Карантин: Жарты жылдай Үндістанда қалып қойған қазақстандық елге оралды
Карантин: Жарты жылдай Үндістанда қалып қойған қазақстандық елге оралды
фото: ашық дереккөз
Шығысқазақстандық Евгений Колесников жарты жылдай Үндістанда қалып қойды, деп хабарлайды «Хабар 24». Шетелге емделуге барған ол карантинге тап болып, елге орала алмай қалған. Ақыр соңында ақшасы да таусылып, тілі, діні бөлек елде өз күнін өзі көруге мәжбүр болған. Глубокое ауданы Перевальное ауылының тұрғыны Евгений Колесников өткен жылдың қараша айында Үндістанның рухани орталықтарының бірі саналатын Маяпурға емделуге барады. Наурыз айында елге қайтуды жоспарлайды. Алайда, сол елді мекенде шілдеге дейін қалуға тура келген. Өйткені әлемді жайлаған індетке орай карантин басталып кеткен еді. Сөйтіп, сапарынан жаңылған азамат жат елде күн көруге мәжбүр болған. «Ол жақта соншалықты көп болам деп жоспарлаған жоқпын ғой, сондықтан қаражатым таусылды. Банктер жабық.Тығырыққа тірелген соң бос отырмай жұмыс іздеуге кірістім. Ол жерде 1 мыңнан астам ғибадатхана бар еді. Сонда түрлі қызметтер атқардым. Бірінде су құбырын, екіншісініде тұрмыстық техника жөндеп, нәпақа таптым. Сонымен қатар орыс тілін білетіндермен «Маяпур жаңалықтары» деген ортақ чат құрып, бір-бірімізге көмек, кеңес беріп тұрдық», - дейді Евгений Колесников. Осы аралықта Евгенийдің анасы оны елге қайтарып алу үшін тиісті органдарға жүгінген. «Әкімдікке барып, сондағы мамандар жол сілтеді. Облыстық туризм басқармасына шығып,олар ары қарай елшілікке хабарласты. Сөйтіп, елшілік өкілдері ұлымды Қазақстанға тегін жеткізіп берді. Басынан аяғына дейін өздері бақылап тұрды. Қуанышымда шек болмады. Сол үшін барлығына алғысымды білдіремін», - Перевальное ауылының тұрғыны Надежда Гейнц.