Дархан даланың дара тұлғасы
Дархан даланың дара тұлғасы
1,160
оқылды

Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің «Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық ор­талығында» Қазақ КСР Ғы­лым ака­де­мия­сын ұйым­дас­тырушы және оның тұңғыш пре­зиденті, Қа­зақ КСР акаде­мия­сының академигі, Кеңес Одағының және Қа­зақ­стан­ның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қа­зақ­тан шық­қан тұңғыш академик – Қа­ныш Сәтбаевтың 120 жыл­­дық мерейтойына арналған «Қ.Сәтбаев – ғылым мен мә­де­­ниетіміздің ұлы тұлғасы» ат­ты көрменің ашылу салтанаты сәті өтті.

Көрменің мақсаты – ұлы тұл­ғаның ерен еңбегін өскелең ұр­­паққа дәріптеп, рухани және мә­де­ни құндылықтарды наси­хат­тау.

Көрмеге Қ.Сәтбаев атындағы Баянауыл мемориалдық мұражайы қорынан академиктің жеке зат­та­ры мен марапаттары, минерал жинағы, ғалымның құжаттары мен еңбектері қойылған. Сондай-ақ ғалым­ның өмір жолы мен қыз­ме­тінен сыр шертер фотокөрме де көрменің ажарын аша түскен. Айта кетерлігі, ғалымның жүріп өткен жолы мен қырық жыл­дық еңбегінен сыр шертер көрме қыр­­күйек айының соңына дейін жал­ғасады.

Шараның ашылу салтана­ты­на ғылым саласының майтал­ман­да­ры, тарихшылар мен мектеп оқу­шы­лары қатысты.

«Ертіс-Баян жерінен шыққан айтулы тұлғаның бірі – Қаныш Сәтбаев. Оның өмір жолы – жас ұр­паққа өнеге. Ол дархан да­ры­­ны мен озық тірлік-тынысы ар­қылы бойына заманның тәжі­ри­бесі мен жетістігінің ең құн­ды бөлігін жинады. Біз әрқа­шан туған елін, жер-суын зор ма­­хаббатпен шынайы сүйіп, ел игілігі үшін қырық жылдан астам уақыт аянбай тер төккен Қаныш Имантайұлын құрмет тұтып, қастерлеп жадымызда сақтаймыз. Ұлы ғалымның ұлағатты өмірі мен еліне деген өлшеусіз еңбегін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында өткізіліп отырған бүгінгі маңызды шара үшін академиктің жерлестері атынан алғыс білдіреміз», – деді Қ.Сәтбаев атындағы Баянауыл мемориалдық музейінің директоры Бақыт Кенжеқайырқызы. Ол сондай-ақ Қолжазбалар мен си­рек кітаптар ұлттық орталығына Қ.Сәтбаевтың ғылыми еңбек жи­на­­ғын табыстады.

«Міндетім – байлықты халық игілігіне жарату» деген академик өмірін іздену мен ғылымға арнады. Ол қазақтың сары даласының қаз­ба байлыққа толы екенін дә­лелдеп, оны халық игілігі үшін жа­ратуды көздеді. Қаныш Иман­тай­ұлы геология, тарих және мәдениет саласы бойынша қажыр­лы еңбек етті. Осы саланың әр­қай­сысында оның тайға таңба бас­­қандай айқын ізі бар. Десе де, дәл осы геология, жерді зерттеу Қа­­ныштың басты миссиясы бол­ды. Оның алғашқы зерттеуінің бірі Жезқазғаннан бастау алды. Қа­ныш бұл өлкенің жерасты қазба байлығына толы екенін дөп басып тапты. Аймақты зерттеуді кейінге қалдырмау керегін түсінді. Осы бағытта қамданып, тынбай еңбек етті. Ол КСРО Халық шаруа­шы­лы­ғы Жоғарғы Кеңесі алдына Жезқазған рудаларының негізінде жаңа мыс комбинатын салу қажет­тігі мәселесін көтерді. Оның көке­йін­де үлкен Жезқазған туралы идея туындады.

Қ.Имантайұлы қазақ елінің нағыз патриоты болды. Оның әр еңбегі халық игілігі үшін жасалды. Бұл сөзге оның жүректен шыққан ойы дәлел бола алады. «Жеріміздің үсті де, асты да бай. Менің геолог ретін­де борышым – жер астындағы қазбаны табу, оның қорын анықтау. Ал ғалым ретіндегі міндетім – кен байлықтарын халықтың игілігіне жарату» деп Қ.Сәтбаев ерекше сүйіс­­пеншілікпен айтқан-ды.

Қазақтың тұңғыш академигінің ерен еңбегі тәуелсіз елдің ұландары үшін үлгі. Осындай біртуар азамат­тар­дың қызмет жолы жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретіні сөзсіз. Бұл жайында көрмеге келген ғалымдар да атап өтті.

«Көрмені аралап шығып, көп нәрсені есіме алдым. Қаныш өмір­ден ерте озды. Десе де, артына мол мұра қалдырды. Халық үшін еңбек етті. Ол – ғұлама, данышпан. Оның өмірі қиын заманға тұспа-тұс келді. Қ.Имантайұлының ең­б­е­гі мен ғылыми жаңалықтарын бүгінгі жас ұрпақ одан ары жал­ғаст­ырады деп сенемін», – деді эко­­номика ғылымдарының док­то­ры, шығыстанушы Сайлау Батыр­ша­ұлы.

Оның қажырлы еңбегін әлем жұртшылығы мойындады. Мысалы, Ұлыбританияның пре­мьер-министрі Антони Иден: «Кеңес Одағында Қаныш Сәтбаев сын­ды әлемдік тұлғаның туғаны – ға­жап құбылыс» деген. Бұл – оның дара­лығын айқындайтын ерекше теңеу.