Мәдениет және спорт министрлігінің «Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығында» Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик – Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдық мерейтойына арналған «Қ.Сәтбаев – ғылым мен мәдениетіміздің ұлы тұлғасы» атты көрменің ашылу салтанаты сәті өтті.
Көрменің мақсаты – ұлы тұлғаның ерен еңбегін өскелең ұрпаққа дәріптеп, рухани және мәдени құндылықтарды насихаттау.
Көрмеге Қ.Сәтбаев атындағы Баянауыл мемориалдық мұражайы қорынан академиктің жеке заттары мен марапаттары, минерал жинағы, ғалымның құжаттары мен еңбектері қойылған. Сондай-ақ ғалымның өмір жолы мен қызметінен сыр шертер фотокөрме де көрменің ажарын аша түскен. Айта кетерлігі, ғалымның жүріп өткен жолы мен қырық жылдық еңбегінен сыр шертер көрме қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.
Шараның ашылу салтанатына ғылым саласының майталмандары, тарихшылар мен мектеп оқушылары қатысты.
«Ертіс-Баян жерінен шыққан айтулы тұлғаның бірі – Қаныш Сәтбаев. Оның өмір жолы – жас ұрпаққа өнеге. Ол дархан дарыны мен озық тірлік-тынысы арқылы бойына заманның тәжірибесі мен жетістігінің ең құнды бөлігін жинады. Біз әрқашан туған елін, жер-суын зор махаббатпен шынайы сүйіп, ел игілігі үшін қырық жылдан астам уақыт аянбай тер төккен Қаныш Имантайұлын құрмет тұтып, қастерлеп жадымызда сақтаймыз. Ұлы ғалымның ұлағатты өмірі мен еліне деген өлшеусіз еңбегін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында өткізіліп отырған бүгінгі маңызды шара үшін академиктің жерлестері атынан алғыс білдіреміз», – деді Қ.Сәтбаев атындағы Баянауыл мемориалдық музейінің директоры Бақыт Кенжеқайырқызы. Ол сондай-ақ Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығына Қ.Сәтбаевтың ғылыми еңбек жинағын табыстады.
«Міндетім – байлықты халық игілігіне жарату» деген академик өмірін іздену мен ғылымға арнады. Ол қазақтың сары даласының қазба байлыққа толы екенін дәлелдеп, оны халық игілігі үшін жаратуды көздеді. Қаныш Имантайұлы геология, тарих және мәдениет саласы бойынша қажырлы еңбек етті. Осы саланың әрқайсысында оның тайға таңба басқандай айқын ізі бар. Десе де, дәл осы геология, жерді зерттеу Қаныштың басты миссиясы болды. Оның алғашқы зерттеуінің бірі Жезқазғаннан бастау алды. Қаныш бұл өлкенің жерасты қазба байлығына толы екенін дөп басып тапты. Аймақты зерттеуді кейінге қалдырмау керегін түсінді. Осы бағытта қамданып, тынбай еңбек етті. Ол КСРО Халық шаруашылығы Жоғарғы Кеңесі алдына Жезқазған рудаларының негізінде жаңа мыс комбинатын салу қажеттігі мәселесін көтерді. Оның көкейінде үлкен Жезқазған туралы идея туындады.
Қ.Имантайұлы қазақ елінің нағыз патриоты болды. Оның әр еңбегі халық игілігі үшін жасалды. Бұл сөзге оның жүректен шыққан ойы дәлел бола алады. «Жеріміздің үсті де, асты да бай. Менің геолог ретінде борышым – жер астындағы қазбаны табу, оның қорын анықтау. Ал ғалым ретіндегі міндетім – кен байлықтарын халықтың игілігіне жарату» деп Қ.Сәтбаев ерекше сүйіспеншілікпен айтқан-ды.
Қазақтың тұңғыш академигінің ерен еңбегі тәуелсіз елдің ұландары үшін үлгі. Осындай біртуар азаматтардың қызмет жолы жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретіні сөзсіз. Бұл жайында көрмеге келген ғалымдар да атап өтті.
«Көрмені аралап шығып, көп нәрсені есіме алдым. Қаныш өмірден ерте озды. Десе де, артына мол мұра қалдырды. Халық үшін еңбек етті. Ол – ғұлама, данышпан. Оның өмірі қиын заманға тұспа-тұс келді. Қ.Имантайұлының еңбегі мен ғылыми жаңалықтарын бүгінгі жас ұрпақ одан ары жалғастырады деп сенемін», – деді экономика ғылымдарының докторы, шығыстанушы Сайлау Батыршаұлы.
Оның қажырлы еңбегін әлем жұртшылығы мойындады. Мысалы, Ұлыбританияның премьер-министрі Антони Иден: «Кеңес Одағында Қаныш Сәтбаев сынды әлемдік тұлғаның туғаны – ғажап құбылыс» деген. Бұл – оның даралығын айқындайтын ерекше теңеу.