Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының төртінші турында елордалық «Астана» Көкшетаудың «Оқжетпес» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қаласында өткен ойында «Астана» жанкүйер күткен нәтижеге қол жеткізіп, қарсылас клуб қақпасына жауапсыз екі гол соқты. Бірінші кезеңнің соңғы минутында елордалық футболшы Рунар Мар Сигурьонссон пенальтиден есеп ашты. Ал 80-минутта шабуылшы Дидар Жалмұқан қорытынды есепті белгіледі. Осылайша, «Астана» 10 ұпай жинап, турнир кестесінде екінші орынға көтерілді. Көш басында 15 ұпаймен Алматының «Қайрат» командасы тұр.
Естеріңізге сала кетелік, кеше, 21 тамызда бесінші турда екі ойын өткізілді. Шымкенттің «Ордабасы» клубы Ақтаудың «Каспийін» 1:0, Алматының «Қайраты» Қостанайдың «Тобылын» 3:1 есебімен жеңді.
Бүгін өткізілетін тағы екі ойында «Қызылжар» мен «Шахтер», «Қайсар» мен «Жетісу» командалары кездеседі.