Айтулы аламаннан алтын күтеміз
Айтулы аламаннан алтын күтеміз
5,179
оқылды

Екатеринбургте ерлер арасында бокстан әлем чемпионаты өтіп жатыр (7-22 қыркүйек). Әлем чемпионатына 95 елден 488 спортшы келді. Бұл – жиырмасыншы әлем біріншілігі, бокссүйер қауым үшін кішігірім мереке. Бірақ ӘЧ-2019 Токиода өтетін Олимпиада ойындарына лицензия бермейді. Тіпті боксты Олимпиада бағдарламасынан алып тастау жайында пікір бар.

Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) мен Халықаралық бокс федерациясының (AIBA) қарым-қатынасы шиеленісіп кетті. AIBA тіпті олимпиадалық турнирден, оның ішінде іріктеу турнирін өткізуден шеттетілді. Сол себепті биылғы бокстан Әлем чемпионаты олимпиадаға жол­дама бермейді. Сондай-ақ көрермендер бокс кешін теле­ди­дардан ширек финалдық кез­де­суден бастап та­ма­шалайды. «Екі түйе сүйкенсе, ара­сында шы­­бын өледі» демекші, зия­ны жан­күйерлерге тиіп отыр.

 

БАСТАМА

Күткеніміздей қазақстандық боксшылар жарыс жолын 10 қыр­күйек­тен бастады. 8 қыркүйек күні ашылу салтанаты мен жеребе тарту рәсімі өтті. Мұнда 81 келіге дейінгі салмақта бокстасатын Бек­­зат Нұрдәулетовтің қарсыласы белгілі болды.

Бекзат 10 қыркүйекте оңтүс­тік­­­кореялық Инжи Хонмен қол­­ғап түйістірді. Сауатты бокс көр­сет­кен ол қарсыласын үшінші раунд­та нок­даунға жіберді. Есең­гі­реп қал­ған Инжи жарыс жолын жал­ғас­тырды. Десе де, бабы ке­­­ліс­кен біз­дің жігіт қазылар ал­қа­­сының ше­шімімен келесі ай­на­лым­ға өтті. Нұрдәулетов келесі кезеңде ве­несуэлалық Налек Кор­баймен кездеседі. Инжимен ойын­дағыдай сақ қимылдаса, 1/8-ден көріп қалуы­мыз мүмкін. Бек­заттың сал­мағында әлем чем­­пионы Хулио Ла Крус бар. Жа­рыс жолын 1/16-да бастайтын ол алжирлік Мохамед Хум­ри­мен жұдырықтасады. Сон­дай-ақ Германия чемпионы Ибра­гим Базуев, ирандық Эхсан Руз­бахани, Еуропа ойындарының чем­пионы Лорен Домингес, атал­ған ойынның күміс жүлдегері Бенджамен Уиттакер бар. Не де­генмен Нұрдәулетовке оңай соқ­пайды. 21 жастағы боксшы пси­­хология мен физиканы тең ұста­са, жеңіс тұғырынан көріп қалуымыз мүмкін.

 

ТӘЖІРИБЕ

11 қыркүйекте біразының қар­­сыласы белгілі болды. 52 ке­ліге дейін салмақта Сәкен Би­бо­сынов­тың қарсыласы – моңғо­лиялық Хару Энхмандах. Сәкен әлем чемпионатына барады де­ген ­­де сұрақ туындаған еді. Бап­кер оның Анвар Музапаровты жеңгенін, өз салмақ дәрежесінде қатарының алды екенін айтты. Сәкен Бибосынов – биылғы Пре­зидент кубогының жеңімпазы. 22 жастағы боксшының са­л­ма­ғында сен тұр, мен атайындар көп. Куба­лық Йосвани Вейтиа, ре­­сейлік Василий Егоров, өзбек­стан­дық Ша­хобиддин Зои­ров­тар – өте тә­жі­рибелі. Егер Бибо­сы­нов­тың айы оңынан туса, ши­рек фи­налды көріп қалармыз.  

57 келіге дейінгі салмақ дәре­же­сінде ел намысын Қайрат Ера­­лиев қорғайды. Қайратқа артылар сенім ерекше. Өйткені ол Гамбургте өткен әлем чемпио­на­тында алтыннан алқа таққан. Әлем Қайратқа көз тігіп отыр. Көп­шілік көкейіндегі сұрақ: «Қайрат атағын қорғап қала ма?». Оның қарсыласы – венесуэлалық Йоэль Сегундо Финол Ривас (15 қыркүйек). Өздеріңізге белгілі Ривас Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері. Өте сақ қимылдайтын боксшылардың бірі. Кездесу то­сын сыйларға толы болмақ. Қай­рат Азия чемпионатында, Президент кубогында өзін көр­сете алмады. Бірақ бұл Ералиев­тен үміт үзіңдер деген сөз емес. Қай­раттың кез келген тұста қай­рат көрсете алатыны белгілі. 57 ке­ліге дейін салмақта фаворит – Ласаро Альварес. Көпшілігі кубалық боксшының айы оңынан туады деседі. Ласаро 1/16-да Жан Карлос Кайседомен қолғап түйіс­тіреді. Ералиев Ривастан өтсе, бір бе­лес арта қалар еді. Бабы мен бағы қатар шапса, Қайраттан алтын күтуге болады.


 


Елімізде 63 келіге дейінгі сал­мақ дәрежесінде талантты боксшылар көп. Бірақ биылғы ӘЧ-ге бұл салмақта Закир Са­фиул­­лин аттанды. Закирде әлем чем­пионатының медалі бар. Бұ­рындары ӘЧ-ге қатысқан, бірақ Олимпиада атмосферасын сезінген жоқ. Боксшы осы жолы бапкер сенімін ақтаса, арманы орындалуы мүмкін. Сафиуллин 1/32-де әзірбайжандық Бахтияр Гази­баевті жеңді. Закир үшін­ші айналымда басты фаворит Энди Крус Гомеспен кездесуі мүмкін. Бұл – өте қауіпті. Егер мүлт кетсе, жарыс 1/8-ден аяқ­та­­лады. Сәтті өнер көрсетсе, Са­фиул­линнен медаль күтіңіздер.


СЕНІМ

69 келі – бокстағы Қазақ­стан­ның «жекеменшік» салмағы. Жүсіпов өзіне артылар сенім мен үміт­ті түсінеді деген ойдамыз. Ас­ланбек Шымбергеновтен бә­се­кені жеңіп, ӘЧ-ге жолдама алды. Абылайханның әлем чем­­пионатында атой салар ке­зі келді. ӘЧ асуынан асса, ары қарай Олимпиада таңы ата­ты­нын біледі. Демек, барын салуы керек. Бұл салмақта бәсеке өте жоғары. Басты қарсылас – Ро­ниэ­ль Иглесиас Сотолонго. Куба­­лық боксшыны бұған дейін Шымбергенов бірнеше рет жеңген. Медаль үшін шайқаста Абылайхан Иглесиаспен қолғап түйістіруі мүмкін. Оған дейін бүгінгі бәсекені жеңіп, 16 қыр­күйек­ке жолдама алуы керек.

75 келіге дейінгі салмақта Тұр­сынбай Құлахмет 14 қыр­кү­йек күні чехиялық Милош Бар­дл­мен қолғап түйістіреді. Әлем чемпионаты – Тұрсынбайға берілген мүмкіндік. Ол Әбілхан Аманқұлдан мықты екенін дә­лел­­деу керек. Азия чемпионы аталған салмақ дәрежесінде үздік­тер санатында емес. 75 келіге дейінгі фавориттер – кубалық Арлен Лопес пен италиялық Сальва­торе Каваллеро. Дегенмен Құлмұхаметтен қайрат күтеміз.

91 келіге дейінгі салмақ дәре­жесінде Қазақстан құрамасында Василий Левит бар. Естеріңізде болса, Рио Олимпиадасында көп­­тің қошеметіне ие болған. Та­лант­ты боксшы 15 қыркүйек күні словакиялық Давид Миха­лек­ке қарсы кездесу өткізеді. Жан­күйер мен бапкер Левиттен тек алтын күтеді. Бұл салмақ дәре­­­жесінде қауіпті Кубадан, Ресейден және Өзбекстаннан күтеміз. Өйткені Эрисланди Савон, Муслим Гаджимагомедов, Санжар Тұрсыновтардың бекер келмегені белгілі. Василий әлем чемпионатында сәтті өнер көр­сет­се, Токиода бабы келіскен бокс­шылардың қатарына қосы­лады. Отандасымыз ел артқан сенімді ақтайды деген үміттеміз.

16 қыркүйек күні шаршы алаң­ға 91 келіден жоғары сал­мақ­та Қамшыбек Қоңқабаев шы­ғады. Ол бұл салмақта әлем чем­пионатының күміс жүл­­де­гері атанған. Биыл сәті түс­се, дәрежені еселемек. Басты қарсыласы – өзбекстандық Бахо­дир Жалолов. Көпшілігі бұл бәсекені тамашалауға ынтық. Де­мек, Қамшыбек Қонқабаев барын салса, Қазақстан қоржыны медальға толмақ.


ҚҰРАМА ҚАРЫМЫ ҚАНДАЙ?

Ерлер арасындағы алғашқы ӘЧ 1974 жылы Кубада өтті. Тәуелсіз Қазақстан 1993 жылы Фин­лян­дияда өткен ӘЧ-ге қа­ты­сып, Василий Жиров қола ме­­даль алды. Осылайша, Қа­зақ­стан бокс державасының әлем чем­пионатындағы жолы бас­тал­ды. Әлем біріншілігіндегі медаль қоржыны бойынша Қазақ­стан 40 медальмен 4-орында тұр: 11 алтын, 12 күміс, 17 қола.

Қазақстан үшін 2013 жылы Ал­матыда өткен ӘЧ нәтижелі болды. Жігіттер 4 алтын, 2 кү­міс, 2 қола медаль еншіледі. 2 жыл­да бір болатын дода 2017 жылы Гамбургте өтті. Мырзағали Айт­жанов бастаған боксшылар 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль алды.  

Бокстан Қазақстан құрамасы қауіпті қарсылас. Мұны Өзбек­стан бапкері Тулкин Киличев мойындап отыр. Ол Ресей, Куба, Украина мен Қазақстан құра­ма­сы­мен сақтана шайқасамыз дейді. Бас бапкер Ғалымбек Кенжебаев Ресей, Өзбекстан мен Кубаны күштілер қатарына қосты. АҚШ, Үндістан, Корея боксшыларын мықтыға балады.

Алматы-2013 біріншілігіндегі даңқты құрамнан қазір Қайрат Ера­лиев бар. Көпшілігі боксшыны алтыннан үміттілердің қатарына қосады. Жанкүйерлер 69 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Абылайхан Жүсіповке сенеді. Әлем чемпионатында ысылып қалған боксшы биыл алтынның ауылын айналып өтпейтін бо­лар. Мұны 1999 жылғы Әлем чемпионы Болат Жұмаділов те растап отыр. Сондай-ақ боксшы ӘЧ-ның жігіттерді аламан алдын­да ширатудың амалы деп біледі. Василий Левитке оңай шағылар жаңғақ жоғын, қорғана жүріп шабуылдаса жеңіс тұғырынан көрінерін айтты. Қамшыбек Қоң­қа­баевты да ұмытпағанымыз аб­зал. Сонымен, құрама 3 алтын алса, ең жоғары нәтиже болады. 2 алтын бұйырса, жап-жақсы көрсеткіш. Өзбекстан бапкері «Әлем чемпионатынан 2 алтынын алумыз керек» деді. Демек, Қазақ­стан боксшылары бел шеше кірі­суі қажет. Күміс пен қоланың да жөні бөлек.  


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ