен біз күн сайын ыстық бәліштей қаптатып пісірмейміз бе?! Мәселе кеңес құруда емес. Іс жүзінде практикалық қызмет атқаруда, осы салаларға тартылған министрліктердің үйлесімді қимылдап, ұтымды өзара әрекеттесуінде. Күтуді қойыңыздар! Ақша бар, демек оны ел мен экономика игілігіне жаратыңыздар! – деп баса айтты Нұрлан Зайроллаұлы.
Министр Дәленов бұдан былай күтіп, құр қол отырмайтындарына сендірді.
Осы отырыста депутаттар мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша түзетулерді де екінші оқылымда құптап, Сенаттың қарауына жіберді.
Бұдан бөлек, Мәжілістің 5 сессияға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Оның мән-жайына тоқталған Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин палата алдында тұрған жұмыстардың көптігін, оның ішінде, жоспарда парламенттік тыңдаулар, көшпелі отырыстар, конференциялар және басқа да маңызды шаралар қамтылғанын еске салды.
– Ең бастысы, үш фракция мүшелері және ассамблея депутаттары баршамыз бірлесіп, сапалы заң шығару міндетімізді өте жоғары деңгейде атқаруымыз керек! – деп жүктеді палата басшысы.
Сондай-ақ жалпы отырыста Nur Otan партиялық тізімі бойынша сайланған депутат Нұрлан Әлімжанов ант беріп, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамына сайланды.